Наурыз айында елде анықталған 16 мың науқастың ширек бөлігі тіркелген Алматы қаласында британ, оңтүстікафрикалық және бразилия штамдары табылды.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлі Алексей Цой 19 наурыз түсте Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Үкімет ДДСҰ-мен бірге Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдістемесін қолға алған.
«Биыл 17 наурызда Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы Алматы қаласындағы науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді. Зерттеу нәтижесі «Британ», «Оңтүстік Африка», «Бразилия» штамдарына ұқсас болжалды мутация анықталды», – деді министр.
Ол бір ай ішінде толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін мутацияның осы штамдарға жатар-жатпасын нақтылауға уәде берді.
«Коронавирустың алдын алу және мутацияны емдеу шаралары қолданыстағы тәсілдерге ұқсас. Бұл маска режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, адам көп жиналатын орындарға бармау, сондай-ақ халықты жаппай вакцинациялау. Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, қазір Қазақстанда қолданылатын Гам-КОВИД-Вак (Спутник V) вакцинасының «Британдық» штамға төтеп беретіні дәлелденген», – деп толықтырды Алексей Цой.
Кейінгі екі жарым аптада бір ғана Алматы қаласында 4 мыңға тарта науқас тіркеліп үлгерді. Қалада наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес жағдай тіркелді, 10-ынан бері бұл сан еселеніп өсуде. Сондай-ақ, сырқаттар көбейген аймақтар қатарында астана (2468) және Алматы (1332), Қарағанды (1177), Ақмола (1129), Павлодар (1100), Батыс Қазақстан (1081) облыстары бар. Осы себепті астана мен Алматыда карантин шарасы күшейтіліп, демалыс күні бірқатар нысандардың жұмысына тыйым салынып, қоғамдық көліктердің графигі шектелді.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан-наурыз айларының алғашқы жартысында науқастар күрт көбейді. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен бейсенбі 954, жұма 1054, сенбіде 1058, жексенбі 1018, осы дүйсенбі 1033, сейсенбі 1139, сәрсенбіде 1236 науқас анықталған.