Қазақстанда енді Covid-19 пандемиясы тудырған эпидемиологиялық ахуалды бағалаудың жаңа крийтерилері енгізіледі. Бұл жайында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева үкімет отырысында мәлімдеді.

Жаңа қосымша бойынша елдегі карантин режимін күшейту R коэффиценті бойынша және науқастарға арналған орындардың бар-жоқтығына қарай анықталады. Осыған дейін үкімет карантин шараларын күшейту не жұмсарту шешімдерін елдегі науқастар санының артып-кемуіне қарай қабылдап келген.

R коэффиценті бір науқастың орта есеппен қанша адамға вирус жұқтыруы мүмкін екендігін көрсетеді. Ләззат Ақтаеваның сөзі бойынша "Егер R көрсеткіші 1,3-тен асса немесе ол 1,15 пен 1,3 аралығында болып, инфекциялық стационарлардың 70-тен астамы бос емес болса, карантин шараларын күшейту керек болады. Немесе стационардағы орындардың 90 пайызы бос емес болса, R-ға қарамастан карантин шаралары күшейтіледі". Карантин шараларының жұмсаруы үшін стационарлардың кем дегенде 50% бос болуы және R коэффицентінің көрсеткіші 1-ге тең болуы керек. Дегенмен, Covid-19 вирусын жұқтырып,ауруханаға түскен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың міндетін атқарушы Ләзат Ақтаева елдегі стационарлардың науқас қабылдауға қаншалықты қауқарлы екені және R көрсеткіші жайында ақпарат бермеді.

Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері Астана мен Алматы қалаларындағы инфекциялық стационарлардың 90-95% бос емес деп мәлімдеген. Сонымен қатар аталған қала тұрғындары короновирус инфекциясына тест тапсырудың да қиын екенін айтып шағымданған.

Астана мен Алматы қалаларындағы блок-бекеттер алынғаннан кейін елде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Ал, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус өзінің шырқау шегіне сәуір айында жетеді деп болжаған еді. Науқастардың көбеюіне байланысты елдегі ауруханалар кейбір ауру белгісі бар адамдарды қабылдай алмайтынын жеткізген. Жуырда денсаулық сақтау шенеуніктері тек жағдайы ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызатынын мойындады.

Елдегі соңғы ресми ақпарат бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 23 960 адамға жеткен, оның ішінде 7609 адамнан инфекция симптомдары байқалмаған. Инфекциядан қайтыс болғандар саны 105 адамға жетіп отыр.

"The Qazaq Times"