Бүгін  жаңа форматтағы жәрдемақыға наразылығын білдіріп,  Ақордаға қарай беттеген аналар тобын арнайы жасақ бөгеді. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ғимаратына барған наразы әйелдер үкімет жаңадан бекіткен көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы шартында «билік 4 балаға дейінгі отбасыларды алалаған» деп шағынды.

 

«Пәтерақыны АӘК-ден төлеп отыр едім»

Оқиға орнынан Азаттық тікелей эфирде хабар таратты. Жиналғандар арасында жалғызбасты, тұрмыс хәлі төмен және мүгедек бала бағып отырған, комиссия құрамына кірген әйелдер де бар. Наразылар «билік жәрдемақыны бала санына қарай емес, әр балаға беруі керек» деп санайды. Олардың айтуынша, билік отбасыларды бала санына бөлу арқылы «әлеуметтік теңсіздік туғызып отыр».

15 жыл бойы пәтер жалдап тұратын астаналық Нәзира Мұқашеваның ойы:

– Мен секілді пәтер жалдайтын, тұрмысы нашар отбасылар көп. Олардың жазығы төрт, я бес балалы болмағаны ма? 1-3 баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдер бар. Олар неге ескерілмейді? – дегенге саяды.

– Әр балаға бөліп-жармай 21 мың теңге төлесін. Бай адамдарға берілмей-ақ қойсын. Жұмыс істе дейді, бала-шағам кішкентай, бес балам әр түрлі ауысымда оқиды. Мектеп, бақшаға алып барам, алып қайтам. Балаға да бір адам керек қой. Жаңа жәрдемақыны беру арқылы АӘК шартындағы шекті мөлшерден асырып, тоқтатпақ ойдан туған, – дейді аналардың бірі. Тағы бір ана:

– Біз тапқанымыздан айырып қазынаға салық өткіземіз, ал байлар қаптап шетелге алып қашады. Біздің де үлесіміз бар шығар. 21 мыңды қалдырсын, баспана мәселесін шешсін және үй кезегіне тұруға 3 жыл тіркеу болу керек деген талапты алып тастасын, – дейді.

 

«Көшеге шығатын – біз, жәрдемақыны алатын – депутат пен әнші»

Комиссия құрамында болған Бота Шынықұлова:

– Сапарбаев иманы бар, ауқатты адамдар ұяты болса, алмайды дегені қайда? Бекболат Тілеуханұлы мен Қарақат та алады. Бюджетте қаражат аз болса, онда бұдан мұқтаж емес бай-бағландар бас тартсын. Әкімдік пен министрлік қызметкерлері жекемізге рақмет деп жазды. Олар мемлекеттік салада жұмыс істегендіктен, тіс жарып, талабын ашық айта алмайды, – дейді. Мүгедек бала бағып отырған ана «астана мен Алматыда жиі бас көтеретін аналардың көбі жұмыссыздықтың салдарынан аймақтан көшіп келгенін» айтады.

Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы баспанасыз жүрген төрт балалы Аягөз Оразбекқызы «бюрократия доп сияқты жүгіртіп, әбден қажытты» дейді. Ол:

 – Үй кезегіне тұру үшін Қошқарбаев пен ХҚКО-ның арасында мені доп сияқты ары-бері жүгіртеді. Бірде база істемей қалды десе, бірде құжатымды 2019 жыл аяқталды, қайта жина дейді. Екі айдан бергі жүрісім осы. Бүгіннің өзінде 7 жасар қызыма бір жасар баламды тастап келіп отырмын, – деп ашынады.

Алты балалы Асыл Ошақбаева да айына «146 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алып келдім, енді жаңаша форматтағы 64 мың теңгені кіріс ретінде есептеп, АӘК-ні қысқартпақ. Осымен пәтер ақысын, коммуналдық қызметті төлеп отыр едім» деп алаңдайды. Дәл осы жағдайдағы Гүлзия Құрбанова АӘК-ні тағайындауға «азаматтыққа тапсырған жолдасымнан ажырап кел дейді» әкімшілік қызметкері деп шағынды. Пәтер жалдап тұратын күміс алқа иегерінің сөзінше,  АӘК-імен күнделікті мұқтажын өтеп отырған.

 

Жаңа жәрдемақымен АӘК-ні қысқарту – «министрліктің математикалық амалы»

Жаңа бастамаға наразы жақ пен тәуелсіз сарапшылар  «жаңа мемлекеттік жәрдемақы үлгісі» биліктің 21 мың теңгені құрайтын қазіргі АӘК-нің шығынын қысқарту үшін ойлап тапқан «тетігі» екенін айтады. Әр балаға 21 мың теңге алып отырған отбасыға қосымша табысына қарамай берілетін аталмыш жәрдемақы жалпы кіріс ретінде есептеліп, тиісінше тоқсандық мониторингте жиынтық табысты шекті көрсеткіштен арттыру үшін «әдейі әзірленген амал» деп санайды көбі. Осылайша жан басына шаққанда табысы 21 мыңнан асқанда АӘК төлемі тоқтатылады деп қауіптенеді. Мәселен, төрт баламен үйде отырған жалғызбасты ана алимент пен жаңа жәрдемақыны кіріс есебі ретінде қоса есептегенде, бес кісіге шаққандағы шекті мәннен аздаған тиын асып тұрғаны үшін сол уақытқа дейін төленіп келген АӘК тоқтауы мүмкін. Демек мұнда 4 балаға айына 84 мың теңге төлегеннен гөрі әртүрлі шарттардың күшімен жаңа форматтағы 42 496 теңгені төлеген билікке үнем жағынан тиімді болмақ. Қысқа айтқанда, әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасының әрқандай айрықша назар аударуды қажет ететін жағдайын жіті зерттеу керек, әйтпегенде мұның арты әлі талай дауға қласатыны анық. Вице-премьер мен министр мойындағандай бұрынғыдай кезекті бастамада да «үйлестіру және әкімшілік АӘК-ні тағайындауда заңсыздыққа жол беруі» қайталанбауы тиіс.

;feature=emb_title

Әкімдік өкілі: Мұқтаждық болашақта масылдыққа айналып кетуі мүмкін

Аналар жиында әкімдік өкілі «Масыл отбасыда өскен бала ертең әлсіз, нанын таба алмайтын бала болады. Жұмысқа баулу керек. Масылдық пен мұқтаждықтың аражігін ажырата білу керек» деп, шенеуніктер соңғы жылдары көп сөз ететін «масылдық ұғымын тәпсірлеуге» тырысты.

Қаңтардың 8-і жаңа форматтағы жәрдемақы туралы үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев:

– Біздің негізгі ұстанымымыз - біріншіден, көп балалы отбасыларды қолдау. Бес балаға қанша шығын кететінін, бір-екі балаға қанша шығын кететінін өздеріңіз білесіздер. Барлығына 20 мың теңгеден төлеу деген дұрыс емес. Себебі, біріншіден, оған кететін қаржыны есептеуіміз керек. Екіншісін, ең мұқтаж адамдарға беруіміз керек, – деген.

Былтыр күзде ведомство 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге көлеміндегі төлем мен әлеуметтік пакет берілетінін хабарлаған болатын.

Соңғы дерекке қарағанда, елде осы уақытқа дейін жәрдемақы тағайындалған 367 мың отбасына 17 миллиард теңге төленген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сабақтастықты арқау еткен саясатының негізгі бөлігі санайтын президент Тоқаев бүгінгі жағдайға қалай қарайтыны әлі белгісіз.

"The Qazaq Times"