5 қазанда диссидент әрі ақын Арон Атабектің «тынысы тарылып, жөтел қысып» жедел жәрдеммен Алматыдағы ауруханаға жеткізілген. Бұл жайлы оның жақындары мен белсенділерге байланысқан Азаттық радиосы хабарлады.  

Қазанның 1-іне дейін тәуелсіз құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» ретінде есептеп келген диссидент Арон Атабекте Павлодардағы түрмеден «келмес бұрын жөтел пайда болған». Оны қарсы алған қолдаушылардың бірі Айсұлу Әбубәкірованың (әлеуметтік желіде «Ася Асеткина» деген атпен белгілі) айтуынша, түрмеден жөтеліп келген Атабектің жөтелі бүгін үдей түскен.

Тыныстауы қиындап, жөтелі жиілеген соң Алматыдағы қарындасының үйінде жатқан Атабекке туыстары жедел жәрдем шақыртқан. Бригада дәрігерлері қандағы сатурациясын өлшеп, төмен екенін көріп, бірден ауруханаға алып кеткен.

Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нутушеваның Азаттық радиосына берген пікіріне қарағанда, ақынның өкпесі тарылған, «жөтелуге әлі жоқ». Оның айтуынша, ағасының дерті коронавирусқа ұқсамайды, бірақ «өкпесіне су жиналған сияқты». Жедел жәрдем дәрігерлері Атабектің жағдайы ауыр деп, оны оттегі аппаратына қосқан.

16 жылға жуық қапаста болған Арон Атабек өзінің жазықсыз айыпталғанын айтады. Құқық қорғаушылар да оны «ар-ождан тұтқыны» ретінде «сотталуының саяси астары бар» деп есептейді. Ұзақ жылдар бойы жалғызкісілік абақтыда «түрлі азаптауға ұшырадым» деген Атабектің денсаулығы қатты нашарлауына байланысты әрі азаматтық қоғамның табанды талабынан кейін Қазақстан билігі 1 қазан күні шартты түрде мерзімінен бұрын босатқан. Ол «нақақ сотталған» өзін толық ақтап, өтемақы төлеуді талап етеді. Алматыға келген күні 68 жастағы диссидент ауруханадан әуежайға «алдап жеткізген» билікті сынаған.

Арон Атабек 2006 жылы Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, полицейдің өліміне әкеп соққан тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп айыпталған. Кейінгі  жылдары құқық қорғаушылар 68 жастағы диссиденттің денсаулығының нашарлауына алаңдап, дереу босату туралы бастама көтерген. Биыл тамыз айында Атабекпен түрмеде кездескеннен кейін Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары ақынның жағдайы мүшкіл екенін хабарлаған еді.

The Qazaq Times