Тараздағы қаңтаршыларға қатысты ел арасында «Әруақтар соты» аталып кеткен процестің 60-отырысында судья 9 адамның барлығын айыпты деп таныды. Оның бесеуі марқұм болған, тағы төртеуінің үшеуі бұлтартпау шарасымен изоляторда қамауда, ал біреуі қолхатпен қатысып келген. Соттың соңы дауға айналды.
Бәрін жазықты деп таныған үкім
Жарияланған үкімге сәйкес, залда отырған Марат Бекбауов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен айыпталып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұлтартпау шарасын есепке алғанда, жазаның жартысы өтелген болып танылды. Сот Асхат Ташекеевті ҚК 272-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп таныды, рақымшылық шеңберінде жауапкершіліктен босады. Ғани Керімбаев осы баптың 2-бөлігі негізінде айыпты деп танылып, рақымшылық пен қамаудағы мерзімін ескере отырып, үш жыл мерзімге тағайындалған жаза толық өтелді деп шешілді. Дәл осыған ұқсас айыппен Нұрбол Ережепов жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып дәлелін тапты деген қорытындыға келді. Рақымшылық заңымен және үлгілі тәртібі үшін әуелде көзделген үш жылға бас бостандығын айыру жазасы тоғыз айға қысқарып, шартты түрге ауыстырылды.
Одан өзге бес марқұмға да үкім оқылды. Судья алаңда атылған Ержан Байжанов, Райс Рысбеков, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбаев, Исатай Донбаевтарды Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен айыпты деп таныды. Қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын айтты.
Марқұмдардың туыстары соттың әділетсіз екенін, келіспейтінін мәлімдеді.
Былтыр 23 қарашада басталған сот процесінде бүгінге дейін алпыс отырыс өткізді. Ашық сот процесінде ондаған куә, марқұм және көзі тірі сотталушылардың заңды өкілдері мәлімдеме жасаған. Қаңтар оқиғасы кезінде орталық алаңда жүздеген оқ атқан ІІМ қызметкерлері қару қолданғанын ашық мойындаған. Сотталушылардың қорғау тарабы "тергеушімен байланысы бар күмәнді куәгерлерден" жауап ала алмаған.
27 қаңтарда жарыссөз кезеңі аяқталарда марқұмдардың туыстары прокурорлар – Әділет Үсембаев және Ғани Құрманов айыптау актісімен келіспейтінін және тергеудің әділетсіз жүргенін мәлімдеген. Сотталушылар да соңғы сөзінде жазықсыз істі болғанын айтқан.
Қаңтар айының аяғында мемлекеттік айыптаушылар марқұмдар – Райс Рысбеков, Нұрсұлтан Қуатбаев, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбаев, Исатай Донбаевтарды айыпты деп тануды және қылмыстық жазадан босатуды сұраған. Сонымен қоса, Марат Бекбауов пен Асхат Тәшекеевке – 4 жыл бас бостандығынан айыруды; Нұрбол Ережепов пен Ғани Керімбаевқа – көзделген 3 жыл жазаны рақымшылықпен 9 айға қысқартып, сот залынан босатуды сұраған.
Істі қараған Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы бірнеше рет журналистердің қызметін шектеп, сот залынан қуып шыққан.
Адвокаттар мен құқық қорғаушылар процесті «саяси астары» бар іс деп бағалаған. Қаңтаршылардың қорғау тарабы соттан барлық істі қысқартып, ақтауды сұраған.
Осыған дейін іс ашарда сотталушыларға терроризм айыбы тағылып, кейін дәлел таппай, негізсіз деп танылып, алып тасталған еді. Былтыр марқұмдардың жақындары Астанаға бірнеше мәрте барып, істі тоқтатып, ақтауды талап еткен. Атып өлтірілген бес марқұмның туыстары ҰҚК мен прокуратура органдарының жергілікті қызметкерлері елордаға аттануына түрлі жолмен көп кедергі жасағанын айтқан.