Өткен жылы күздің басында ел басшысы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Былтыр елдегі «қосбиліктік белгілері» немесе Тоқаевтың «ашылмаған мінез-әлеуеті» жайлы, оны «ермексаз», «бұрыштағы жиһаз» деп атаған тақырыпта көп сөз болды. Сол кезде Тоқаев тұңғыш жолдауында:
«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деді.
Сонымен қатар ол бүгін барлық мемлекеттік медианың басқы беттерінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да тың тұжырымдама туралы сөз етіп, оның «әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылғанын» атап өтті. Мақалада «Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. ...«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» делінген.
Қазақстанның қазіргі жағдайында, анығы аса ықпалды экс-президент Назарбаевтың әлі де болса биліктен толық қол үзе қоймаған шағында Тоқаевтың өзі жеке саясатының қолтаңбасы санайтын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» идеясының жүзеге асу-аспау мәселесін қоғам белсенділері мен сарапшылардан сұрап көрдік.
- Тоқаевтың күзде жасаған жолдауындағы «халық үніне құлақ асатын билік» идеясы іске аса ма? Оның іске асуы үшін қандай нақты қадам жасауы тиіс, өз нұсқаңыздағы ең маңызды бастапқы 5 «жүрісті» атасаңыз.
- Қазіргі президенттің қолын байлап отырған немесе өз деңгейінде лидерлік образын аша алмауының негізгі себептері немесе кедергі неде?
- Қазақстан халқымен билік қандай жағдайда және қашан санасады? Тек санкцияланбаған ауқымды митинг немесе дүрмекті шумен ғана ма?.. Қазіргі Ақорданың «жылымық» сипаттағы позициясы ақырындап осы жолға келе жатқандығының «көрінісі» деуге келе ме?
Шалқар НҰРСЕЙІТ, саясаттанушы-сарапшы:
- Тоқаев командасы қазіргі саяси тығырықтан шығу үшін Жоғарғы Кеңес таратылған кезден бері қордаланып қалған саяси мәселелерді шешуді тездету керек. Ал оған бес «жүріс» жеткіліксіз. Десе де сұрағыңызға жауап ретінде алғашқы бес жүрістің ішіне 1993 жылғы Конституцияның принциптерін қайта қабылдап, авторитарлық жүйені орнатқан өзгерістердің күшін жою жөнінде референдум өткізуді, Конституциялық Кеңес пен Орталық сайлау комиссиясын (бүкіл аймақтағы филиалдарын) қайта жасақтауды, пропорционалды сайлау жүйесінің орнына мажоритарлық жүйені енгізгеннен кейін ғана парламент сайлауын өткізуді, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесін қалыптастыруды, сот билігінің шынайы тәуелсіздін қамтамасыз ететін реформа жүргізуді, азаматтар мен БАҚ үшін сөз бостандығын іс жүзінде қамтамасыз етуді атап өтер едім.
- Н.Назарбаев іс жүзінде биліктен кетпейінше президент Тоқаев немесе келесі президент өз алдына тәуелсіз билік ете алмайды. Қазақстан жағдайында бұл аксиома. Бірінші сұрағыңызға берген жауабымда атап өткен қадамдарды Тоқаев мырза жасай алмаса, онда ол шарасыз немесе Назарбаев жүйесінің өнімі ретінде ол да қазіргі режим үшін «саяси суицидке» барғысы келмейді деген сөз.
- Бірінші сұрағыңызға берген жауабымда ең маңызды деген 5-6 қадамды атап өттім. Менің ойымша, аталған сол қадамдарды жасамайынша қазіргі билік пен азаматтардың арасында диалогтың болуы мүмкін емес. Ашық әрі әділ сайлауды, сөз бостандығы мен азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын сақтауды, биліктің үш тармағының бір-бірінен тәуелсіз болуын қамтамасыз ету арқылы ғана саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. «Қазақстанның өз жолы, Ұлы даланың ұлы жолы» арқылы демократия орнатамыз дегеннің бәрі бос сөз.
Бэлла ОРЫНБЕТОВА, партия құруды көздейтін Respublika азаматтық қозғалысының белсенді мүшесі, журналист:
- Қыркүйек айында Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында «халық үніне құлақ асатын билік» концепциясы туралы үстірт айтылды. Бұл идея нақты қалай жүзеге асырылады? Егер халық үнін жеткізетін оператор ретінде ұлттық сенім кеңесін меңзесе, демек диалогтың да толыққанды емес, «сұрыптамалы» болатыны анық. Халық үніне құлақ асатын билік туралы айтылған үш сөйлемнің бірінде азаматтық қоғамды дамыту деген сөздер бар. Азаматтық қоғам үні сайлаудан кейін де, желтоқсанның 16-сы да шықты. Қалай құлақ салғанын есіңізде шығар? Менің позициям – азаматтық қоғамның үні жоқ, халықтың қауқары жоқ деп «жылай» беру емес. Бірақ азаматтық қоғамның белсенді өкілі ретінде қандай қысым жасалып жатқанын жақсы білемін. Тіпті ақпараттық блокада жасап, республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының қара тізіміне кіргізіп жатқанын да көріп жүрмін.
Сондықтан егер қоғам үніне құлақ саламын десе, алдымен билік те диалогқа ашық болуы керек. Диалог дегеніміз үкіметке жағымды тұлғалар шақырылатын дөңгелек үстелдер, форумдар немесе партия жиындары емес, әлбетте.
Екіншіден, өзіне ұнамсыз ой айтатын, сынайтын азаматтарды қудалау, соңынан шам ала түсуді тоқтатқан жөн. Қылмыстық кодекстің 130-бабы (жала жабу) жұмсартқанымен сөз бостандығын шектейтін, белсенділердің «жазалайтын» басқа да баптар жетерлік. Сонымен қоса диалогқа дайын билік осыған дейін саяси желеумен тұтқындалғандарды босатуы тиіс.
Үшіншіден, қазір жүргізіп отырған ақпараттық саясатынан бас тартуы тиіс. Сөз бостандығын тұмшалап, проблемаларды әлеуметтік желідегі боттар армиясымен жасыру оң нәтиже бермейді. Қазіргі жаңа медианың дамуы елдегі жағдайдың қандай екенін боямасыз көруге мүмкіндік береді. Ауруын жасырған өледі деген сөз осы жағдайды дәл сипаттайды.
Төртіншіден, халық дауысының жоғарыға жетуінің кепілі – заң. Сондықтан сайлау туралы заңға мажоритарлы сайлау жүйесін қайтаруды көздейтін өзгерістерді енгізу қажет. Өз әкімін, депутатын сайлай алмай отырған халық «мылқау» болып қала бермек.
Бесіншіден, халықтың үнін есту, мұң-мұқтажын тыңдап қана отыра бермей, әрекетке көшу қажет. Халық «ащы шындықты» естіп болды. Қазір азаматтар елге қызмет етуді мұрат етпейтін әкім-қараларды сынға алады. Ал билік оларды орнынан алып тастап, ары қарай мансап сатысымен көтереді. Бұл, әрине, халықтың наразылығын үдете түседі. Егер жемқорлығы әшкере болған шенділер кешіріммен құтыла берсе, әлеуметтік теңсіздік жалғаса берсе, мұндай диалогтың халыққа да қажет болмай қалуы мүмкін.
- Билік транзиті басталғанымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында қазір нақты президенттік билік жоқ, тек ішінара құзыреттер ғана. Меніңше, ол өзін толыққанды мемлекет басшысы ретінде әзірге көрсете алмады. Түптеп келгенде оның орнында Назарбаев тағайындаған кез келген адам отыра алар еді. Ол мықты саясаткер, лидер, менеджер болғандықтан қазіргі лауазымда отырған жоқ. Мойындау керек, осы дәрежеге лайық екенін дәлелдеуге оған мүмкіндік те берілген жоқ. Себебі бұл сценарий ұзақ мерзім аралығында мұқият дайындалған. Яғни Тоқаевтың лидерлік қабілетіне сенетін жақтастары көп емес. Оның үстіне бұрын президентке жұмыс жасайтын әкімшілік ресурс та, партия да, мықты команда да жоқ. Қазір Тоқаевтың жанындағы тек ақпараттық қолдаумен айналысатын команданың өзін алайықшы. Олар тіпті жыл қорытындысының өзін тиімді пайдалана алмады. Президенттің атқарған іс-шараларына телефонмен сөйлескен минуттар, жүрілген шақырымды көрсетті. Ал қоғамдық-саяси проблемалар, әлеуметтік жобалар ше? Бұдан командасы жасалған жұмыстарын айтуға, көрсетуге мүдделі емес немесе ауыз толтырып айтатын, дүйім жұртқа көрсететін мардымды дүние жоқ деген ой туындайды.
- Қазақстан ғана емес, жалпы билік қай уақытта халықпен санасады? Билік халыққа тәуелді, халық алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана. Егер халық билікті өзі сайлап-тағайындаса, жауап алып, талап ете алар еді. Қазіргі сайлау туралы заңға салсақ, депутаттарды сайлайтын да, оған мандат беретін де халық емес, партия. Тіпті жергілікті мәслихат деңгейінде де.
Сондықтан да миллиондап пара алып ұсталған шенеуніктер кешірімді халықтан емес, президенттен сұрайды. Олардың қол салған ақшасы президенттің жеке қаражаты емес, елдің салығынан құралған бюджет ақшасы емес пе еді?
Ақорданың «жылымық» позициясы туралы ештеңе естімедім. Халықтың сенімін тұтатып, мұң-мұқтажын жеткізеді деген ұлттық сенім кеңесі мәжілісінде ең алдымен сайлау туралы заңнамаға өзгертулер туралы айтылады деп ойлап едім. Өкінішке қарай олай болмады. Ал митингке келетін болсақ, бұл құқықты бізге беріп отырған ұлттық сенім кеңесі де, Тоқаев мырза да емес. Ол құқық бұрыннан Конституциямызда бар. Мәселе азаматтардың митинг, шерулерге қатысуы, сөз, ой еркіндігіне кепілдік беріле ме? Жалпы митинг дегеніміз құр дүрмек шу емес. Бұл ең алдымен, халықтың наразылығын жеткізу, проблемалардың бар екенін білдіретін сигнал. Мұндай сигналды өшіру емес, құлағын тосып, мәселені шешуге тырысқан тарапты өкінішке орай көрмедім. Егер митингтер өткізу, сөз бостандығына қатысты позиция өзгерсе, жылымық туралы айтуға болар еді.
Әсем ЖӘПИШЕВА, Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының мүшесі, азаматтық белсенді:
- Жоқ, ол идеяның іске аспай жатқындығын барлғымыз өз көзімізбен көріп отырмыз. Мәселен, митингі өткізуді хабарламалы түрге ауыстырамыз десе де, ол тек белгіленген орындарда ғана, ал «ресми оппозиция» туралы шешім тіпті ақылға сыймайды – оппозияция жай ғана ерікті болуы керек, оған жол беру қажет. Нақты реформа болу үшін билік конституцияны қоса алғандағы азаматтардың құқығы мен бостандығын қазіргі таңда шектейтін барлық заңдарды адам хақының халықаралық стандартына, заң үстемдігі қағидасына сәйкестендіруі тиіс. Юұдан бөлек жергілікті өзін-өзі басқарудың толыққанды жүйесі қажет. Мәслихат депутаттары көпшілік жүйесі арқылы сайлануы тиіс және олардың өкілеттіктерін кеңейту керек. Барлық деңгейдегі әкімдер тікелей дауыс беру арқылы сайлануы міндетті. Осылайша сайлау жүйесін түпкілікті реформалау қажет. Басқа да талаптар көп, ең бастысы, көзбояушылық болмауы тиіс.
- Ең негізгі себеп, меніңше, Назарбаевтың құрған жүйесінде. Бұл жүйе ешқандай нақты өзгерістерге жол бермейді, ал Тоқаев оған қарсы тұра алатын немесе тұрғысы келетін адам емес.
- Саяси ұстанымы, талаптары бар адамадардың саны артқан сайын санаса бастайды, әрине. 2019 жыл осы орайда көп адамның саясат жөнінде ашық сөйлеп, көзқарасын білдіре бастағаны белгілі. Алда осылай жалғасады деп үміт артамын.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері:
- Біріншіден, осы уақытқа дейінгі биліктің «халықтың үніне құлақ аспайтын биліктің» болғанын мойындаудың өзі – үлкен ерлік. Алайда сол билікпен, сол биліктің қызметкерлерімен, сол билікті жасаған және, ең қорқыныштысы, сол билікпен біте қайнасып кеткен саяси күшпен («Нұр отан» және т.б.) 180 градусқа бұрылып, халықтың үніне құлақ асатын жүйе жасау – мен үшін, жүзеге аспайтын арман. Егер Тоқаев мырза, шын мәнінде, түбегейлі өзгеріс жасауды мақсат етсе, билікті жаңартатын алғы шарттарды жүзеге асыруы керек деп білемін. Сіздің айтып отырған бес қадам да осы шарттар болуы керек. Бүгінгі жағдайға жеткізген билік иелері толығымен басқару орындарынан кетіп, жаңа саяси күштің келуі шарт. Ол үшін, біріншіден, Сайлау туралы заң, сайлау жүйесі өзгеріп, әділетті және ерікті сайлау өткізудің алғышарты қалыптасу қажет. Екіншіден, шын мәніндегі көппартиялық жүйені орнату үшін Саяси партиялар туралы заң да өзгеріске түсуі қерек. Үшіншіден, бұрынғы компартия мен авторитарлық жүйенің «жауынгерлері» шапандарын ауыстырып тағы да билікке жармаспас үшін Люстрация туралы заң қабылдануы шарт. Бұлар – саяси реформаның негізі. Төртіншіден, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жасалуы керек. Бесіншіден, тез арада Еураазиялық одақтан шығып, Ресейдің ақпараттық алаңын шектеуіміз керек.
- Бұл сұраққа жауап беру үшін «Тоқаев шынында да өзгеріс жасағысы келеді, бірақ оның қолын біреулер байлап отыр» деген көзқараста болуым керек. Мен олай деп ойламаймын. Ол да сол биліктің адамы, сол жүйенің сенімді жауынгері. Оған ешнәрсе кедергі болып тұрған жоқ. Сондықтан оның жасап жатқан не жасаймын деген мәселелері – күні өтіп бара жатқан осы биліктің өмірін белгілі бір мерзімге дейін ұзартуға бағытталған іс-әрекеттер деп ойлаймын. Әрине, отыз жылғы авторитарлық жүйеден жалыққан, ашынған халық, мүмкін, осы бір декоративті өзгерістерге де риза болуы ғажап емес.
- «Дүрмекті шу» арқылы келген өзгеріс – дүрмекпен аяқталады. Биліктен, оларды жақтаушылардан, билікке деген сыни көзқарастағы азаматтар көп. Әлдеқайда көп. Оны өткен сайлау нақты дәлелдеді. Қазақ елі эволюциялық жолмен-ақ өзгеріс жасауға дайын. Және ол өзгерісті оппозициямыз деген топ емес, қазақтың қарапайым қара балалары жасайды. Желтоқсанда да, тәуелсіздік үшін күресте де, жер мәселесінде де, т.т оппозиция емес, қазақ ұлтшылдары ғана саяси аренаға шықты. Кешегі сайлауда да билікке деген қарсылықты тек қазақ ұлты көрсетті. Өкінішке орай, қазір олар өздерінің үлкен күш екендін түсінбегендіктен, кез келген ұраншылардың соңынан еріп, солардың «солдаттары» болып жүр. Ақордаға, сөз жоқ, «санкцияланбаған митингтер», «дүрмекті шу» керек. Ал ақыл мен сананың, ашық пікірталастың алаңында билік оңбай жеңіледі. Олар оған барғысы келмейді. Байқаған шығарсыздар, президенттік сайлаудың бірде біреуінде не Назарбаев не Тоқаев дебатқа түскен жоқ... Демек билік халықтың өкілдерімен тікелей, ашық пікірталасқа түскенде ғана тәубаларына келеді. Сонда ғана халықпен санасады.
Жанболат МАМАЙ, Демократиялық партияның құрушысы, журналист:
- Халықтың үніне құлақ асатын билік болуы үшін елде саяси реформалар жасалып, демократиялық өзгерістер басталуы керек. Егер нақты қадамдарға көшетін болсақ, біріншіден, барлық саяси тұтқындар бостудан бастау қажет. Мысалы, Өзбекстанның өзінде жаңа президент келгеннен кейін елдегі бүкіл саяси тұтқындарды босатты. Әрине, мұны демократиялық реформа деуге келмес, дегенмен алғашқы қадам ретінде қабылдауға болады.
Екіншіден, саяси партиялар туралы жаңа заңға аса зәру хәлдеміз. Халықтың талабын естіп, пікірін білгісі келсе, оның ең тиімді барометрі, бұл – сайлау. Парламанетке, президенттікке, әкім орнына келетіндер әділ сайлау арқылы өту қажет. Демек шынайы сайлау туралы заң керек. Төртіншіден, әскери-стратегиялық маңызды нысандардан басқа жердің бәрінде азаматтар еркін митинг өткізіп, шеруге шығуға мүмкіндік беретін жаңа заң керек. Сондай-ақ БАҚ-қа қатысты жаңа заң қабылдау өте маңызды мәселе. Ақпарат құралдарын тіркеуді жеңілдетіп, құзіретін кеңейту мақсатында журналистерге қарсы жиі қолданатын «жала жабу» секілді баптарды алып тастаудың рөлі зор. Міне осы мәселені көтеретін болса, билік халықтың сөзіне құлақ асты деген сөз.
- Де факто Тоқаевтың қолында билік бар. Ол қайсыбір шешім шығарып, заң қабылдағысы келсе де билік қолында. Қажет деп тапса, тұңғыш президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы туралы бүкіл заңды жоққа шығаруға мүмкіндігі бар. Тіпті күштік құрылымдардың жетекшілерін орнынан алып тастай алады. Себебі бізде әлі күнге дейін президент конституциялық тұрғыда құзіреті кең. Меніңше, мәселе Тоқаев баяғы басшысы Назарбаевтың айтқанынан шыға алмауында. Оның басты тосқауылы – саяси ерік-жігерінің, саяси мінезінің жоқтығы және елде нақты өзгеріс жасауға құлықсыздық танытуы. Егер тарихта реформатор президент ретінде қалғысы келсе, оның толық мүмкіндігі бар еді. Бірақ, өкінішке орай бұған бармай отыр.
- Назарбаев кеткеннен кейін елде екі мұнара пайда болды. Де-юре болсын Тоқаев та шешім қабылдау мұнарасына ие болып отыр. Осының әсерінен болар, билікте аздаған саяси ойын жүріп жатқан тәрізді. Жуырда ғана Ескендір Ерімбетов пен бүгін Амангелді Батырбековті босатып, Қытайдан қашып келген Қайша Ақанды қайтармау туралы үкім шықты, енді Қастер мен Мұрагерге қатысты шешім күтіп отырмыз. Дей тұрғанымен түбегейлі саяси реформалар жүргізу үшін міндетті түрде халықтың талабын көтере алатын мықты саяси ұйымдар қажет. Және халықтың өзі де белсеніп, керек тұста саяси талабымен дүркін-дүркін ауқымды митингтерге шыққаны дұрыс. Міне осылайша мықты ұйымдар мен институттардың айналасына топтасып, сол арқылы билікке өз уәжін жеткізе алады.