Қазақстанда «үндістандық штамға» ұқсайтын вирус мутациясының анықталуына байланысты шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін.
Кеше Денсаулық сақтау министрлігі үндістандық штамға ұқсайтын коронавирустың мутациясы анықталды деп мәлімдеді. Алайда түпкілікті қорытындысы сынақ аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Осыған байланысты премьер-министр Асқар Мамин астанада санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту қажеттігін де айтты.
Ал Денмин Алексей Цой: «Республика аумағында үндістандық штамның айналымы барын ескерсек, эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін жергілікті атқару органдары вакциналау науқанын күшейтіп, халық арасында вакцина мен профилактиканың маңызы жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиіс», – дейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 маусымдағы деректері бойынша SARS-CoV-2 дельта штамы әлемнің 74 елінде анықталған. Коронавирустың үнді штамы басқа түрлеріне қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан 5-6 адамға жұғуы мүмкін.
Үндістанның бас вирусологы Шахид Джамиль: «B.1.617 штамы екі мутацияға ұшыраған. Яғни адамның жасушасына жабысатын вирустың тікен пішінді ақуызы өзгерген» дейді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, B.1.617 штамы Үндістанда алғаш рет былтыр қазанда шыққан. ДДСҰ Үндістан штамын «қызық мутация» деп сипаттап, «бұл штамм екпені айналып өтуі де мүмкін», – дейді.