Биыл Қазақстанда коронавирустан басқа да пневмония, қан айналым жүйесі, тыныс алу органдары аурулары күрт өршіп, кейбірі еселеп өскен. Сарапшылар кемінде 3 млн адам коронавирус жұқтырғанын айтады. Бірақ Үкіметтің ресми статистикасы ондаған есе кем. Мамандар мен дәрігерлер мұның есебіне қалай анықтағанын және биліктің мойындауын назарыңызға ұсынамыз.
Денсаулық сақтау министрлігі The Qazaq Times ақпарат агенттігінің сұрауына берген жауап хатында 2019 және 2020 жылдары тіркелген пневмония жағдайының статистикасы көрсетілген. Ресми есеп бойынша, биыл қаңтар және қазан айлары аралығындағы пневмонияның барлық түрі былтырғы осы уақытқа қарғанда 3,5 есеге өскен (яғни 102 101-ден 357 601-ге артқан). Ең көбі – маусым, шілде, тамыз айларында.
Бұған 1 тамыздан бастап есептеле бастаған «коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония» деп аталатын немесе U07.2 кодымен белгіленетін коронавирус пневмониясының 37 962 науқасын (31 қазандағы дерек – QT) қоса есептесек, жыл басынан бергі есеп 400 мыңға жуықтайды. Былтырға қарағанда 4 есе көп.
ДенМин ұсынған деректе биыл пневмонияның коронавирустан басқа түрлерімен сырқаттанғандардың өсіміне сәйкес қайтыс болғандардың да саны өскені көрінеді. Маусымда 2,2, шілдеде 8,7 есеге...
Сарапшылар мұндай күтпеген өсімнің себебін «коронавирустан» көреді. Швейцариядағы қазақ, дәрігер Серік Тұрсын «пневмонияның аурушаңдық пен өлім көрсеткіші жыл сайын артық-кем 3% шамасында болуы керек, қалыпты жағдайда айырмашылық бұдан жоғары болуы әсте мүмкін емес» дейді. Ол 3-3,5 млн қазақстандықтың сырқаттанғанына сенімді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Қайырғали Көнеев те «пневмониямен ауырғандарды коронавирустың себебінен деп тану керектігін» айтады. Оның есебінше, маусым-шілде айларында ауру өршіп, денсаулық сақтау жүйесі коллапсқа ұшырағандықтан, шамамен 3,7-4,5 млн адам ауырған. Жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев пневмонияның осылай күрт өсуіне «коронавирустың қандайда бір қатысы барын» жоққа шығармайды. Қолда бар мәліметтер негізінде маман «15-20% қазақстандық немесе миллиондаған адам ауырды» дейді.
«Сандж» зерттеу орталығы Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың шынайы есебін анықтау мақсатында 9 мыңнан астам респонденттен сауалнама жүргізген. Статистика методологиясының кәсіби шарттарын қанағаттандыратын зерттеу қорытындысына сәйкес, пандемия басталғалы наурыз-қыркүйек айларының аралығында халықтың 20%-ы немесе 3,8 миллион адам вирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұл ресми есептен 37 есе көп.
Бұл пневмония бұрынғыдан өзгерек
Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзіне қарағанда, коронавирус инфекциясының 15%-ы ауыр жағдайда, 5%-ы реанимацияда өтеді. Ол елдегі «1,5% мөлшеріндегі өлім деңгейіне сай шамамен 4,5 мың адамның өлімі жаңа коронавирустан болғанын» топшылайды. Ал Қайырғали Көнеев есептің бұдан көптігіне әдеттегіден «артық 21 мың өлімнің» негіз болғанын алға тартады. Маманның айтуынша, шілдеде пневмониядан қайтыс болынды делінген 2149 адамның өлімін коронавирус деп қарастыру керек.
Бердіқожаев пневмонияның өршу себептерін өзінше болжайды.
«Алдыңғы қатарлы 30 не 50 елдің тобына енуге ұмтылатын Қазақстанның денсаулық сақтау саласы «мықты» деген атқа лайық болуға тырысудан, екінші жағынан, инфекция жөнінде біліміміздің жеткіліксіздігінен болуы ықтимал. ...Аурушаңдық саны өскен сайын өлім жағдайы да пропорцианал түрде артады. Пневмониямен ауырғандар шілде айында күрт көбейген тұста оттегі мен ауруханада төсек-орын жетіспей, медициналық қызметке жүгіну қиындағандықтан, 1,5% деген орташа көрсеткіштің артуы әбден мүмкін», – дейді дәрігер.
Жаз айында ПТР тестінен анықталмаған, бірақ клиникалық көрінісі коронавирусқа тән науқастарды ковидке қосып есептеу керектігін айтқан ол «коронавирус пневмониясының бактериялды не басқа түрлерінен айырмашылығы – көп мүшелерді зақымдауында» дейді. Сарапшының сипаттауы бойынша, ауру барысы жоғары температурада өтеді. Және антибиотиктермен емдеуге келмейді. Ковидтің кесірінен қабынған өкпе тек симптом-синдромдарды емдейтін терапияға ғана көнеді. «Жай пневмонияларды антибиотик арқылы емдеу жеңіл. Ахауалдың күрделенуіне адамдардың жаппай антибактериалды жолмен емделуі себеп болуы мүмкін» дейді Бердіқожаев.
Тек пневмония ғана емес...
Қазақстанның Ұлттық Экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметінше, «биыл қаңтар-тамыз аралығындағы қайтыс болғандар саны былтырғы осы уақытқа қарағанда 24%-ға (21 470 адамға) артып, 89 511 адамнан 110 981 адамға көбейген».
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының редакцияға берген түсіндірме жауабына қарағанда, биыл қан айналымы жүйесі (18,7%), тыныс алу органдары (63,2%), жұқпалы және паразиттік (2,6 есеге) аурулардан көз жұмғандар еселеп өскен. Бірақ тап осы сырқат түрлерінің өршу себептерін түсіндірмеген.
Бұл аурулардың өлім-жітімінің көбеюіне клиникасы толық зерттеле қоймаған COVID-19 инфекциясының қандайда бір әсері бар-жоғы жөнінде мамандардың ойы ортақ.
– Пневмония, тыныс алу органдары және қан тамырлары жүйесі, жүрек ауруларының барлығын коронавирус есебіне енгізу керек. Себебі аурудың патафизиологиясына қарасақ, коронавирустың кіретін жері – өкпе, қан тамырлары, асқазан мен ішек. Бұл дерт меңдейтін ағза мүшелері, – дейді Серік Тұрсын.
Өкпе-жүрек ауруларының созылмалы түріне шалдыққандарға коронавирус сөзсіз әсер етті деп санайтын Көнеевтің тұжырымдауынша, науқасқа инфекция жұғып ауру асқынбағанда әлдеқайда ұзағырақ өмір сүрер еді. «Сол себепті коронавирусқа қосып есептеу қажет». Қоғамда коронавирус кейсін кеміту жолы – науқастар мен өлім санын «әртүрлі диагнозға телу» арқылы «заңдастыру» деген пікір жиі айтылады. Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары «коронавирустың шынайы таралу көрсеткішін жасырудың» айласы деп есептейді.
Мыңжылқы Бердіқожаев мұның екі себебі болуы мүмкін дейді.
«Аталған диагноздардан қайтыс болғандар саны коронавирус өлімін азайту үшін немесе басқа ауруларға үлестіру мақсатында көбейтілген болуы мүмкін. Екінші себеп, осы аурумен сырқаттанған науқастар жоспарлы не жедел көмекке жете алмай көз жұмып жатты. Оның ішінде жүкті әйелдердің өлімі күрт өсті. Мұны адамдардың ауруханаларға дер кезінде жете алмауынан, тиісті медициналық қызметке қол жеткізе алмауынан».
- «2020 жылдың сегіз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 3834 адамға артып, 20 539 адамнан 24 373 адамға жетті. Бұдан болатын өлім-жітім құрылымында гипертониялық аурудан болатын өлім-жітім 41,2% (2019 ж. сегіз айда – 554, 2020 ж. сегіз айда – 782 адам), ЖИА 12,8% (былтыр – 7362, биыл – 8306 адам), мидың қантамырлық зақымдануы 13,6%-ға (былтыр – 7399, биыл – 8405 адам) өскен.
- 2020 жылдың 8 айында тыныс алу органдарының ауруларынан қайтыс болғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 994 адамға көбейген (былтыр – 11 068, биыл – 18 062 адам).
- 2020 жылдың 8 айында жұқпалы және паразиттік аурулардан қайтыс болғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге немесе 1479 адамға артқан (былтыр – 929, биыл – 2408 адам)», – делінген ресми хабарламада.
Коронавирустың өршу себептері...
Вирус таралар тұста Қытайдың айлап тойлайтын дәстүрлі жаңа жыл мерекесі болғанын еске алған Серік Тұрсын мұны індеттің дүниежүзіне кең тарауына бірден-бір себеп болды дейді.
«Бұл кезде Қазақстан шекараны жапқан жоқ. Сондықтан коронавирус елде негізінен наурызда емес, қаңтардан бастап тарап кеткен. Оларды пневмонияға жатқызды. 13 наурыздан басталады деген атышулы мәлімдеменің нақтылығы ауру едәуір ерте тарағанын көрсетеді. ДДСҰ кодты ақпан айында енгізді. Бірақ Қазақстан коронавирус пневмониясын неліктен тек тамыз айынан бастап есептей бастағаны түсініксіз. Ресми дерекке қарасақ, қаңтар-ақпан айларында пневмония әдеттегіден көп анықталған. Бұл факт», – дейді.
Қазақстан Үкіметі мен пандемияның курсына жауапты модератор-ведомствоның жағдайды шешудегі кәсіби қызметі мен болжауда өрескел қателік жібергенін президент Тоқаев тамызда өткір сынаған. «Маусым-шілде қырғынында» халықтың отандық медицинаға сенімі дағдарысқа ұшырады. Жедел жәрдем қызметіне қолы жетпей, керек дәрі-дәрмегін таппай қиналғандар ауруханаға барудан «жүрексінді». Әркім үйінде өз бетінше емделуге тырысты. Инфодемия өршіп, теріс мағынадағы қастандық теориясы (конспирология) қаптады.
Жаз кезіндегі өлім статистикасының өсуіне тағы бір себеп – «Қазақ Үкіметі шетелден келген көмекті тежеп, дер кезінде жетуіне кедергі жасады». Серік Тұрсын «көпшілік қырылып жатқанда дәрі-дәрмек пен қажетті құралдарды кіргізуді баяулату, қоймада жатып қалуы – қастандық» деп ойлайды.
Желтоқсанда жағдай қалай болады?
Серік Тұрсын Германиядағы 100 мың адамның арасында ауырғандар 50-ден аспаса, карантин енгізілмейтінін дұрыс көреді. Оның пікірінше, Қазақстанда карантинді енгізу шарты айқын емес. Қашан және қандай жағдайда локдаун болатыны туралы критерий нақтыланбаған. «Шектеу шараларын бекітуді жалғыз бас санитар-дәрігердің қолына беру қате, бұл заң шығарушы органмен кеңесіп іске асырылуы керек» деп есептейді.
Қазан айына қарағанда қараша айында індет екпін ала бастады. Қараша айында 15 332 адам ауырған және 148 адам қайтыс болған. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп, 6 мыңға артық. Желтоқсанда жағдай қалай өрбуі мүмкін деген сұраққа Қайырғали Көнеев шілдедегідей жаппай сырқаттану болмайтынын айтады. Аурушаңдық өссе де, – өлім өршімейді деп болжайды.
Дәрігер Көнеев: «Бірінші толқын ауыр болғандықтан, бұл жолы барынша жұмсақ өтеді. Ресей жазғы толқынды жеңіл өткізіп еді, енді қазір медицина саласы ауыр жағдайға тап болды. Бұл халықтың басым бөлігі ауырып шыққанша жалғасатын үрдіс... Қашан сенімді вакцинаға қол жеткенге дейін».
Мыңжылқы Бердіқожаевтың пікірінше, локдаун керек.
«Егер жақында локдаун болса, жағдай баяу өршиді. Егер осы қарқын жалғаса берсе, онда желтоқсанның ортасында қайткенде де локдаун болады. Желтоқсанда 60 мыңдай адам ауыратын сценарий болуы мүмкін», – дейді Бердіқожаев.
Сайда саны, құмда ізі жоқ 709 өлім
9 қараша денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы коронавирус жұқса да жанама-ілеспелі аурулардан қайтыс болған адамның 709-ға жеткенін хабарлаған. Барлық өлімнің 81%-ы тынысалу және қанайналым жүйесі ауруларынан қайтқандарға тиесілі. Қайырғали Көнеев пен Серік Тұрсын коронавирус жұққаны расталған, бірақ өзге аурулардың себебінен қайтыс болды делінетін өлім санатын жалпы есепке қоспауды қате деп бағалайды.
Бірақ Қазақстанның ДенМин-і мұны жалпы статистикаға қоспайды. 709 жағдайға себеп болған ауру түрлері:
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – 332 (47%);
- Қанайналым жүйесінің аурулары – 235 (34%);
- Эндокриндік жүйенің аурулары, тамақтану және алмасу бұзылуы – 34 жағдай (5%);
- Жаңа өскіндер – 32 жағдай (5%);
- Басқа жағдайлар – 76 жағдай (9%).