Бірнеше ай бойы Алматыдағы Қытай елшілігі алдында Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген бір топ адам 21 қыркүйек күні астанада наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады. 

Басылымның жазуынша, сейсенбі күні он шақты адам астанадағы оң жағалаудағы Қытай елшілігіне барған. Бірақ ол жақта полицейлер "ғимаратта ешкім жоғын, елшіліктің ескі ғимаратына баруға" кеңес берген.

Гүлбаран Өмірәлі есімді Алматы тұрғыны Азаттық тілшісіне бауырының ұлы Азамат Айболатұлының Қытайда "жазықтан-жазықсыз" қамалғанын айтып, туысын босатуды талап етіп келіп тұрғанын айтты.

«Ол Іле Қазақ облысы, Қорғас ауданы, Сарыбұлақ ауданында тұрады. Бұл бала 13 жасында жазғы демалыс кезінде (ол кез Қытайдың дінге жол берген кезі – Г.Ө) екі ай намаз үйренгені үшін, бір ауылдың молдасын ұстап, сол молданы ұрып-соғып мойындатып, менің балам бастаған бір топ бала жазықсыз сотталып отыр. Бауырымның жалғыз баласы. Бауырым аурушаң болды. Ол жерде арыздануға құқығың жоқ. Арыздансаң, алып кетеді. Сол үшін мен Қазақстанда бауырымның баласы жазықсыз екенін және 2016 жылдан бері ұсталғандардың бәрінің жазықсыз екенін айтып, арызданып жүрмін. Бауырымның баласын шапшаң босатсын» деді Гүлбаран Өмірәлі.

Наразылар талаптары орындалмаса, елшілік алдында қонатынын жеткізді. «Осында жатамыз, қонамыз. Мейлі, үсіп өлерміз» деді олар.
2018 жылдан бері халықаралық қауымдастықта Қытай билігінің түркітілдес мұсылман ұлттардың азаматтарын қудалап, қысым көрестіп жатқаны жайлы дау туып, Бейжің сынға іліккен. Туыс-жақыны Қытайда қалған қазақстандықтар сол кездегі Қазақстан президенті Назарбаевтан араша болуға көмек те сұраған.  БҰҰ Адам құқығы комитеті сол жылы тамызда Қытай билігінің ұйғыр, қазақ сияқты байырғы ұлттар арасында бір миллион адамды «саяси үйрену» лагеріне жібергенін мәлімдеді. Ресми Бейжің бұл айыптарды мойындамай, ол лагерьлерді «экстремизммен күрес аясында құрылған кәсіп үйрену орталықтары» деп атаған.

65 жастағы Халида Ақытхан Қытай билігінен үш ұлы мен келін-немерелерін Қазақстанға жіберуін сұрайды. Осы талаппен қысы-жазы консулдық алдында. 16 қыркүйек 2021 жыл. Алматы қаласы, Медеу ауданы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Мұсылман халықтарды діні мен ұлтына бола дискриминациялауды сынаған елдер қатары көбейіп, АҚШ-Еуроодақ санкция тетігін қолға алып, Канада, Ұлыбритания үкіметтерімен бірге Шыңжаңдағы қысымды «геноцид» деп таныды. Дегенмен осыншалық халықаралық қысымға қарамай Қытай қудалауды тоқтатпаған.

Былтыр күзде Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) Қытайда мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40%-ға артып, 380-ге жеткенін мәлімдеген. Қытай ақтау әрекетінде бес жылда (2014-2019 ж.ж.) оқу лагерьлерінде 7,7 млн шыңжаңдық білім алғанын хабарлаған.

Қазақстан билігі қысым-қудалауға түскен қандастардың жағдайы туралы туыстарының (Қазақстан азаматы саналатын – QT) жүздеген арызына қарамастан мұны «Қытайдың ішкі шаруасы» деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар мұны «Еститін Үкіметтің» (Қазақстанның – QT) экономикалық-инвестициялық мүддені қандастар өмір-құқығынан жоғары қойғанын аңғартады деп топшылайды.