Қазақстан халқы былтыр 1,32%-ға немесе 245 мың адамға өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен сәл артық: ұзақ жылдар бойы билік еткен президент де-юре ауысқан 2019 жылы халық саны 1,29%-ға, яғни 236 мың адамға көбейген еді.
Биыл 1 қаңтарға қарай Қазақстан халқының жалпы саны 18 млн 877 мың адамға жетті. Былтыр әдеттегідей елорда өсімі қарқынды жүрді – бір жылда жұрт 4,25%-ға (2019 ж. 5,34% болған – QT) я 48,3 мың адамға қалыңдады. Ресми есепке сенсек, қазір 1 млн 184 мың астаналық бар.
Екінші орында Шымкент қаласы 3,47%-бен (1 млн 074 мың тұрғын), үштікті Алматы 3,14% (1 млн 977 мың тұрғын) көрсеткішпен түйіндеген.
Батыс өңірлері де халық санының өсу қарқыны бойынша жоғары нәтижесін сақтап тұр. Былтыр ел халқы Маңғыстау облысында 2,97%, Атырау облысында 1,83%, Ақтөбе облысында 1,36% және БҚО-да 0,66% - ға өсті.
Алайда өзге алты аймақта халық саны кеміген: СҚО 0,93%, Қостанай 0,46%, ШҚО 0,43% – ға, Ақмола 0,17%, Павлодар 0,15%, Қарағанды облыстары 0,08% теріс мәнді көрсеткен. Мұнда тек СҚО халқы табиғи түрде кемігенін айту керек. Бұл жаңа туған адамның санынан қайтыс болғандар есебі асып түскенін білдіреді. Басқа өңірлерде табиғи өсім байқалады.
Сонымен қоса, әлемдік пандемия себебінен Қазақстаннан кететіндердің көші-қон ағыны айтарлықтай азайған. 2019 жылы 33 мың адам кетсе, былтыр 17,7 мың адам қоныс аударған. Халықтың алдыңғы жылға қарағанда елеулі деңгейде өсуін тап осы миграция ағыныңын тосырқауымен байланыстыруға болады.
Қазақстандағы қала халқының үлесі 59,1% және ауыл халқының үлесі 40,9%-ды көрсеткен. Бұдан қала жұртының 1,93%-ға (2019 жылы 1,83%), ауыл тұрғындарының 0,45%-ға (2019 ж. 0,53%) артқанын аңғаруға болады.
Жоғарыда көрсетілген деректер тек ресми есепке алу негізінде жүргізілетіндектен, шынайы жағдайдың толықтай көрінісі бола алмауы мүмкін екенін ескертеміз. Ешқандай тіркеусіз уақытша келіп қызмет ететін азаматтардың аз еместігін ескерсек, шынайы ахуал өзгеше екенін бағамдау қиын емес.