Бейсенбі күні астанада жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жиында жер шаруашылығы төңірегіндегі кейбір мәселелер мен 2016 жылғы жалпыхалықтық жер дауынан кейін кодекске енгізілген мораторий шарттары сөз болды.
80 мүшесі бар комиссияның төраға орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, мораторий шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдауға және жарғылық капиталында шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салады.
Омаров шетелдіктер бойынша мәселе шешілгенін, енді мораторийға қатысты кейбір мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдану қажеттігін алға тартты.
Шешілмеген мәселелер мыналар:
- Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жеке меншікке беру,
- Жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мәселесі.
Министрдің айтуынша, 2003 жылдан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке сатып алуға не 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіндік берілген. 2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алынып тасталған.
«Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50%-ы мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жеке меншікке сатып алуға міндетті болды.,. Бұл түзетулерге 2016 жылы мемлекет басшысының жарлығымен мораторий енгізіліп, тиісті заң қабылданды» деді министр.
Сенат депутаты, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев «ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке берілмеуі тиіс» деген ұсыныс айтты. «Бұл ең бастысы геосаяси ахуалмен байланысты» деді ол.
Мұхтар Тайжан «азаматтық беру тәртібін қатаңдату керек» деп санайды. Тіпті Қазақстан азаматы атанғысы кегендер шетелдік тәжірибе негізінде 5 жыл тұру міндеті айтылды.
«Ауыл шаруашылыққа арналған ірі көлемдегі жер ешкімге берілмеуі керек. Тағы бір мәселе, жер – мемлекет меншілігі болғндықтан, жер кадастры, яғни жерге иелік етуші, кімнің қолында екені жайлы ақпарат ашық болуы қажет. Ауыл-аймақтағы бар жерді иеленіп отырған, ауылдастарына пай үлесін де бермей отырғандардың біржақты келісімшарттарының күшін жою маңызды. Ғарыштық мониторинг тұрақты түрде және республикалық деңгейде жүргізілгені жөн. Субарендаға жол берсек, халық оған қол жеткізе алмай қалады. Әкім қолымен жер үлестіріп, көзімен өзін бақыламауы қажет», – деді Тайжан.
Ғарыш геотүсірілімдері туралы Сапархан Омаров пен Мұхтар Тайжан сөз қағыстырып қалды. Бірақ сөзге Ералы Тоғжан араласты.
Жер саласы заңгері Бақытжан Базарбек жер құқықтық қатынастарындағы сыбайлас жемқорлық жөнінде өткір мәселелерді көтерді. Жер кодексінің 97-бабында ауыл шаруашылық жерлері нысаналы мақсатын ауыстырудың салдарынан түрлі құрылыс алаңына айналып жатқанына алаңдады. Оның айтуынша, шаруа қожалығының бағбандыққа қажетті нысандар және саяжай тәрізді қандайда бір ғимарат тұрғызуы шектелмеген.
«Кодекстің олқы тұсын орайына пайдаланған әкімдер Алматы, Шымкент қалалары мен астана маңында жердің нысаналы мақсатын ауыстырып отыр. Комиссия аясында осындай жолмен жерге түрлі құрылыс салуды тыятын өзгеріс енгізуді ұсынамын», – жер құқығы сарапшысы Базарбек.
Ол жерден дәмелі тараптардың жобасын инвестициялық екенін тану үшін арнайы ереже қабылдау, жерді үлестіру кезінде мүдделер қақтығысы жол бермес үшін 43-бапқа өзгеріс енгізу, жеке тұрғын үйге қажетті жермен қамту үшін инженерлендіруге бизнесті тарту, пай-үлесін жекелеген компанияға берген азаматтардың пікірінсіз банктерге кепілге қоюды тоқтату, конкурс талаптарын «формалистік» сипаттан арылтып, шынайы ету, жерге кезекке тұрғандар мен жерді иеленушілердің дерегін ашық жариялау сияқты өзекті мәселелер Жер кодексінің жаңа редакциясында ескерілуін сұрады.
Қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев латифундистердің үлесін кемітіп, қарапайым әр шаруаға 500 гектардан жер беруді ұсынды. Мұрат Әбенов «әкімдердің жерді өзі бөліп, өзі бақылауы сыбайлас жемқорлыққа алып келетініне» қайта тоқталып, Антикорды араласуға шақырды. Нұр Отан мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «ауыл шарушылығы саласында қабылданған заңдар мен құқықтық құжаттардың неліктен іске аспай жатыр деген сауал бойынша арнайы кәсіби талдау» жүргізу керегін айтады. Сонымен қатар, саясаттанушы Расул Жұмалы Ресейге полигон мақсатында жалға берілген 8,6 млн га аумақтағы жердің мәселесін жөнге келтіру және әр қазақстандыққа 10 соттық жер телімін беру мәселесіне тоқталды. Заң жүзінде кепілдендірілген үлес жер жайлы Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылық институтының директоры, саясаткер Марат Башимов та сөз етті. «10 сотық жер телімі бойынша Кодексте жазылған. Ұнай ма, ұнамай ма, инфроқұрылым дайын ба, дайын емес пе – беру керек, ол – Кодекс нормасы» деді ол.
Комиссия құрамына желтоқсаншылар, тарихшылар мен 2016 жылы жер мәселесін көтерген белсенділердің енбеу себебі сұралды. «Алаш жолы» жалпыхалықтық-республикалық қозғалысының өкілі Айдын Егеубай жұмыс тобының «шынайы» әрекет етуін талап етті.
Комиссия вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аралас форматты өтті. 44 адам өңірлерден онлайн түрде қашықтан байланысса, 30 шақты мүше жиынға қатысты. Әр сенбі комиссия отырысы Жер кодексінің жаңа нұсқасын талқылап, толықтыратын болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн көрсетілді.