(жалғасы, басы өткен шығарылымда)
Ильминскийдің тюркологиялық, педагогикалық еңбектерінің бәрі де тек қана миссионерлік мақсатқа бағытталған. Оның тюркологияға қабілеті бар болғанымен, ол бар күш-жігерін, ынтасын миссионерлік жолға салуы себепті де, оның ғылым жолындағы қызметіне әділ баға бере қараған академик Крачковский «...Н. И. Ильминский, выдающийся представитель Казанской школы, блестящий тюрколог-арабист, глубоко увлеченный идеями миссионерства и «просветительной» деятельностью среди «инородцев», не дал ни тюркологии, ни арабистике того что он мог бы дать», – деп қынжыла отырып жазған еді.
Кеңестік дәуірде Ильминский мұрасы да біршама зерттеліп бағаланды. Ол атқарған миссионерлік бағыттағы ағартушылық қызметі теориялық, практикалық жағынан алып қарағанда да, оның шектен шыққан монархистік, отаршылдық пиғылы айқындалып тұрады. Осы себепті де Ильминскийдің қызметі мен еңбегін арнайы түрде зерттеген проф. В. М. Горохов: «...педагоге-миссионере, последовательном руссификаторе, стороннике колонизаторской политики царизма»[1], – деген қорытындыға келген болатын-ды. Осы пікірді тарихшы А. Н. Григорьев те айтып, Ильминскийдің ағарту саласындагы кертартпалық қызметі мен дүниетанымын қатты сынға алған болатын[2]. Ал Ильминский жайында Қазақстан баспасөзінде 1937 жылғы репрессияға дейін кертартпа дүниетанымдағы миссионер ретінде бағаланып келді де, ол туралы шындық ендігі кезде бұрмалана бастады. Өйткені өзінше пікірі бар, әр нәрсеге сын көзімен қарай алатын интеллигенцияның қаймағы бірнеше рет сыпырылып алынған соң, енді Ильминскийге жасанды, шындықтан аулақ, жалған танымдағы бағалар беріле бастады. Тарихи шындықтың түп тамырына бармай-ақ ақты қара, қараны ақ деп көрсету жағы үстем болып, оны асыра бағалау, қолдан озық ойлы қайраткер жасауға ойысып, жабыла мақтай насихаттау жағы бел алып кете барды: тарихшы, педагог, әдебиетші, тілші-ғалымдар Ильминскийге дәл бүгінге дейін сын көзімен қарап, ол жасаған кездегі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайлармен ұштастыра отырып бағалаудан бой тартып келді. Қайта бұларға қарағанда ауыл қариясы марқұм Әбен Сыбанұлының 1963 жылы 25 желтоқсанда көшірілген қолжазбасында[3]: «...кешегі орысқа қарағанымыздан кейін 1865 жылы атақты дін бұзушы Ильминский қазақ арасына шығып, қазақ мұсылман емес, шамани деген дінсіз халық, оларды орыс дініне айналдыру оңай деп үкіметті осы сөзбен нандырған екен... Мінеки, үкіметтің осындай тұтқан жолы қазақ арасын тынышсыздандырып, 1869 жылы қазақтар үкіметтің бұл ісіне наразылық шығара бастады» (39-б.), – деп тарихи шындыққа сай бағасын беріп, көп нәрсенің сырын хабардар етеді. Осымен бірге осы қолжазба көшірмеде патшаның ресми миссионерлік саясатына қарсы қазақ арасында исламиятқа іш бұру арқылы исламшыл қисса-дастаңдардың молыға бастауы; тіпті қазақ тілінің шұбарлану үрдісін де осы құбылыспен байланыстыра қарауы сезіліп тұрады.
Патша үкіметінің ресми шоқындыру саясатына қазақ даласының қай бұрышында болса да, бірде ашық, кейде жасырын түрде қарсылық әрекеттері болған. Мұны, тіпті, миссионерлердің өздері де еңбектерінде атап өтетіні бар.
Патша үкіметінің отаршылдық саясатына оның, әсіресе, рухани жағынан қысып келе жатқан шоқындыру саясатына сескене қарап, зәрін қайтаруға әрекет етіп, ол жайыңда ойланып-толғанған саналы азаматтар қазақ даласының әр жерінде-ақ болған. Осы тұрғыдан қарағанда жазушы Р. Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы»[4] деген мақаласында аса қызықты деректі мағлұматтар келтірілген. Онда Ыбырай Алтынсаринмен шығармашылық қарым-қатынаста болған Мақаш Шолтыұлы (1830-1904) патшаны қазақтарды шоқындыру саясатынан тоқтату мақсатымен киіз үйдің макетін алтыннан жасап сый тартуында көп нәрсенің астарлы сыры жатыр.
Патшаға жолығып, тілегін айтқан Мақаш: «...Артынан бізді шоқыңдырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым. Жауабын хакім арқылы есітесің деді. Екінші жұманың сәрсенбі күні оң тілек тілеп жатқан бізге екі хакім келіп: «Патша саған резиденция салсын деп ақша бөлді» деді. Осымен қайыр-қош айтысты. Өтеғали екеуміздің көңіліміз күпті оралдық», – деп мемлекеттік деңгейде аса маңызды мәселе ретінде қойылып отырған қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру саясатынан патша сыйға қанша риза болса да, райынан қайта алмау сыры тереңде жатыр. Яғни патшалық құрылыс тұрғанда бұл саясаттан қайту болмайтынын ашық көрсетіп тұр.
Қазақ әдебиеті тарихындағы аса бір осал тұсымыз – Ильминский мен Ыбырай Алтынсариннің арақатынасын шыншылдықпен сынай қараудың орнына тарихи шындықты бүркеп, бұрмалап жалған танымның тұтқынында қалып кетеміз. Яғни ащы да болса шындықты ашық айта алмай келеміз. Ы.Алтынсарин мұрасын зерттеушілер бұл қолдан жасалған ақтаңдақ мәселенің шын мәніндегі мағынасын ашудың орнына одан саналы түрде айналып өтіп, ғылыми негізі жоқ жасанды ұраншыл ұғымдарды насихаттап келеді. Мысалы, қазақ зиялылары ЬІбырай алғаш рет қазақтың орыс графикасы негізіндегі жаңа алфавитін жасаушы деген жалған ұғымның шеңберінен де шыға алмай отыр. Бұл мәселе жан-жақты зерттелуі, саяси астары бар құбылыстың түп төркінін сол кезеңнің тарихи болмысымен тікелей байланыста ала отырып, ғылыми негізде шын бағасы берілмегі керек. Әрине, бұл үшін архив қазынасын қайтара сын көзімен сүзе отырып, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы ғана шындықты айта аламыз.
Оқырмандарға мәлім Ы. Алтынсарин отаршылдық мүдде тұрғысынан ашылған Орынбордағы оқу орнында оқып, орыс тіліне терең жетіліп шықты. Арманы – туған халқының көкірек көзін ашып, еуропалық білім беру, шұбарланып бара жатқан қазақ тілінің табиғатын таза сақтау жолында күрес жүргізді. Бірақ сырттан еріксіз таңылған миссионерлік дүниетаным мен олардың педагогикалық жүйесін бойына дарытпады. Осы себепті де оның екі жақты саяси-әлеуметтік қыспаққа түскенін М. Әуезов: «...Он чувствовал двухсторонное давление от церковников и мусульманства. Мусульмане считая, что он хочет крестить казахских детей, клеветали на него, а Ильминский, который официально помогал ему, был убежденный христианин-миссионер, уверял всех, что через эти школы скорее можно провести свою идею обрусения казахов», – деп мәселенің түп тамырын дәл танып көрсеткенімен, бұл пікірі баспа бетіне шықпады.
Патша отаршылдары мен миссионерлердің ағарту саясатында қаншалықты түлкі бұлаңға салып культрегерлік жолмен бүркемелегенімен бұратана халықтарды шоқындыру арқылы орыстандыру саясатына шошына қарады. Екінші жағынан, бұл жағдайды діндарлар да ұшықтыра түсті. Мұны Қостанайдағы екі кластық аралас мектептің оқытушысы Ф. Д. Соколов өзінің 1889 жылғы 23 қыркүйектегі естелігінде: «...Оның Троицк молдаларының ықпалына түскен Николайлық қазақтар арасында жаулары да болды. Олар «оны орыстарға ерекше ілтипатпен қарағаны» үшін қазақ балаларын шоқындыруға қызмет етеді деп жек көрген», – дейді. Алтынсарин қазақ балаларын шоқындыру үшін емес, оларға еуропалық білім беру үшін үкімет ашқан орыс-қазақ аралас мектебін пайдалану мақсатын олар, әрине, жете танып біле бермеген.
Ильминскийдің мақсаты: Ресей империясының орыстандыру саясатын қазақ арасында жүзеге асыруды қазақтардың өз колымен жүзеге асыру саяси жағынан әлдеқайда сенімді болады деп білгендіктен, Ыбырай Алтынсаринді осы іске пайдалануды көздеген. Осы себепті Ильминский 1869 жылы Ағарту министріне жазған хатында: «...Алтынсарин... казақтардың ортасында өзі мектеп ашса, орыс алфавитін сонда қолданса, оны орыс елінің адамдары істетіп отыр дегізбей, өзі ашқан болса... оны орыс бастықтарының талабы деп халық ойламайтын түрде жүргізсе... ең әуелі жаңа идея Алтынсариндікі болады»[5], – деп өз мақсатының басты да өзекті желісін ашып беріп отыр. Яғни мұнда орыс алфавиті негізінде қазақ жазуын жасаушы Алтынсарин еді деп көрсетіп, халықты осы идеяға сендіруді көздеген. Ал қазақ әдебиетшілері тіпті осы күнге дейін «жаңа идея Алтынсариндікі» деп жазып, насихаттап келуі аса нәзік астарлы мәселеге сын көзімен қарай бермегенін аңғартады.
Ильминскийдің екінші мақсаты, қазақтарды татар діншілдерінің ықпалынан ажыратып, бөлектеп ұстаудағы басты құралы қазақтың ғасырлар бойы қолданып келген жазуын орыс алфавитімен ауыстыруға келіп тірелді. Осы мақсат тұрғысынан келіп Ильминскийдің миссионерлік әрекетіндегі: «...басты орыс радикалды құралы – қазақ тіліне орыс алфавитін енгізу. Қазақтар орыс алфавитімен жазып отырғаңда, ол қазақтарды өзінің шырмауынан шығармай, өзіне тарта береді... Бұл ойды орыс чиновнигі жүргізуі тіптен келіспейді», – деген ой тұжырымы көп нәрсенің астарлы сырын ашып беріп отыр. Яғни идеологиялық мәселенің өзінде де басқаның қолымен от көсеу арқылы әрекет ететін ысқаяқ отаршылдықтың жымысқы тәсілін сездіріп отыр деген сөз. Ильминскийдің отаршыл үкіметтің миссионерлік жолдағы көздеген идеясы Ы. Алтынсариндікі болып таңылуға шешуші мән бергендігі көрініп тұр. Әрі бұл астарлы пікір жоғарыда атап көрсетілген Ресей империясының Ағарту министрлігінің өте құпия нұсқауында айтылған ой-пікірімен де өзекті байланыста тұр десе болғандай.
Батыс Сібір генерал-губернаторының 1876 жылы Ішкі істер министріне жазған жолдамасында: «...Торғай облысының халық мектебінің инспекторы Алтынсарин өзі орыс алфавитін қолданып жазып қазақтардың халық өлеңінің тексін маған әкеп тапсырды... біз орыс алфавитімен қазақ грамматикасын жасауымыз керек... бұл жұмыс Ильминскийге тапсырылды», – деп хабарлауынан қазақтар үшін орыс алфавитін алғаш рет жасаушы Ильминский, оны тәжірибеде алғаш рет қолданып байқаушы Ыбырай екені ашық айтылған,
Шынын айту керек, Ильминскийдің ресми түрде көмектесе отырып, қатаң талап етуімен және де Ағарту министрі граф Толстойдың тікелей нақтылы түрде тапсыруымен Ы. Алтынсарин өз кітаптарын Ильминский ұстанып келген ресми принципке орай орыс алфавиті негізінде жазып шығаруға мәжбүр болған. Ы.Алтынсариннің іс жүзінде қолданған орыс алфавиті негізінде қазақ жазуында орыс алфавитін өзгертпей сол қалпында алуды талап еткен Петербург университетіндегі кертартпа ғалымдардың талабы тұрғысынан орындалғанын да ұмытпағанымыз жөн. Осы себепті Ыбырай мен Ильминский арасындағы қарым-қатынастың көп жағдайда дипломатияға құрылған өте нәзік әрі астарлы қабаттары мол құбылыс екендігіне ерекше сын көзбен қарап барып зер салуды талап етеді. Өйткені Ильминский дипломатиялық жолмен Ыбырайды өз мүддесіне, яғни миссионерлік жолға пайдалану үшін қолынан келгеннің бәрін де, яғни саяси сес көрсету, саналы түрде қысым жасау, мектеп ісіңдегі мұқтаждығын пайдалану, «қамқоршы» болып көлгірсу, ұстаз болып араласу – бәрі де оны уысынан шығармай пайдаланудың амал-айлалары болатын-ды.
Ы. Алтынсарин де өзінің ағартушылық мақсаты жолында қолында үлкен билігі бар, саяси жағынан ресми үкіметке сенімді Ильминскийдің миссионерлік танымын бойына дарытпай әрі сенімсіздік тудырмай дипломатиялық жолмен пайдалануды көздеген мақсаты екеуінің арасында жазылған хаттардың астарлы мазмұнынан байқалып-ақ тұрады. Ыбырай өз хаттарында миссионерлік идеяға ішкі танымнан туған қарсы пікірін ашық білдіре бермейді, бірақ белгілі дәрежеде жанама түрде болса да сездіреді. Мысалы, «Шариат-уль ислам» деп аталатын кітабын арабша жазумен жариялауға Ильминский үзілді-кесілді қарсы болып қасарысқан тұста, діни мазмұндағы кітапты орыс алфавитімен жариялап, қазақтарды теріс қаратып алмау үшін ілтипат сақтау керектігін көлденең тартып өз ойын жүзеге асыруын көреміз.
Ыбырай Алтынсарин отаршыл үкіметтің бұратана халықтарды шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын танып білген. Бұл салада жүргізіліп отырған кертартпа шаралардан мол хабардар болғанға ұқсайды. Өйткені бұл мәселе жөнінде үкіметтің XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласындағы зорлықпен күшке салып жасанды түрде орыстандыру саясатына қарсылығын жанама түрде болса да, ишарамен айтатын тұсы да бар. Ол өз ойын: «...искусственном сближения народов России до сих пор не приводили еще к особо успешным результатом, как это мы видим на живых примерах татар, башкир и прочих инородцев...
Поэтому не лучше ли сближение русских с казахами предоставить естественному ходу дел», – деп халықтарды жақындастыруды табиғи жолмен жүргізілуін жақтайтын пікірі көп нәрсенің астарлы сырын аңғартып, өзінің іштей бұл аса күрделі мәселеге қарсылығын да сездіреді. Ы. Алтынсарин үлкен мемлекеттік саясат ретінде жүргізіліп отырған миссионерлік әрекетке бұдан артық пікір білдіруі мүмкін де емес еді, өйткені «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегендей, саяси-әлеуметтік жағдайдың барлық күші үкімет қолдап отырған миссионерлердің бақылауында болғанын ескермек керек.
Жалпы проф. Ильминский бұратана бодан халықтардың ғылым-білімге ұмтылған Ыбырай сияқты бірлі-жарымды талантты жастарын өзінің миссионерлік идеясын жүзеге асыру жолында пайдаланып қалуға көп күш жұмсаған. Ресей империясының қой терісін жамылған аса қауіпті, кертартпа идеологы болғанын енді жасырудың реті жоқ шығар. Өйткені А. Каримуллиннің зерттеп тануы бойынша, миссионерлерді даярлаудың кілтін қолына ұстаған Ильминский бүкіл Ресей өлкесінің барлық аудандарына кадрлар даярлаумен айналысқан. Әр халықтың ерекшелігіне орай миссионерлік саясатын да, жүргізу тәсілін де өзгертіп, жағдайға бейімделе жүргізген айлакер идеолог екеңдігш көрсетеді. Мысалы, татар халқының тағдыры күрделі ақыны Яков Емельянов (1848-1893) шоқынған татар отбасында туған. Ол 1864-1869 жылдар аралығында арнайы түрде ашылған «Шоқынған татарлар мектебінде» оқып, бітірген кезде, оны Ильминский қамқорлық жасап Қазанның духовный академиясына оқуға түсіреді. Оқуды бітірісімен дьяк атағын алып, қызмет етеді. Ол жастайынан өлең жазумен айналысып, алғашқы туындыларын жариялай да бастайды. Яковтың осы өнерін өз идеясын насихаттауға пайдаланбақ болып Ильминский оны 1880 жылы дьяктан поп дәрежесіне көтереді. 1879 жылы оның өлеңдер жинағы «Шоқынған татар тіліндегі өлең» деген атпен басылым көріп, ақын ретінде танылып қалған тұсы болатын. Бұл жинақ жөніңде Ильминскийдің фондында жатқан доностарда: «...Шоқынғандардың санасын оятып, татар исін күшейтуі» себепті[6] ақын Яков Емельянов «қаһар ұрған поптардың» қатарынан бір-ақ шығады. Өйткені ол туған халқының әлеуметтік мұңын жырлап, Ильминскийдің үміт еткен мақсатының шеңберінен шығып кетуіне байланысты миссионерлердің қарғыс таңбасы басылып отырғаны көрініп тұр. Ильминский Яковтың «Шатасқанның оянуы» деген миссионерлік сарындағы өлеңінен үлкен үміт күткенімен, өмір талқысы ақыңды туған халқының мұңын жырлауға ойысқанда жер сабағандай одан түңіле үмітін үзген еді.
Міне, татарларды біржолата шоқындырудан күдер үзген Ильминский енді Орынборға келіп, қазақтарды шоқыңдыру әрекетін өте сақтықпен жүргізе бастайды. Оның қазақ даласына оралу себебін, оның замандастарының пікірі мен өзінің де қазақтарды іштей танып білуінен іздемек керек. Өйткені қазақтардың татарларға қарағанда ислам дініне осалдығы, оларда діни фанатизмнің жоқтығы туралы қоғамдық пікір қалыптасып та қалған еді. Бір ғана мысал: белгілі публицист С. Н. Южаков өз мақалаларында ислам діні қатты дендеген мұсылман халықтарын ассимиляциялау өте қиын мәселе екенін ашып айтады. Қалай болса да олардың жазуын орыс алфавитіне ауыстыру арқылы әрекет етуді ұсынады. Бұл үшін мәселені қазақтардан бастаудың жемісті болатынын ескертіп, олардың ислам дініне салқын қатынасын негізге алады. Осы себепті: «...в киргизских школах необходимо сделать теперь же. Здесь нет ни мусульманской нетерпимости, никаких традиций, которые мешали бы этому нововедению и дело, несомненно привится легко и быстро»[7], – деп жазып, шоқындыру ісін мүмкіндіктен шындыққа айналдырудың құнарлы топырағы қазақтардың арасында жатқанын ашық айтып көрсеткен. Міне, Ильминскийдің қазақ даласына аңсары ауып, Ы. Алтынсаринді іздеп табуында миссионерлік мақсатын жүзеге асырудың ең ұрымтал орны қазақ даласы екендігіне көзі жеткен соң келгендігі байқалады.
Остроумов Николай Петровичті өз шығармасында Мұхтар Әуезов жайдан-жай атап отырған жоқ. Өйткені Ташкенттегі САГУ-дің аспирантурасында оқыған кезінде профессор Остроумовтың еңбектерімен тікелей танысқан болатын-ды. Профессор Остроумов Орта Азия халықтары мен Ұлы жүз қазақтарын біртіндеп шоқындыру, мектеп арқылы орыстандыруды мемлекет тарапынан қойылып отырған саяси мақсатты жүзеге асыру ісіне бойындағы бар қуатымен қызу атсалысқан атақты да танымал, аса айлакер тәжірибелі миссионерлердің бірі болатын. Остроумовтың да ұшқан ұясы Қазанның духовный академиясы. Оның осы жолға түсуіне кімдер себеп болғанын ол жасырмайды, қайта мақтанышпен: «...Николай Иванович и Ефим Александрович Малов были моими наставниками, а Гордей Семенович Саблуков руководил мною уже по окончании курса в академии... На изучение мусульманства я обязан личному влиянию названных наставников»[8], – деп ұстаздарын бас-басына атап көрсететіні бар.
Проф. Н. П. Остроумов Тамбов губерниясында туып-өскен, сондағы духовный семинарияны үздік оқып бітірген. 1866 жылы миссионерлік жолдағы ұстаздарының шақыруымен Қазанның духовный академиясына түсіп оны 1870 жылы аяқтасымен-ақ бірден Ильминскийдің ұсынуымен, оның өзі басқарып келген «Противомусульманское отделениенің» меңгерушісі болып тағайындалады. Оның миссионерлік жолдағы ізденістері мен жүргізген істеріне аса риза болған әрі келешегінен зор үміт күткен Ильминский Остроумовты зор көлемдегі миссионерлік жұмысты жүргізу үшін, 1877 жылы кең-байтақ Түркістан өлкесіне жібереді. Ол Ташкентке келісімен ең алдымен Жетісу, Самарқанд жерлерін аралап, мұндағы жергілікті халықтардың тұрмыс ерекшелігімен, рухани болмысымен жете танысып шығады. Түркістан өлкесінде әртүрлі қызметтер атқара жүріп, өзінің басты мақсатын, яғни жергілікті халықтарды мектеп арқылы орыстандырудан қол үзбейді. 1883 жылдан 1901 жылға дейінгі аралықта Ташкенттегі гимназияның директоры, 1901 жылдан 1917 жылға дейін Түркістан оқытушылар семинариясының директоры болады. Ал 1883 жылдан 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін, яғни 34 жыл бойы үзіліссіз жергілікті «Туркестанская туземная газетаның» редакторлық қызметін атқарады.
Остроумов негізінен ислам дінін зерттеумен айналысты. Оның еңбектерінің дені осы тақырып саласында жазылған. Оның қолынан шыққан 42 еңбектің бәрі де миссионерлік мақсат тұрғысынан жазылды. Ол жергілікті ғұлама руханилармен көп әңгімелесіп, исламияттың мәні мен тарихынан көп мағлұмат деректер көзін табады.
Остроумов жазған: «Историческое и современное значение христианского миссионерства среди мусульман» (Казань, 1894), «Колебания во взглядах на образование туземцев в Туркестанском крае» (Ташкент, 1910), «Исламоведение» (Ташкент, 1912), «Отчет Туркестанской семинарии за 25 лет ее существования» (Ташкент, 1900), «Аравия и корань» (Казань, 1899), «Сарты» (Ташкент, 1908), «Способны ли кочевые народы Азии к усвоению христианской веры и христианской культуры» (Ташкент, 1895), «Введение в курс исламоведения» (Ташкент, 1914) т.б. еңбектерде автордың басты идеялық бағдары мен миссионерлік жолдағы күрес жолы толық көрінісін тапқан Остроумов бұратана халықтарды орыстандырудың ең басты құралы мектеп пен ағарту жұмысына саятынын жақсы білген. Ол қазақтарды Ресеймен дін жағымен біріктіріп, мектеп арқылы орыстандырудан басқа альтернативті жол жоқ деп қараған. Отаршылдар тарапынан жүргізілетін культрегерлік саясаттың астарлы сырын ұғынған қазақтар күндердің күнінде саяси жағынан қауіпті күшке айналады деп көрсетті. Басқа миссионер ғалымдар сияқты Остроумов та қазақтардың арабша жазуын міндетті түрде орыс алфавиті негізіндегі жазуға алмастыруды, соны орнықтыруға ерекше шешуші мән берді. Осындай бүркемелі культрегерлік айла арқылы діни фанатизмнен аулақ, рухани жағынан таза сақталған қазақ халқын мұсылман әлемінің ықпалынан, әсіресе татарлар мен Орта Азиялықтардың рухани теологиялық әсерінен қол үздіре аламыз деген қорытындыға келуі себепті: «...задача – сближение туземцев с русским государством и русским народом, велось при посредстве русской транскрипции, в основание которой был положен русский алфавит без всяких изменений»[9], – деп Петербург университеті ұсынып, ресми түрде үкімет тарапынан қолдау тапқан принципті ұстанғаны байқалып-ақ тұр.
Бұл айтылған танымдық мәні бар мәселе Түркістан оқытушылар семинариясының жергілікті халықтарды орыстандыру жолыңдағы басты міндеті болса, екінші елеулі міндет қазақтарды шоқындыру арқылы орыстармен біріктіріп сіңіру екенін жасырмайды, ашық айтады. Бұл іспеттес саяси мақсат проф. Остроумовтың өмір бойы ұстанып, толассыз жүзеге асыруға тырысқан дүниетанымының іргелі негізі болатын-ды.
Мұхтар Әуезов 1951 жылы басылым көрген «Ақын аға» романыңда Абаймен сұқбаттасқан жандаралдың аузынан: «...зор миссионер Алекторовты айтты», – деп бұл миссионер ағартушы ғалымға ерекше мән бере қарауының белгілі бір себебі де бар еді. Егерде сыр бүгіп жатқан тарих қойнауларын аралап, қатпарларын ашып, сын көзімен сүзе қарар болсақ, мұның да құпиясын ашып, мән-мағынасын, саяси астарын түсінуге болады.
Қазақ әдебиеті тарихындағы кейбір мақала, зерттеу еңбектерде А. Е. Алекторовтың дүниетанымы мен таптық позициясына сын көзімен қарамай, біржақты мадақталып, қазақ елінің ең зор қамқоршыларының бірі ретінде бағаланып келеді. Әрине, бұл таным атүсті түсінуден, немесе Алекторовтың өмір бойы ұстанған идеялық бағыт-бағдарының саяси төркіндеріне сын көзімен терең зерттей отырып пікір айту ниетінен тумай, белең алған жаттанды пікірдің шылауыңда кетуден туған құбылыс. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ өткенге көзі қарақты деген академик жазушымыз Ғ. Мүсіреповтің «Қазақ халқы А. Е. Алекторовқа үлкен қарыздар»[10] деген мақаласында аса зор миссионер ғалым Алекторовтың алыс мақсат көздеген саяси астарлы мәні бар еңбегін асыра мадақтап жіберуі жастар мен ғалымдарды оның саяси-әлеуметтік болмысын дәл танып білуге, әділ бағалауға кедергі жасап келеді. Өйткені дуалы ауыздан шыққан сөздің бәрі шыңдық деп қабылданған танымның тұтқынынан сытылып шығудың өзі көбінесе қиындыққа айналатыны бар. Жеке басқа табыну дәуірі мен тоқырау заманыңда шындықтың бетін бүркеп ғылым мен әдебиетте жасанды пікірдің, яғни лакировканың үстем болып келуі де академик Панкратованың атап көрсеткеніндей: «...Егер патшалық Ресейдегі ұлттардың жағдайын көрсетудегі қателіктер жойылмаса, онда осы мәселенің бәрін дұрыс шешуге болмайды. Біздің оқулықтарда және жеке-жеке халықтардың тарихы жөніндегі кітаптарда патша самодержавиясының ұлт-отарларды езушілігін әшкерелеуге тіпті назар аудармайды»[11], – дегеннің өзіне айналып отыр. Алекторов мұрасын танып бағалаудағы қателіктің де осы жолмен кеткені жасырын сыр емес. Немесе Ресей империясыңдағы ресми педагогиканың өкілі болған А. Б. Алекторовты саяси-әлеуметтік, тарихи танымымыздың биік көрсеткіші болып отырған Қазақ Совет Энциклопедиясы[12] оның қазақ тарихын, мәдениетін, этнографиясын, фольклорын жинап зерттеуші педагог ғалым ретінде жайбарақат таныстырып, оның ең басты саяси-әлеуметтік, яғни монархистік, миссионерлік мақсатын ашпай кетеді. Әрине, мұның бәрі академик Панкратова атап көрсеткен ұлт тарихын көрсетудегі қате танымдардың шылауында кетуінен деп қараймыз.
Ал шындығына келсек, яғни тарихи, таптық мүдде тұрғысынан бағалар болсақ, А. Е. Алекторов саяси бағыт-бағдары жағынан барып тұрған қаны шыққан монархист, үлкен жолдағы миссионер, өмірінің соңына дейін революциялық қозғалысқа қарсы күрескен қаражүздіктердің көрнекті өкілі болатын-ды. Осы мәселенің төркінін М. Әуезов терең танып барып, шындық шеңберінде Алекторовтың миссионерлік идеясын әшкерелеген еді. Бірақ уақыт М. Әуезовтің танымын шындыққа негізделуіне қарамай бүркемелеп тастағанын оның автоцензурасынан көріп отырмыз.
Алекторов Александр Ефимович (1861-1919) өз қызметін Орынборда оқытушылықтан бастаған. Бұл өлкеде сол тұста Ильминскийдің миссионерлік әрекеті мейлінше кең өріс алып, үкіметтен қызу қолдау тауып тұрған кезең еді. Ол Ильминскиймен танысып, оның миссионерлік жолына біржолата құлай беріледі. Бірақ мұндағы бір ерекшелік басқа миссионерлер сияқты шіркеу маңында айналсоқтамай, ресми оқу орындарында ұстаздық етсе де, бұратаналарды орыстаңдырудың басты құралы мектеп пен ағартушылық деген танымға толық сеніп барған. Миссионерлік жолға түскен ғалымдарға қойылған іргелі талаптың бірі – отарланған бұратана халықтардың тілін, тарихын, фольклорын, этнографиясын, діни танымын, тұрмыс ерекшелігін жан-жақты терең біліп, осы таным негізінде оларды орыстандырудың саяси айла-тәсілдеріне жетіле түсуде жататын. Осы тұрғыда миссионер ғалымдар жазған еңбектер негізінен отаршылдық саяси мақсатты жүзеге асыруға бағытталған бұратана халықтарды идеологиялық жағынан меңгерудің сенімді құралына айналғанымен, біздер үшін өткен тарихты білуде ғылыми нақтылы информациялық деректер беруі арқылы оларды сын көзімен пайдалана білсек, нағыз тарихи шындықтың үстінен де түсіреді. Объективті тұрғыдан қарағанда, шындықты танып білуде біздер үшін пайдалы қайнарлар көзіне айналып та отыр.
Алекторов 25 жасында, яғни 1886 жылы Ішкі орданың оқу инспекторы болып тағайыңдалады. Жалпы патша үкіметінің отаршылдық тарихында қазақ халқына қолданған әрқилы саяси-әлеуметтік айла-тәсілдерін сенімді болған осы Ішкі ордада тәжірибе жасап, нәтижесін жалпы қазақ даласына ендіретін ішкі қулығы да болатын-ды. Мысалы, Алекторовтың «Что нужно обрусения инородцев»[13] деген аты шулы мақаласында Ішкі орда қазақтарын орыстандырудың мәселесін көтеріп, өзінің миссионерлік жолдағы басты танымын анық байқатады. Алекторов «бұратана халықтар үшін мектеп орыстаңдырудың басты құралы» деген ұраңды жүзеге асыруды ұсынады. Ал дәл осы тұста белгілі проф. И. Н. Смирновтың «Обрусение инородцев и задачи обрусительной политики» (Исторический вестник, 1892) деген белгілі мақаласында орыстандыру саясатының тууына «бұратаналарды христиандандыру» ұранын жазуды ұсынған еді. Бұл бір мақсаттағы миссионер ғалымдардың ұсынған ұрандарының ішінде, әрине Алекторов ұсынған жолдың культрегерлік бағыты мейлінше бүркемеленген әрі сенімді болып келуі – оның миссионерлік ағартушылық жолдағы идеялық бағыт-бағдарын дәл анықтайтын құбылыс.
Ол Батыс Қазақстаңда жүрген кезіңде-ақ Орта жүз қазақтарының арасындағы аралас түрде келетін орыс-қазақ мектептерінің тарихына жіті назар сала бастайды. Ол өлкедегі миссионерлік жұмыстармен алдын ала танысып даярлана бастады. Оның 1895 жылы жарияланған «Задачи русской школы в инородческой орде»[14] деген белгілі мақаласында Торғайдағы аралас орыс-қазақ мектептерінде шоқындыру, орыстандыру ісі ойдағыдай дәрежеде жолға қойылған деп аса жоғары бағалап, осы дәстүрді жалғастыру мақсатымен Торғай облысына ауысады, бүкіл Орта жүз қазақтарының тұрмысымен танысып, миссионерлік әрекетті күшейтуді мақсат тұтынады. Ол Кіші жүз қазақтарының өмірімен жете танысып, миссионерлік-педагогикалық тәжірибесі толыққан соң, 1896 жылы Торғай облысының оқу ісінің инспекторы болып тағайындалады. Осы облыста алты жылдай қызмет атқарып, 1902 жылдан бастап Ақмола, Семей облысындағы училищенің директоры бола жүріп, осы кезде өзінің миссионерлік бағыттағы еңбектерін өндіре жазып шығады.
Ғылыми, педагогикалық саладағы тәжірибесі молығып, миссионерлік бағыты мейлінше күшейген тұста ол Орта жүз қазақтарының әкімшілік астанасы ретіндегі Омбы қаласына келген соң жазған «Исламизм и киргизы»[15] деген еңбегінде қазақтарды шоқындыру, орыстандыру ісіндегі басты кедергі әлі де болса татарлардың әсері Орта жүз қазақтары арасында басым жатқандығына көзі жете түседі. Қалай да болса екі халық арасындағы рухани байланысты үзу, қазақтарды олармен араластырмау жолындағы күресте тікелей ұстазы Ильминский бағытымен идеялық жағынан да, практикалық жағынан да өзектесіп жатқан біртұтас құбылысты көреміз.
Алекторов өз ойын қорыта келіп жазған «Наши газеты о деятельности православной миссии на русском Востоке»[16] деген мақаласында мейлінше ашық миссионерлік отарланған Шығыс халықтарын орыстандыруда алдымен олардың қыздары мен әйелдерін шоқындырудың мәселесіне шешуші мән бере қарайды. Өйткені Шығыс халықтарының үй іші мен болашақ ұрпақтарының бесігін тербетіп, халықтық рухтағы тәрбиенің тетігін ұстап отырған әйел-ананы шоқындырып орыстандырудың рухани нәтижесі әрі сенімді, әрі өнімді болатынына баса назар аударылған.
Алекторов айтып отырған аса қатерлі идеяға патша отаршылдары дүниежүзілік отаршыл елдердегі миссионерлік тәжірибелерді қорыта отырып келген. Бұған патша генерал-губернаторларының бәрі де ерекше мән бере қарап, тіпті Еділ бойындағы қалмақтарды шоқындыру саясатында олардың қыздарына арнаулы мектеп ашуынан да, қазақ даласында да қазақ қыздары үшін (Қарқаралыда) мектеп ашуы көп нәрсенің астарлы түп төркіндері қайда жатқандығынан хабар да береді,
Осы мақаласында Алекторов кедей-кепшіктерді шоқындыру мәселесіне сенімсіздікпен қарайды. Оның ойынша, кедей адамдар шоқынғанда шын сеніммен шоқынбай, тек тұрмыс мұқтажына байланысты шоқынатынын дәл танып отыр.
Ахмет Байтұрсынов та ағартушылық жолда А. Е. Алекторовпен танысып, бірер жыл бірге қызмет атқарысады. Осы жылдары ол Алекторовтың сақтықпен сыртын бүркемелеп жүргізіп келе жатқан миссионерлік бағыт-бағдарының сырына қаныққан соң, одан сырт айнала бастаған. Бұл әрекеттің тарихын М. Әуезов 1923 жылы «Ақжол» газетінде жарияланған мақаласында да баса көрсеткен болатын-ды. Тіпті қазақтардың арасында басқа бұратана халықтардың арасынан шыққандардың шоқындыру саясатына қызмет етіп, миссионерлерге көмектескен әрекеттің болғанын Ахмет Байтұрсынов:
Кейбірі шен алмаққа,
Дінін шаншып қармаққа, –
деген өлең жолында айтылған пікірдің астарында әлі де біз біле бермейтін су асты ағымдардың болғанын аңғарғандай боламыз,
Әсіресе Алекторовтың бүкіл дүниетанымының өзекті тұстары мен айқын көріністерін оның Омбы қаласында ұзақ жылдар бойы оқу орындарында қызмет атқарып, зерттеу еңбектерін жазған тұста аңғара түсеміз. Оның саяси бағыт-бағдары, әсіресе Омбы дәуіріндегі кезеңдерде айқын ашыла түседі. 1905 жылғы Ресейді дүр сілкіндірген революциялық жағдай тұстарында немесе оның шегініп реакцияның күшейген кездерінде Алекторовтың полицияда тыңшылық етіп, революциялық ниеттегі жастарды қуғындауға қызу атсалысуы, еркін ойлы жастарды гимназиядан аластау қызметі үшін үкіметтен генерал-майор лауазымымен дәрежесі бірдей «действительный штатский советник» атағын алуы – оның кім екенін анықтап тұр емес пе?
Алекторов 1906 жылы Омбы қаласындағы оқу орындарындағы революцияшыл ниеттегі жастардың қарсылығын күшпен жаншу үшін, әскери қарулы күш шақыртып, зорлықпен қудырғаны туралы ресми құжаттардың Омбы архивінде сыр шертіп жатуы да көп нәрсенің сырын аңғартып тұр.
Алекторовтың тікелей араласуымен 1906 жылы 2 наурызда Омбы гимназиясының бүкіл шәкірттері оқудан қудаланып, озық ойлы жаңашыл оқытушы А. Д. Кван ұсталынып, қамалады. Сол күні гимназияның қабырғасына «Алекторовқа өлім келсін» деген ұранның ілінуі немесе Алекторовты өлтірмек болғанда, оның қашып құтылуының бәрі де, оның кімнің жырын жырлап, мүддесін қорғағанын бұлталақсыз аша түседі. Осы айтылған оқиғалардың мазмұны сол тұстың либералдық бағыттағы «Иртыш» газетінде[17] де өз көрінісін тапқан. Газеттің сол жылғы 20 тамыздағы саныңда да қатты айыпталып, академиялық салпаң құлақ деген ат тағылады. Сатқындық құлқымен өкіметке жаға білген Алекторовтың 1908 жылы бүкіл Батыс Сібір оқу инспекторы болып жоғарылатылуы да кездейсоқ құбылыс емес еді.
Миссионерлік, патшашыл бағытынан таймаған Алекторов 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін Омбыдағы оқу орындарындағы озық ойлы оқытушыларды түгел қуып, қаражүздіктердің қаңды шоқпар тобына қосылып кетті.
Әрине, А. Е. Алекторовтың миссионерлік мұрат тұрғысынан жазылған ғылыми-зерттеу еңбектерінің біздер үшін әлі күнге дейін сол дәуірдің саяси-әлеуметтік шыңдығын танып білуде, сын көзімен қарай білсек, пайдалы жағы да бар. Бірақ ол жазған еңбектердің түпкі мақсатын, нені көздегенінен көз жазып астарлы зардаптарына мән бере алмасақ, адасқанымыз болып шығады. Мысалы, Алекторовтың ең басты еңбегі 1900 жылы Қазан қаласында басылым көрген «Указатель книг журнальных и газетных статей и заметок о киргизах» деген атақты да көлемді еңбегінің дәл бүгінге дейін ғылыми мәні бар нәрсе. Қазақтар туралы алғаш рет басылым көрген әрқилы деректерді тұтас қамтып көрсеткіш жасауы – қай жағынан алып бағаласақ та бірегей еңбек. Бірақ бір ескерер нәрсе, отаршыл үкімет өзінің отаршылдық саясатын жүзеге асырып, бодан елді қимылдатпай шеңгеліңде ұстаудың ұрымтал жолдарын қарастырғанда, ол халықтың өткендегі өмірін, тұрмыс ерекшелігін, ішкі нанымы мен салт-санасын, тарихи жолын білуге елеулі мән бере қараған. Өйткені оны жете білу арқылы ол халыққа қолданар саясаттың түрін анықтауға мұқтаж болғандықтан да қажетті деген информациялық деректерді жүйелеп жинастырып отырған. Барлық отаршыл мемлекеттер тарапынан ғылым атынан жүргізілетін әртүрлі мақсат көздеген зерттеулер мен қазына қаржысымен жабдықталған экспедиция атаулының бәрі де отаршылдық мүдде тұрғысынан жүргізіліп отырған. Осы себепті де патша үкіметі өз мүддесі тұрғысынан жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен арнаулы экспедициялардан қаржыны аямаған. Мәселе бүгінгі күнде отаршылдық мақсат тұрғысынан жүргізілген әрекеттердің қай түрі болса да оны қалай танып бағалауға саятынын есте ұстау ләзім. Бұлай дейтін себебіміз ол әрекеттердің бәрі де біздің тарихымызда біржақты бағаланып, тіпті мадақталып, ащы шындық бүркемеленіп жатуында болып отыр. Халық ұғымын өткендегі бұл іспеттес зарарлы құбылыстардан тазартудың мәселесі бүтінгі өмір талабынан туындалып отыр.
Міне, жоғарыда айтылған мәселелердің түп төркіндеріне назар аударсақ, Мұхтар Әуезов қолданып отырған автоцензуралық құбылыстың саяси-әлеуметтік тамырларын іңдете отырып іздегенде, жазушының кең тұрғыдан айтпақ болған, бірақ артынша сол тұстың жағдайына байланысты өз ой оралымдарына толық ашпай, бүгіп қалуында көп нәрсенің астарлы да сұсты сырлары жатыр. Жазушының автоцензурасында жанамалай ишарамен айтқан тезистерінің астарында су асты ағымдары іспеттес көзге ілінбес, бірақ бойлай қалсаң алды-артыңа қаратпай ағыза жөнелер қуаттың барлығын да сезінеміз.
Жоғарыда М. Әуезов автоцензурасындағы ишарамен жанамалап айтқан ой қабаттарының бәрі де Ресей империясының отаршылдық саясатынан туындап отырған, әрі өмірде болып өткен нақтылы тарихи оқиғалар желісінде жатқан құбылыс екені ақиқат шындық.
Патша үкіметінің отарлау саясатындағы ең тұрақты сыннан өткен сенімді әдісі – отарланған жерлерге қоныс аударушыларды барынша тоғыта отырып, жергілікті халықтың үнін шығармай билеу ісіне, әсіресе аралас мектеп арқылы біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мәселесіне келіп тіреледі. Бұдан шығатын қорытынды: өткендегі отаршылдық дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын жазу жолында қоғамдық санада елеулі орын алған миссионерлік құбылысты жасырмай, оны боямалап бүркемей шындықты сол қалпында көрсетіп, әділ бағалауды уақыт талабы алға қойып отыр.
[1] Реакционная школьная политика царизма в отношении татар Поволжья. Казань, 1941, с. 37
[2] Материалы по истории Татарии. Казань, 1948, с. 261
[3] Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елді мекені
[4] Қазақ әдебиеті. 1988, 24 маусым
[5] Қазан архиві, 968-қор, 1-тізім, 16-іс, 1-2-беттер
[6] Татар әдебиеті тарихы. Қазан, ІІ т., 1985, 465-бет
[7] Русский вестник, 1891, кн, 7-8
[8] Остроумов Н.П. Воспоминания о миссионерском отделении при Казанской духовной академии. Казань. 1899, с. 12.
[9] Остроумов Н. П. Отчет Туркестанской учительской семинари за ХХV лет ее существования. Ташкент, 1904, с. 25
[10] Қазақ әдебиеті. 1977, 18 наурыз
[11] СОКП XX сьезі. Стенографиялық есеп. І т. Алматы, 1958, 653-бет
[12] ҚСЭ. І том, Алматы, 1972, 267-бет
[13] Астраханский листок. 1892, № 207
[14] Московская ведомости. 1895, № 261
[15] Московская ведомости. 1897, № 301
[16] Народное образование. 1897, № 237
[17] Иртыш. 1906, 23 шілде, № 5