Атырау облысы мен Ресейдің Астрахан облыстарының шекарасында жер дауы болып жатыр. Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 14 сәуірде Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталған. Көптоғай ауылының тұрғандары бұған наразы.⠀
"Қазіргі уақытта 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған “Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі” бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылып жатыр. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Шекара аумағында жаңа қоршаулар тұрғызу жұмыстарын "2016" әскери бөлімі жүргізіп жатыр" делінген Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ресми хабарламада.
Qazaq Times Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиевке хабарласты, алайда ол сұрақтарға тек ресми жауап беретінін айтып, жер дауына қатысты барлық ақпарат әкімдікке қарасты Facebook парақшасында жарияланғанын жеткізді.
Құрманғазы ауданы әкімдігінің Facebook парақшасында кеше жарияланған хабарламады әкім шекаралық қоршау жұмыстары бұрын басталуы тиіс екенін, бірақ әртүрлі себептермен жүргізілмей келгенін айтқан.
"Тек биылғы жылдың 14 сәуірінде шекарашылар құрылыс жұмыстарына кірісті. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Сондай-ақ шекара қызметі мен құқық қорғау органдары да жасалып жатқан жұмыстардың заңдылығын түсіндірді" депті Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.
Бұған қоса, әкімдік таратқан хабарламасында Қазақстан шекара қызыметінің түсіндірмесі де бар.
"2013 жылдың мамыр айында орнатылған №23 және №24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар Ресей аумағына қарай 10-70 метрге аралықта орналасқан" делінген әкімдік таратқан Қазақстан шекара қызыметінің түсіндірмесінде.
Әкімдік мәліметінше, Ресей аумағында орналасқан ұзындығы 1800 метр қоршауларды тұрғызу үшін инженерлік жұмыстарды Көптоғай ауылында жүргізіледі.