ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Жаңа мемлекеттік жәрдемақы қазіргі АӘК-нің жалпы шығынын үнемдеудің саяси әдісі ме?
Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілген кезде Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты бұл төлемді алушылар саны да артуы мүмкін.
«Таяуда еңбек министрлігі тиісті заң жобасын парламенттің қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылдың 7 қазанындағы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын. АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады.
Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылмақ. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады дейді.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі-міс.
Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі деседі.
Бұл мәселеге қатысты тәуелсіз сарапшылар «жаңа мемлекеттік жәрдемақы үлгісі» биліктің 21 мың теңгені құрайтын қазіргі АӘК-нің шығынын қысқарту үшін ойлап тапқан «тетігі» екенін айтады. Әр балаға 21 мың теңге алып отырған отбасыларға қосымша табысына қарамай берілетін аталмыш жәрдемақы жалпы табыс есебіне енгізіліп, тиісінше тоқсандық табыс мониторингінде шекті көрсеткіштен арттыру үшін «әзірленген әдіс» дейді кейбір белсенділер. Осы арқылы жан басына шаққанда табысы 21 мыңнан асқанда АӘК төлемі тоқтатылатынын айтады.
Әу баста-ақ министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, алдын-ала тәуекелдер мен «алаяқтық» қауіптерін болжап, тиісінше кешенді нұсқаулық әзірлеуі қажет еді. Құқықтық сауаты артып, өз үлесін әрі азаматтық хақын талап ете бастаған бұқараны жаппай «масылға» балап, шулы мәлімдемелер жасап жүрген шенеуніктер мен әкім-қаралар қоғаммен диалог құруға талпынған Тоқаев саясатына көлеңкесін түсіруі ықтимал. Демек, алдағы уақытта жаңа мемлекеттік жәрдемақының қоғам талқысына, азаматтық белсенділердің сарапшылық сүзгісіне түсіп, әлі талай сөз болатыны анық.