2020 жылы әлем жаңа қиындыққа тап болды – пандемия әдеттегі өмір сүру салтын айтарлықтай өзгертті. Халықаралық аренада өткен жыл АҚШ-тағы президент сайлауы, Синдзо Абэнің Жапония премьер-министрі қызметінен кетуі, Дональд Трамптың «ғасыр келісімі», Ресей мен Еуроодақ қатынастарының нашарлауы және Еуропадағы террорлық шабуылдардың жаңа толқынымен тарих беттеріне енді. Көп векторлы саясат ұстанатын Қазақстанға да «державалар арасындағы дауда» өзіндік таңдау жасау талабы күшейді.

Оқшауланған әлем

Наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа түрін «пандемия» деп жариялады. Зерттелмеген вирустың таралуын болдырмау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды: наурыздан бастап әлем елдері шекараларды бірінен соң бірі жауып, әуе және теңіз жолаушылар қатынасын тоқтатты. Локдаун енгізіліп, қоғамдық орындардың жұмысы тоқтатылды. Пандемияның жойқын толқыны әлемдік экономикаға ауыр соққы боп тиді: сәуірде мұнай бағасы нөлден төмендеді, әлемдік әуе, туризм, шағын және орта бизнес рекордтық шығынға ұшырады.

Пандемияға байланысты халықаралық іс-шаралар мен форумдар тоқтатылды. Әлем жаңа жағдайға бейімделіп, офлайннан онлайн форматқа көшуге мәжбүр болды. Осылайша, тарихта алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы, «Үлкен жиырмалық», АТЭС, ЕО, БРИКС, ТМД, ҰҚШҰ көшбасшыларының кездесулері виртуалды форматта өтті.

Вирусқа қарсы 200-ден астам вакцина әзірленіп, жеті кандидат вакциналар, соның ішінде ресейлік, қытайлық, Британдық және американдық препараттар клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінен өтті. Әзірге, халықты жаппай вакцинациялау Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Израильде басталды.

Ошағы Қытайдың Ухань провинциясынан басталған коронавирус 80,8 миллион адамға жұққан.

Жыл сайлауы

АҚШ-тағы 2020 жылғы президенттік сайлау дау-жанжалсыз өткен жоқ. Бұл жолы сайлауда қатарынан екі рекорд орнатылды. Біріншісі – сайлаушылар саны. Америкада юиыл сайлаушылар саны соңғы 120 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті: барлығы 160 миллионнан астам адам дауыс берген (халықтың шамамен 67%). Пошта арқылы дауыс беру енгізіліп, көптеген Штаттар сайлау ережелерін жеңілдетті. Нәтижесінде, демократ Джо Байден жеңіске жетті. Бірақ Дональд Трамп пен республикашылар бұл нәтижені мойындаудан бас тартты.

Екінші рекорд – үміткерлердің жасы. Қазіргі президент Трамп 74 жаста, ал Джо Байден 77 жаста. Осылайша, Байден ел тарихындағы ең қарт президент ретінде тізгінді қолға алмақ. Ал вице-президент Камала Харрис – АҚШ тарихында осы лауазымдағы алғашқы әйел.

Қазіргі науқанның тағы бір айырмашылығы – Ақ үйдің бұрынғы қожайыны Барак Обама демократиялық кандидатты қолдады. 14 желтоқсанда сайлаушылар Джозеф Байденнің жеңіске жеткенін ресми түрде хабарлады. 46 президенттің инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді.

Жыл дағдарысы: Ресей-ЕО

2020 жыл Алексей Навальныйға жасалған қастандықпен де есте қалмақ. Бұл жағдайдан кейін Ресей мен ЕО арасындағы қарым-қатынас ушыға түсті. Оппозиционердің улануынан кейін Еуропалық одақ алты ресейлікке және ғылыми институтқа санкциялар енгізді. Қара тізімге енген ресейліктерге ЕО аумағына кіруге тыйым салынды. Ал Ресей Германия мен Францияның бірқатар өкілдеріне қарсы шаралар қабылдады.

Жыл қақтығысы: Діннің саясатқа араласуы

Бұл жыл да діннің саясатқа араласуынсыз өткен жоқ. 18 қазанда Париждің маңында 18 жастағы жергілікті тұрғын сыныпта сөз бостандығын талқылау кезінде Мұхаммед пайғамбарды мазақ еткен суреттерді көрсеткені көшеде тарих профессорын өлтірді. Екі аптадан кейін Францияда жаңа шабуыл орын алды: пышақпен қаруланған ер адам Ниццадағы Нотр-Дам шіркеуіндегі адамдарға шабуыл жасап, үш адамды өлтірді. Сол күні Авиньон, Лион және Парижде полиция тағы бірнеше шабуылдардың алдын алды.

Австрия да террористік шабуылға тап болды. 2 қараша күні кешке Вена орталығындағы атыстан төрт адам қаза тауып, тағы 22 адам жарақат алды. Бұл жағдайлардан кейін Франция президенті Эммануэль Макрон мұсылман елі басшыларына ультиматум жариялады. Ал Еуроодақ Шенген визасының берілу тәртібін қайта қарады.

Жыл келісімі: Brexit https://qazaqtimes.com/article/82452

Ұлыбритания 31 қаңтарда үш жылдан кейін Еуроодақтан шықты. Біріккен Корольдік 47 жыл бірлестік құрамында болды. Бірақ осы уақыт ішінде толық интеграцияға ие болған жоқ: Ұлыбритания өз валютасын сақтап қалды және Шенгенге кірмеді.

25 желтоқсанда біраз уақытқа созылған мәселеге нүкте қойылып, Брюссель мен Лондон ортақ келісімге келді. Енді Ұлыбритания саяси және экономикалық жағынан толықтай тәуелсіз болады.

Жыл жаңалығы: Жапониядағы жаңа үкімет 

Әлемдік саясатағы «тосынсыйдың» бірі – Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің денсаулығына байланысты қызметінен кетуі болды. Абэ жапон саясатының ардагері ретінде тарихта қалды: ол министрлер кабинетін 8 жылға жуық басқаып соғыстан кейін үкімет басқарған шенеуніктерден ұзақ отырды.

Абэден кейін Жапония үкіметінің Бас хатшысы Йошихидэ Суга негізгі либералды-демократиялық партияның жаңа басшысы және премьер-министр боп тағайындалды. Саясаткер Абэнің бағытын ұстануға ниетті екенін айтып, Ресеймен байланысты реттеуге уәде берді.

Жыл шеруі 

Беларусьте 9 тамызда президент сайлауы өтіп, Александр Лукашенко жеңімпаз жарияланған соң, жүздеген мың адам көшеге шығып, сайлау нәтижесі бұрмаланған деп наразылық білдірді. Полицияның шерулерді қатыгездікпен жаншуы наразылықты одан әрі күшейтіп, қарсылық акциялары күн сайын өтіп, бірнеше айға ұласты.

Сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартқан оппозиция өкілі Светлана Тихановская билікпен күрескер есебінде Time журналының «Жыл адамы» номинациясын иеленді.

Жылдың нәтижелі өзгерісі  

Қырғызстанда саяси дағдарыс қазанның басынан бері бірнеше күнге созылды. 6 қазанға қараған түні парламент құрамына енгізілмеген партиялардың жақтастары сайлау қорытындылары бойынша жаппай наразылық шерулерін ұйымдастырып, Ақ үйге басып кірді. Кейіннен ОСК дауыс беру нәтижелерін жарамсыз деп таныды. Ел президенті Сооронбай Жээнбеков, премьер-министр Кубатбек Боронов және парламент спикері Дастан Жұмабеков отставкаға кетті. Жаңа премьер болып Садыр Жапаров сайланды.

10 қаңтарда өтетін Қырғызстандағы президенттік сайлауға қызу дайындық жүріп жатыр.

P.S.

Әрине, мұның барлығы әрине біз байқаған, қоғам қызу талқылаған, елдің есінде қалған оқиғалардың бір сыпырасы ғана. Бұдан бөлек, 2020 жылы

көп векторлы саясат ұстанатын Қазақстанға да «державалар арасындағы дауда» өзіндік таңдау жасау талабы күшейді. Бір ғана мысал, 10 желтоқсанда Мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің жетекшісі Вячеслав Никонов «Қазақстан деген ел болған емес» деген мәлімдемесі. Ол қазіргі Қазақстанның «солтүстігіндегі жері иен жатқан», ал оңтүстігіндегі жерді «кезінде Ресей, Совет одағы сыйға берген» деген. Артынша Дума депутаты Евгений Федоров «Қазақстанмен біртұтас мемлекетті қалпына келтіру» туралы айтқан.

Қазақстан мұндай мәлімдемемен бірінші рет ұшырасып отырған жоқ. Бұған дейін экс-президент, 30 жылдай билік еткен Н.Назарбаевтың кей мәлімдемелері Ресей шенеуніктерінің пікірімен үндес деуге болады. Яғни тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттігі мен шекарасының 1992 жылға дейін болғанын президент Нұрсұлтан Назарбаев кей мәлімдемелерінде жоққа шығарған.

Сонымен, 2020 жылдың басым бөлігі оқшау өмірмен өтті. Әлемдік саясатта жоғарыда айтқан ірі оқиғалар орын алды. Жаһандық мәселелердің қатарында пандемиядан бөлек, миграция мәселесі: босқындар санының артуы және халықтың өзге мемлекеттерге үдере көшуі де бар. Осының бәрі 2020 жылдың елеулі оқиғалары есебінде тарих уақыты қысқарған дәуірдің маңызды өзгерістері болып қалды.

"The Qazaq Times"