ҚР Парламент Мәжілісінде «Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі» тақырыбында үкімет сағаты өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанның әлеуметтік моделін қалыптастырудың үш кезеңін атап өті: «Болашақта жергілікті атқарушы органдардың «Электрондық әлеуметтік карта» жобасын іске асыруы көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады, оларды проактивті форматқа айналдырады, яғни қызметтер қиын өмірлік жағдай анықталған кезде өтініш берушіні күтпей-ақ көрсетілетін болады. Бұл жұмыста әлеуметтік қызметкерлер маңызды рөл атқарады. Олардың сигналы халықтың осал топтарына жергілікті жерде барлық әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін ведомствоаралық өңірлік топтардың белсенді үйлестірілген іс-қимылдарының негізгі белгісі болады», – деді.

Сонымен, АӘК ұсынудың жаңа тәсілдеріне мыналар кіреді:

  • әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;
  • АӘК тағайындаудың қазіргі шекті өлшемін сақтау – отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа кіріс күнкөріс деңгейінің 70% -ынан кем болуы керек;
  • отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау;
  • еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмыс істеуден бас тартса, АӘК төлеу бүкіл отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процесстегі рөлінің артуымен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күнне 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балаларын азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз ету ұсынылады, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілмек.

"The Qazaq Times"