(жалғасы, басы өткен шығарылымда)
Басқасы басқа-ау, өзіміздің Павлодар, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан т. б. облыстарымыздағы кейбір аудандардағы елді мекен, жер атауларында бірде-бір байырғы қазақ топонимдерінің сақталмай, түгелге жуық өзгеріске ұшырауын қандай заңдылыққа жатқызамыз? Қазақ кеңес әдебиетінің екі бірдей айтулы классигі туған Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснев ауданына қарасты он бір ауылдық кеңес пен қырық екі мекен, село атауынан бір ғана Айымжан селосы болмаса, басқаның бәрі де орысша аталып кеткен. Ал сол жердегі ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан бұрынғы жер-су, елді мекен аттары халық санасынан ұмытылып, тарихи естің өшіп кетуіне әкеліп отыр. Екі классиктің шығармаларында суреттелген бұрынғы елді мекен, жер-су аттарын келешек оқырман жас ұрпақтар енді қайдан іздемек? Мүмкін олар осы аудандағы елді мекен, жер-су аттарының бір кезде тұтастай қазақ тілінде қалыптасқанына күмәнданатын да шығар?
Көкшетау облысының Келлер, Красноармейская, Куйбышев аудандарындағы 162 елді мекен атауларының бірен-сараны болмаса, түгелге жуық орыс тіліндегі атаулармен ауысқан. Бұларға біз колхоз, совхоз, мектеп атауларын қосып отырған жоқпыз. Бір кездерде революционер асқақ ақын Сәкеннің «Көкшетау» деп аталатын атақты поэмасында:
Дүние әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты.
Әлгідей себептермен атаныпты
Шыңдар мен тау ішінде көлдің аты...
Бұл іске Бурабайдың тасы куә,
Оқжетпес, Жұмбақтастың басы куә! –
деп мақтаныш сезіміне бөлене отырып жырлаған атамекен, жер-су атауларының қазір бірлі-жарымы ғана қалған.
Мұндай топонимикалық біржақтылықтың белгісі Павлодар облысының аудандарында да орын алып отырғаны Успенский ауданына қарасты он екі ауылдық кеңес пен қырық елді мекен атауларының тұтас өзгеріп кетуінен айқын көрінеді. Сыңаржақ асыра сілтеудің мұндайлық «классикалық үлгісі» ТМД елдерінің бізден басқа ешқайсысында ұшыраспайды.
Әрбір халық туған жер, атамекен жұртыңдағы топонимикалық атауларды ақын ағамыз Сәкен айтқандай, белгілі бір себептерге байланысты, не тарихи оқиғаларға орай бір рет дүниеге әкеледі де, оны ұрпағына мәңгілікке ескерткіш ретінде қалдырады. Ол атаулар ұрпақ ауысып, жаңа буын жас қауым өмірге келгенде, дәстүрлі жалғастық тауып халықтың тарихи жадыңда таспен қашап жазғандай мәңгі өмір сүре береді. Ал осы мәңгілік топонимикалық қастерлі атау бұзылса, оған төлем жоқ, ол қайта айналып келмейді, жоғалады. Осы себепті венгрлер тәрізді бір себептермен өзгеріп кеткен көне заман төрінен келе жатқан географиялық жер атаулары енді мүлде жоғалып кетпес үшін арнаулы «қызыл кітап» ашып, із-түзсіз өшуге айналған ұлттық топонимикалық атауларды соған тіркеп, тарихын да қоса жазып отыратын кезеңге біз де жетіп қалыппыз. Осы тағылымды дәстүрлі іске асыруға ыждағатты ғылыми даярлық қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Қазақстандағы топонимикалық атауларды әділеттілікпен қалпына келтіру үшін арнайы комиссия құрып, бірқатар топонимикалық атауларды байырғы қалпына келтірді, көптеген орынсыз өзгерістердің күшін жойды. Әрине, бұл арада тарихи ес секілді санадағы аса нәзік те күрделі мәселені тізеге салып, процентке салу тұрғысынан шешуге болмайтынын ерекше ескерген жөн. Өйткені мың есе сақтықпен қаралатын ұлттық мәселеге, яғни соның бір саласы топонимикалық атауларға процентоманияны қолдану, тіпті де болмайды.
Еңдігі жерде топонимикалық атауларды аса зәру қажеттілік туған жағдайда болмаса, жаппай сыпыра өзгеріске ұшыратуды тоқтату қажет, яғни бұл мәселені реттеуге тарихи танымы терең, өз ісіне жетік, азаматтық, интеллектуалдық дәрежесі биік жауапты кісілерден құралған арнайы комиссия ғана өкілетті болуға тиіс. Ұлан-байтақ өлкеміздің тарихи паспорты болып қалыптасқан топонимикалық атаулар халықпен бірге жасасуы керек.
Кім ойлап, кім атаған мұның бәрін,
Әрине, ол періште емес, осы халық, –
деп, ақын тілімен айтылған осы бір аталы пікірде тарихты жасаушы, әрі оның шын қожасы – халық деген терең мағыналы шындық пен таным жатқан жоқ па?
Жоғарыда баяндалып айтылған ой-пікірлерді жинақтай келіп тұжырымдағанда шығатын кейбір ой түрткі ұсыныс-пікірлерді көпшілік талқысына салуды қажет деп білемін. Олар:
- Бүкіл ТМД елдеріндегі сияқты біздің қазақ жеріндегі отаршылдық, тоталитарлық рухтағы елді мекен, жер атаулары да сөзсіз өзгертіледі. Өйткені бұл – уақыт, заман талабы. Бұл іспеттес топонимикалық өзгерістер Венгрияда, Болгарияда, Польшада әлдеқашан болып өтті. Тіпті ең артта қалды деген африкалық мемлекеттер де өз жеріндегі отаршылдық рухтағы елді мекен, жер атауларынан әлдеқашан-ақ құлантаза құтылып, бастапқы тарихи атауларын қалпына келтірді.
- Біздің елімізде бұл процесс қатқан мұздың сеңі тұңғыш рет бұзылғандай енді ғана қозғалысқа түсе бастады. Бұл салада біздің қоғамдық пікірімізге де қозғалыс түсті, өз әрекетін жасауда. Халық еркінен тыс, заңсыз жолмен, яғни зорлық-зомбылықпен қойылған отаршылдық, тоталитарлық топонимдерді өзгертуге ұмтылуда. Бірақ осы пәрменді әрекет үстінде аса бір елеулі өзекті ата дәстүрімізді ұмытып (әрине «жетіскендіктен» ұмытып отырған болармыз), аса ірі елді мекен, жер атауларын, яғни аудан, қала, облыс аттарын жергілікті қайраткерлер мен өнер иелерінің есімдерімен қоюға ұмтылудамыз. Бұл, әрине, ащы да болса айту керек, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи ата дәстүрімізден қол үзген, халықтық тарихи есінен айырылған қалпымызды танытады. Мұндай теріс қылықтан әлі де кеш болмай тұрғанда есімізді жиып, тыйылуымыз керек. Өйткені көне тарихымызда, тіпті революцияға дейінгі ірі жер атаулары жеке кісі атымен аталған емес. Ал жеке кісі атымен аталған жерлердің бәрі де микротопонимдерге жатады. Міне, осы ата дәстүрімізді мықтап ұстанған күнде ғана халықтың тарихи есінің бір көрінісі болған, бірақ жаппай өзгеріске түскен елді мекен, жер атауларын бастапқы халықтық топонимика қалпына түсіре алмақпыз.
- Ал микротопонимдерге, яғни көше, мектеп, колхоз, совхоз, т. б. жеке кісі аттарын қойған кезде, не өзгерткен уақытта ол адамның сол жерге тікелей қатысы, не сіңірген тарихи еңбегі болса ғана беру шешуші межеге айналуы керек. Мысалы, Ленинградтағы Жамбыл көшесін қала тұрғындары бұрынғы атына түсіріп өзгертіп отыр. Бұл көшеге Жамбылдың тікелей қатысы жоқ деп өзгертуіне ренжудің қажеті жоқ, қайта содан үлгі алмағымыз керек сияқты.
- Енді бір ойланып пікір алысатын нәрсе – микротопонимдерге кісі аттарын қойғанда, не оларды өзгерткен кезде оған кісінің фамилиясы, әкесінің аты, өзінің аты тұтас алынбай, тек қана атымен ғана аталған жөн тәрізді. Бұл халқымыздың дәстүріне де сай келеді. Мысалы Бауыржан Момышұлының көшесі, не Мұхтар Әуезов совхозы деп атау әбестік. Өйткені қазақ елі ғасырлар бойы ақынды, батырды, қолбасшыны әкесінің атымен атамайды, керісінше сол кісінің өз атымен ғана атайды. Тіпті осы дәстүрдің жалғастық тауып келе жатқанын абайтану, жамбылтану, сәкентану деген ғылым саласындағы жеке пән атауларынан да көре аламыз. Егер оларды Құнанбаевты тану, не Жабаевты тану десек жабайылық танытқандай сезілер еді.
- Елді мекен, жер атауларына қойылып келген отаршылдық, тоталитарлық рухтағы топонимдерді бастапқы қалпына, яғни халықтық топонимикаға ауыстыру жолында құйтырқы саяси айла амалдар да бой көрсетіп жүр. Оларды батыл өзгертуге «заңды» сияқты болып көрінетін қарсылықтар да туып отыр. Яғни о баста заңсыз жолмен, яғни зорлық-зомбылықпен халықтың еркінен тыс күшпен тізеге басып қойылған отаршылдық, тоталитарлық топонимдерді енді келіп референдуммен, халықтың проценттік санымен шешу керек дейтін заңсыз талаптар пайда болуда. Мысалы, Голощекин атындағы станцияны дауысқа салып, бұрынғы халықтық тарихи атын бермей, оны «Зауралья» деп атау, немесе тарихи қалыптасқан Ақмола атауын қайтару жолында «Сенеді мал басының молдығына» дегендей жат мінез танытқандарды да көрдік.
О баста референдумсыз, процентсіз-ақ күшпен, зорлықпен жергілікті халықпен санаспай-ақ патша әкімдері қойған отаршылдық немесе жеке басқа табыну тұсындағы халық тілегін көзге ілмеген тоталитарлық топонимдер заңсыз деп табылып айыпталып, оларды у-шусыз-ақ қалпына келтіру әділетті болмақ. Өйткені топонимика мәселесі де саяси ұлттық мәселе болғандықтан, ұлт мәселесі референдуммен, процентпен шешілмейтінін ұғынатұғын уақыт жетті емес пе?