Осы айдың басында 15 жыл бойғы абақты жазасынан кейін шартты түрде босатылған диссидент ақын, белсенді Арон Атабек реанимацияға түскені хабарланды. Бұл туралы Азаттық радиосына Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нутышева мәлімдеген.
Белсендінің туысы оның денсаулығы өткен аптаның соңына қарай нашарлап, жедел жәрдеммен жеке клиникаға жатқызылғанын хабарлаған.
«Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте ештеңеге шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. «Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба» деп едім. Ауруы жанына батса керек, «иә» деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды», – деген Рәзия Нутышева Азаттық тілшісіне айтқан сөзінде.
Ақпаратқа қарағанда, Арон Атабек қазір жасанды аппараттың көмегімен тыныстап жатыр. Ауруханаға келгеннен кейін «жағдайы сәл де болса оңалған». Сонда «есін жиып, өз-өзіне келгеннен кейін қайта үйге барғысы келіп отыр» дейді. Тәртіп бойынша реанимация бөліміне дәрігерлер ешкімді кіргізбейді. Сол себепті қарындасы бауырының жағдайын дәрігерлер арқылы біліп отырғанын айтты.
2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған, өзін «жазықсыз» екенін айтып, құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған диссидент-ақын Арон Атабекті Павлодар соты 16 жылға жуық уақыттан кейін биыл денсаулық жағдайы нашарлауына байланысты түрмеден босатқан. Биыл азаматтық қоғамның белсендіні дереу босату туралы талабы үдеген соң билік оның сұрауынсыз жазасын шартты түрге ауыстырып, Алматы қаласына бейхабар хәлде ұшақпен жеткізген. Осыған дейін белсендінің түрмеден пневмонияға шалдығып келгені айтылған. Тіпті екі апта бұрын хәлі қиындап ауруханаға түскен.