Британдық The Independent басылымы әлемнің әбеди картасын шығарды. Онда Қырғызстаннан әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың "Жәмила" повесі ұсынылған.
Сentralasian.org мәліметіне сүйенсек, картада Қазақстанды Айтматовтың тағы бір шығармасы - "Ғасырдан да ұзақ күн" ("The Day Lasts More Than a Hundred Years") романы таныстырады.
Басылым осы шығармалар арқылы басқа да мәдениеттерді жақынырақ білуге болатынын жазды.
Өзбекстанды - Том Бисселдің "Теңізге шығар жол" шығармасы, Тәжікстанды - Андрей Волостың "Хуррамабад" романы, ал Түркіменстанды - Ак Вельсапардың "Айпи туралы аңыз" шығармасы арқылы тануға болады. Ресей атынан Лев Толстойдың "Бейбітшілік және соғыс" романы ұсынылған. Картаға әлемнің 197 елі енген.
Қарап отырсаңыз, бір елді танытатын шығармаларды сол елдің төл жазушысы жазу міндет емес екен. Керісінше, сол ел туралы жазған басқа ұлт жазушысының танымал шығармасы, қаламгердің әлемдік деңгейде аты бар тұлғалығы қажет екен. Осы әдеби картада қазақ жазушысының аты, шығармасы неге жоқ? Әлде Қазақстанды таныта алатын қазақ қаламгері мен шығармасы жоқ па? Мәселе, соны әлемге насихаттайын, танытатын ықылас жоқ, ниет жоқ. Әйтпесе, әдеби картада тұруға лайық шығарма да, қаламгер де қазақта бар.
Біздің әдебиет неге әлемдік деңгейде ауызға ілінбейді дегенде, оның деңгейінің төмендігінен емес, оны аударып, биік деңгейде танытатын мемлекеттік қолдау керек екенін түсінесің. Мемлекет тарапынан демеу, тіпті үлкен қамқорлық болмаса, өз қазанында ғана қайнап жатқана қазақ әдебиеті ешкімге танылмаған күйі қала бермек. Ал, оның орнын басқа ел жазушылары иеленіп кетері анық.