Қытай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирустың шығу тегін екінші рет зерттеу туралы жоспарын «ақылға қонымсыз және ғылымға қайшы» деп айыптады.

Халықаралық ұйымның бас директоры «коронавирустың қайдан шыққанын қайта зерттеу керек және Қытай билігінен ашықтық күтеміз» деп, індеттің зертханадан таралғанын жоққа шығарматынын айтқан болатын. Қытай тарапы өз кезегінде бұл жағдайды саясиландырмай, мәселеге ғылыми тұрғыда қарауды және зерттеуді әлемнің бірнеше аймағы мен елінде жүргізуді ұсынды.

Осы тақырып бойынша мәлімдеме жасаған ҚХР Денсаулық сақтау комитеті басшысының орынбасары Цзэнь Исинь: «Уханьдағы Вирусология институтының бірден бір қызметкері немесе аспиранты коронавирустың жаңа типіне шалдыққан емес. Ухань институты коронавирусқа байланысты ешқандай зерттеу жүргізген жоқ. Жасанды вирус деген жоқ. Сонда індет таралатындай зертхана ережесі бұзылды деген қайдан шықты? Бұл пікір қисынға келмейді және ғылымға да кереғар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары өз аяғымен келіп, зерттеу жүргізіп, вирустың зертханадан шығуы мүмкін деген тұжырымды жоққа шығарып кетті. Барлығы Ұйым таңдап алған беделді, тәжірибелі мамандар. Сондықтан екінші рет зерттеу жүргізу керек деген ұсыныс дұрыс емес. Біз ондай жоспарды қабылдай алмаймыз», – деді.

Бірнеше ай бұрын Халықаралық ғалымдар тобы бүкіл әлемге орны толмас зиян келтірген пандемияның пайда болуы мен таралуының көзін анықтау үшін Уханьға барған болатын. Олар қаладағы негізгі нысандарды аралап, жергілікті ғалымдармен, алғашқы пациенттермен және олардың емдеуші дәрігерлерімен әңгімелескен. Алайда, шетелдік басылымдар ДДҰ зерттеу тобы вирустың нақты қайдан шыққанын анықтай алмады дейді.

Қытай билігі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетеміз деп сендіргенмен, күмән көп. Себебі Бейжің 2,1 миллион адамның өмірін қиған вирустың пайда болуын зерттегісі келген халықаралық топтың ұсынысын наразы күйде қабылдаған. Халықаралық ғалымдар тобына қойған талаптары үшін және түрлі болжамды алға тартып, айыптан жалтаруға тырысқаны үшін де Қытай сынға ұшырады.

Наурызда ДДҰ 17 қытай ғалымы мен ұйымдағы 17 сарапшының бірлескен зерттеу нәтижесінде жазылған баяндаманы жариялады. Баяндамада Covid-19 пайда болуының ең ықтимал нұсқасы ретінде популяцияда пайда болған вирус, мутацияланған вирус және басқа жануардан адамға жұққан вирус жайлы айтылады. Алайда, коронавирустың нақты неден тарағаны жайлы ақпарат болған жоқ.

Сонымен қатар ДДҰ сарапшылары вирус Ухань вирусология институтының зертханасынан шықты деген мәліметті жоққа шығарған. Ал өзге шетелдік сарапшылар мен сыншылар ДДҰ сарапшыларының Уханьға 27 күндік сапары кезінде Қытай билігі олардың жұмысына бірнеше рет кедергі келтіріп, негізгі мәліметтерді жасырып қалды дейді. Құжат сыншыларының арасында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де бар.

Ухань вирусология институты 2003 жылы Қытайдан көптеген елдерге таралған SARS пандемиясынан бері жарқанаттар коронавирустарының генетикалық үлгілерінің кең мұрағатын сақтап отыр. Қаланың жаңа бөлігінде орналасқан Хуанань теңіз өнімдері базарында тірі құстардан бастап балық, бауырымен жорғалаушылар, тіптен жабайы аңдарға дейін сатылған. Бірақ 2019 жылы желтоқсанның соңғы апталарында вирустың өршуі туралы ескертулер күшейген кезде дәрігерлер алдымен жаңа заңдылыққа назар аударды – пациенттердің көпшілігі Хуанандағы теңіз өнімдері базарында жұмыс істеген. 31 желтоқсанда Ухань Денсаулық сақтау комиссиясы Бейжіңге алғашқы ресми есепті ұсынды. Келесі күні базар карантинге жабылды.

Базардағы адамдардан да, тірі жануарлардан да алынған COVID-19 сынамалары оң нәтиже бергенін ескеруіміз керек. Алайда Уханьдағы медицина мамандарының айтуынша, адамдар арасында коронавирустың ең бірінші жағдайы індет толық тарамай тұрып төрт апта бұрын анықталған. Қытай үкіметі ресми мәлімет ретінде ұсынған алғашқы дерек 1 желтоқсанда тіркелген.

"The Qazaq Times"