Қызметі барысында Қазақстанның заманауи тарихындағы ең ірі екі бірдей төтенше жағдай болған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев оқ-дәрілерді сақтауға арналған екі базаның құрылысын тездетуді тапсырды. Екі қойманы 2024 жылға дейін саламыз деген Қорғаныс министрлігінің сылбыр жоспары Жамбыл облысындағы жойқын жарылысқа төтеп бере алмады.
«Бұл нысандардың құрылысы 2019 жылғы ҚР Қарулы Күштерінде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіру бойынша кешенді жоспарда қарастырылған», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство дерегінше, нысандардың құрылысы оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтаудың барлық жағдайларын ескере отырып ұйымдастырылған. Бұдан өзге, күзеттің техникалық мүмкіндігі, бейнебақылау және автоматты өрт сөндіру жүйелері көзделген. Салынғалы жатқан қоймалар 2020 жылы жетілдірілген заңнамаға сәйкес елді мекендерден қашық орналаспақ.
Қорғаныс министрлігі Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан бір жыл өткеннен кейін, былтыр тамыз айында президент Тоқаевқа «оқ-дәрілер қауіпсіз қоймаларда сақталады және халыққа қауіп төндірмейді» деп мәлімдеген еді.
Сол кезде Тоқаев ағынан жарылып, мойына жауапкершілік арқалған. Ол оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салуды тапсырған. Стратегиялық маңызды екі нысанның елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескерткен.
«Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады», – деген президент.
Ермекбаевтың бұл есебінен сәл бұрын, 2020 жылғы маусым айында қоғаныс вице-министрі Бақыт Құрманбаев сол жылы-ақ екі бірдей заманауи оқ-дәрілер қоймасының құрылысы басталатынын хабарлаған. Ақтөбе және Қарағанды облыстарында кісі аяғы баспас ен далада, елді мекендерден алыс жерлерде қауіпсіздігі өте жоғары нысан ретінде салыну жоспарланып еді.
2020 жылдың мамыр айында Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Түрленген құжат әскери нысандардың орналасу аумағына қойылатын талап-шарттарды күшейткен.
Осыған қарамастан 26 тамызда кешкісін сағат 19.10 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қоймасынан өрт шығып, арты бірнеше дүркін алапат жарылысқа ұласқан. Бірінші жарылыстан кейін қоймадағы жалынды сөндіруге барған қауіпсіздік қызметкерлері екінші дүмпуде қаза тапты. Әзірге марқұмдардың саны тоғызға жетті, ондаған адам жараланып ауруханаға түсті. Жүздеген тұрғын үй-жайын тастап, эвакуация пункттеріне жайғастырылды.
Осыдан екі жыл бұрын, 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймалардың бірінде осыған ұқсас жойқын жарылыс болған. Мыңдаған оқ-дәрі, зарядталмаған снарядтар қарша бораған. Нақтырақ айтқанда, 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған.
Салдарынан бес адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Ондаған әлеуметтік маңызды нысан бүлініп, мыңдаған тұрғын үй зақымданған еді. Ол кезде де 45 мыңнан астам арыстық бас сауғалап қыр асқан. Қаланы қайта қалпына келтіру үшін 56 млрд теңге бөлінді.
Қорғаныс министрлігі редакцияға берген жауап хатында жарылыстан бүтін қалған 32 мың тонна қарудың 20 мың тоннасы көшірілгенін, 12 мың тоннасы 2024 жылға дейін толық көшірілетінін хабарлаған.