Алматы қаласында үш жүзге жуық кәсіпкерлер 25 жылдан бері айналысқан кәсіптерінен айырылып қалудың алдында тұр. Оған Алматы қалалық сотының қаулысы себеп болмақ. Барахолканың «Рахат» базарында саудамен күн көрген кәсіпкерлер 2019 жылдан бері әділдікке жете алмай келеді. Кезінде қаланың бұрынғы әкімі Бауыржан Бәйбектің шешімімен жерді жалға беру мерзімі тоқтатылған. Жергілікті билік ұзақ жылдан бері саудагерлердің күн көрісіне айналған аумақты түрлі сылтау арқылы тартып алып, өзге компанияға жылдам беріп жіберген. Заңгерлердің сөзінше «ТКМ» ЖШС сауда орнын тартып алып, «Almaty GPS» атты аяқ астынан пайда болған астаналық бір компанияға бере салған.
Бұның себебін «Алматы қаласының әкімдігінің 2016 жылдың 31 науырызындағы №1\110 қаулысына сәйкес басым бөлігі Қарасу өзенінің су қорғау аймағында (зона) және басым бөлігі зират орналасуы санитарлық қорғау аймағында (ҚР ҚНж Е 3.01-01-2002* 5.5)» деп түсіндірген. Зиратқа жақын деп сылтау айтқан әкімдік жерді біржолата жалға беруді тоқтатпай, пайдалану құқығын «Almaty GPS» ЖШС бере салғаны нағыз әділетсіздік, бұл жердежеке тұлғалардың мүддесі тұр деп санайды заңгерлер.
«Сот барысында Бауыржан Байбекті де сотқа тарттық. Бірақ өкінішке орай біздің сот практикамызды білесіздер, мынау судьялар Бауыржан Байбек деген сөзді естісе тітіркеніп кәдімгідей, бір ғана әкімді емес, әкімнің орынбасарын, жер қатынастары басқармасының басшыларын, жер комиссиясыны мүшелерін сотқа шақыруға қорқады.
2019 жылы бір қаулымен «ТКМ» ЖШС-ға уақытша жер пайдалану құқығын ұзатпай, мерзімін тоқтатады да, уақытша жер пайдалану құқығын «Almaty CPS» мекемесіне береді. Бір қаулымен ғана. Бұл заң шеңберінен тыс дүние.
Екіншіден, Жер кодексінің 37 бабына сәйкес, жалға алу шартын кейінгі мерзімге ұзарту туралы мәселе Жер комиссиясында қаралмайды. Жер кодекесінің 37 және 43 баптарына сәйкес, ол әкіммен тікелей қаралуы тиіс. Бірақ, Жер қатынастары басқармасы заңсыз түрде Жер кодексінің 37, 43 баптарын бұза отырып, оны Жер комиссиясының қарауына шығарады. Шындығында, 2017-2020 жыл аралығында 80-ге жуық жерді жалға алу мерзімін кейінге ұзарту мәселесі Жер комиссиясында қаралған. Алматы қаласының 2017-2020 жылдар аралығындағы Жер комиссиясында қаралған барлық арыздар және материалдар қайта қаралып, тексерілуі тиіс.
Үшіншіден, Жер кодексінің 43 бабында нақты жазылған. Егер қандай да бір құрылыс нысанын салатын болса, бұл мәселесі Жер кодексінің 44/1 бабымен реттеледі. Яғни, заңның өзі бұл баппен емес, 44/1 деген баппен берілетінін айтып тұр. Одан кейін инвестициялық жоба бойынша, Жер кодексінің 48 бабымен, жерді сауда-саттықсыз беріп отыр. Бірақ, елімізде инвестициялық жобаларға жер беру ережесі қабылданбаған. Біз құзырлы органдардан, министрліктен арнайы анықтама алдық. Бұл жерде тиісті комитет нақты жауап берді. Инвестициялық жобамен берілетін жер үшін арнайы аумақтық координациялық кеңестің рұқсаты болуы тиіс. Бірақ, Алматы әкімдігі «Almaty CPS-ке» жерді берген кезде координациялық кеңестен өткізбеген, қаралмаған. Ол туралы әкімдіктің өзі тиісті құжаттарын берген. Одан бөлек, инвестициялық жоба үшін жер берудің тиісті ережесі керек. Ондай ереже дайын, бірақ заңмен қабылданбаған, республикалық деңгейде. Демек, әкімдіктер инвест жоба үшін жер беруге құқығы жоқ. Бірақ, Алматы қаласы әкімдігі Жер кодексінің 48 бабы бойынша, инвет жоба үшін жер беріп отыр. Бұл Қазақстан бойынша бірінші жағдай. Оның өзі үлкен дау тудырып отыр», - деді заңгер Бақытжан Базарбек.
Соттан әділдік таппаған заңгерлер Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның баспасөз орталығында баспасөз жиынын өткізіп, Президенттен араша сұрады. «Заң нормалары сақтала ма, құқықтар сот билігімен қорғала ма?» деген сұрақтың жауабын ала алмай жүрген «Рахат» базарының кәсіпкерлері әкімдік пен сот жол беріп отырған заңсыздықтардың мән-жайын қоғам алдында жария ету мүмкіндігін пайдалана отырып қана әділдікке қол жеткізуді көздейтіндіктерін айтты.
«Бұл өз кезегінде Алматы қаласындағы кейбір судялардың әділетсіз шешім шығаруға дайын екенінінің бір дәлелі. Әуелде олардың («Almaty CPS-тің») берген талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Неге? Заң бойынша, «ТКМ» жер учаскесіне өзге тұлғалардың алдындағы артықшылық құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгініп келді. Бұл өз шешімін тапқанша «Almaty CPS» жерді босату туралы талап қоя алмайды. Ол туралы ауданаралық экономикалық соттың судясы Қазымбетова осы шешімге өз бағасын берген. Біздің апеляциялық сот алқасында әкімнің 6 маусым 2019 жылғы «Almaty CPS-ке» жерді беру және ол жер теліміне «ТКМ» ЖШС барлық құқығын айыру туралы» қаулысын заңсыз деп тануды талап етіп, арызымызды жолдағанбыз. Ал мынау судья Абсеметова шығарған қаулыға қарасақ, ол арыз-шағымымыз бойынша шығаратын болашақ қаулының тағдырын алдын-ала шешіп қойған. Сондықтан, судяның шығарған шешімі заңға кереғар, бізге қарсы бірлесіп әрекет етудің құрбаны болып отырмыз. «Рахат» базары орналасқан жерде өзінің сауда орындары бар жеке кәсіпкерлер өз кәсіптері, ондағы мүліктері үшін ай сайын салықтарын төлеп отыр. Олардың ай сайынғы салықтарының өздеріне, жұмыскерлеріне дер кезінде түсуін қадағалап отырған мамандар бар. Сондықтан, «мемлекеттік бюджтке қаражат түспей жатыр», - деген соттың тұжырымы мүлде негізсіз. Біз Бауыржан Байбекті үшінші тұлға ретінде сотқа шақырдық. Өйткені, қаулыға қол қойған – Байбек. Байбектің қол қойған қаулысында қандай заң нормалары бұзылғанына назар аудардық. Ол құжаттардың барлығын көрсетіп, іске қатыстыруға шақырдық. Бірақ, судя Қазымбетова өз ұйғарымымен, өз еркімен Байбекті үшінші тұлғалар қатарынан шығарып тастады. Бұл да заңсыз. Өйткені, азаматтық процестік кодексте ондай норма жоқ. Сот өзі шақыра алады. Ал талапкердің шақырған адамын қатысушылар санатынан шығара алмайды. 300 саудагер, олардың артындағы мыңдаған адам (отбасы мүшелері) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Өйткені ертеңгі күнге деген сенім жоқ. «Almaty CPS» бір күні келіп, «мына жерді түгел босатамыз», - десе, ол нағыз әлеуметтік наразылықтың ордасына айналады. Не болмаса, басқа да арандатушылық әрекеттер болатын болса, оны тоқтататын күш жоқ. Өйткені, жергілікті атқарушы орган барлығын сотқа итеріп, тек бақылаушы болып отыр. Ал сот жергілікті атқару органды ақтап алу үшін барлық амалды жасап отыр», - деп санайды заңгер Жамиля Туленова.
Аяқ астынан пайда бола қалып, жерге таласқан «Almaty CPS» өкілдері базардағы адамдарды айыптаған да еді. Олар «базар санитарлық нормаға сай жұмыс істемейді», «заманауи ғимарат салмаған», «кәсіпкерлерді қайта оқытамыз» деген сынды сан түрлі қарсы уәжі айтқан. Ширек ғасырдан астам уақыт кәсіппен айналысып, осы уақытқа дейін өз күндерін көріп келген саудагерлер «Almaty CPS» қамқорлығына мұқтажы емес екендерін айтып, өздеріне тек тыныштық берулерін сұрады. Ал заманауи сауда кешенін салуға сметалық жоба дайын болсада, әкімдік рұқсат бермей отыр. Бақытжан Базарбектің сөзінше, заңгерлер Жер қатынастары басқармасы, қалалық Сәулет-құрылыс басқармасының әрекетін заңсыз деп тану туралы оншақты талап арызды сотқа берген.
«Біздің талап-арыздарымызды сот бірнеше мәрте қайтарып тастады. Талап-арызымызды беру кезінде-ақ, біз бұл жерде аудандық деңгейдегі соттар Алматы қаласы әкімдігіне толығымен тәуелді екенін байқағанбыз. Соттың тәуелсіздігі деген ұғымға Алматыны келтіре алмаймыз. Біз іс барысында бұрынғы әкімді, әкімнің орынбасарларын, Жер комиссиясының мүшелерін т.б. шақырғанбыз. Ал судялар оларды барынша арашалап отыруға тырысты. Әрине, қорқады. Себебі Жер комисссиясының мүшесі егер сұраққа алынса, сот барысында қандай сұрақтар қойылатынын олар біледі. Ертең қандай былықтар шыға келетінін олар жақсы түсінеді. Сондықтан да судьялар біздің талаптарымызды қанағаттандырмауға тырысқан. Соттағы былықтар туралы да айту керек. Соттар істің артында әкімдік тұрғанын білсе, сол сәттен бастап сот төрелігі аяқталады. Әкімдік жүз жерден Жер кодексінің баптарын өрескел бұзса да, тіпті өтірік заңмен жер берген күннің өзінде екінші тарап әкімдік немесе әкімдік басқармалары болса, соттар төрелігі жүрмей қалады. Мүмкін Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау жақтарда соттар тәуелсіз шығар. Бірақ, Алматы қаласында соттар әкімдікке тәуелді. Соттар дәлелдемелерді қабылдамай, істі барынша қысқартуға немесе әкімдік пайдасына шешім шығаруға тырысады. Тәуелсіз сарапшы, заңгер ретінде Алматы соттарындағы былықты басқаша түсіндіре алмаймын», - деді ҚР Үкіметтік жер комиссиясының мүшесі Бақытжан Базарбек.
Қаланың қазіргі билігі «Рахат» базарының орнына жиһаз саламыз деген «Almaty CPS» компаниясына индустриялды аймақтан аумағы кең жерді де ұсынған. Бірақ олар бұл ұсыныстан үзілді кесілді бас тартқан. Жеке мүдделі тұлғалар мен үш жүзге жуық кәсіпкердің арасындағы тартыстың тағы қанша уақытқа созылатыны белгісіз. «Еститін» мемлекеттің құлағы «Almaty CPS» пен «Рахат» базарынан нәпақасын тауып отырған халықтың қайсысын жақтарын алдағы уақыт көрсетеді.