2014 жылы Мәскеу мен Киев арасында орын алған дипломатиялық дағдарыс күні бүгінге дейін Ақорда ұстанымын сынап келеді. Көпвекторлы саясатты қолдайтын Қазақстан Қырым аннексиясын ресми түрде мойындамағанымен, түбек мәселесінде бірде қалыс қалып, бірде Ресей жағында екенін білдіріп отыр.
Осы аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев неміс басылымына сұхбат беріп, Қырымның Ресей құрамына өтуін «аннексия деп есептемейтінін» ашық айтты. Тілшінің «Қазақстан үкіметі Украинадағы оқиғалардан, атап айтқанда Қырымды аннексиялау мен елдің шығысындағы соғыстан қорықпай ма?» деген сауалына: «Біріншіден, біз Қырымда болған оқиғалары аннексия деп атамаймыз. Болған іс болды. Аннексия – бұл Қырымға қатысты тым ауыр сөз. Екіншіден, сіз айтқандай, қорқыныш болмады, өйткені біз жоғарыда айтқанымдай Ресей Федерациясымен сенімді, тату қарым-қатынастамыз. Минск келіссөздері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асқанын еске салғым келеді. Бүгінгі таңда Минск келісімдері, Украинадағы қақтығыстың реттелуіне көмектесетін жалғыз заңды құжат болып табылады», – деді.
Сұхбат жарияланғаннан кейін, ізін ала Украина Сыртқы істер министрлігінің спикері Екатерина Зеленко Тоқаевтың бұл пікірі Украина-Қазақстан байланысы мен халықаралық қауымдастықтың ұстанымдарына қайшы келеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Украина Қазақстанға демарш (қарсылық, ескертпе) жариялайтынын айтты.
Е.Зеленко әлеуметтік желіде: «Украина Қазақстанды әрдайым әріптес әрі дос санаған. Қазақстан президентінің ЕҚЫҰ-ның министрлер жиыны қарсаңында солай деп айтқаны өте өкінішті, себебі бұл ұйымға екі мемлекет те мүше және Хельсинки қорытынды актісіне сәйкес, оның негізгі принциптерінің бірі – өзге мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу. Қазақстан жағына демарш жасалады», – деп жазды.
2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында қарулы қақтығыстар басталды. Әскери іс-қимылдар Украина Қарулы Күштері және Ресей әскері арасында жүргізілді. Әлі күнге дейін Донбасс, Луганск жерінде оқ атылып келеді. Мәскеудің бұл әрекетіне Украина, АҚШ және Еуропалық одақ құрамындағы мемлекеттер қарсылық білдіріп, Ресейді «агрессиялық саясат ұстанатын мемлекет» деп атаған. Дегенмен, РФ президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргенін мойындаған емес.
Сол жылы наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған «Украинаның территориялық тұтастығын сақтауға» қатысты қаулысына дауыс беруде Қазақстан Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты 58 мемлекетпен бірге қалыс қалды. Қаулының қабылдануына Армения, Боливия, Беларусь, Куба, Ресей, Сүрия сияқты 11 мемлекет қарсы дауыс берген. Сол жылы Гаагада арнайы брифинг өтіп, Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев құқықтық нормаларды сақтау үшін Украинаға сайлау өткізу керектігін айтқан. Кезекті «дау тудырған» мәлімдемеден кейін Киев Қазақстанға қарсылық нотасын жолдады.
Араға екі жыл салып, сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Біз халықаралық құқық тұрғысында Қырым мәртебесі толыққанды қалыптасты деп есептемейміз. Осыған байланысты бұл мәртебенің әлі белгісіз күйде. Біз Ресей мен Украина аталмыш дағдарыстан шығуда саяси және өзге де шешім табады деп үміттенеміз»,– деді.
Былтыр Керш бұғазында Украина мен Ресей әскери күштері арасында орын алған қақтығысты халықаралық мәселе есебінде тақырып еткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысында Қазақстан, Қытай, Боливия Мәскеудің уәжіне үн қосты. Ал Батыс елдері Украинаны қолдады. Аталған жағдайдан кейін АҚШ «Ресейдің агрессиялық саясатына қарсы» резолюция қабылдады. Еуропалық елдер де Ресей ұстанымын айыптаған тұста, Қазақстан Мәскеуді қолдайтынын ашық айтқан.
АҚШ Қарулы күштер комитеті Мәскеудің бұл әрекетін қатаң сынға алып, «Украина – еркін әлемге қарсы Владимир Путин бастаған күрес майданының алдыңғы қатарында. Украина Америка немесе Еуропаға олардың орнына соғыс жүргізуді ешқашан сұраған емес. Украиндықтар біздің көмекке мұқтаж және оған әбден лайық», – деп мәлімдеген.
Қырым аннексиясына қатысты шетелдік басылымдар: «Ресейдің арандатушылық әскери әрекеттері, сондай-ақ оның киберкеңістіктегі дезинформация бойынша ауқымды істері Владимир Путиннің Батыс пен Украинаға қатысты өзінің агрессивті саясатын тоқтатуды көздемейтінін білдіреді және бұл бүкіл әлемге ескерту болып саналады», – деп жазып келеді.
Сонымен...
АҚШ, Еуропалық одақ, Түркия және Украина Қырымды Ресей жері ретінде мойындамайды. Қазақстан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» бейтарап болуға тырысып баққанымен, Ресейге бетбұрушылықтың бер екенін білдіріп келеді. Дәл осы тұста, Украина мен Ресей мәселесінде Қазақстанның қандай саясат ұстанатыны аса маңызды. Дегенмен, Қазақстан билігінің дәл қазіргі жағдайда Ресейден алшақтауы қиын: Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қорғанысы мен экономикасы Ресеймен тығыз байланысты. Орталық Азияның әуе қорғанысынан бастап, қарапайым терроризмге қарсы күресіне дейінгі аралықтағы қауіпсіздік мәселесі де осы Ресей арқылы шешімін тауып отырғаны жасырын емес.
Қазақстан президентінің Қырым түбегіне қатысты пікірі жөнінде желі қолданушылары арасында плюрализм туындап отыр. Оқырмандардың бжарты бөлігі президенттің бұл пікірі құптарлық десе, кейбірі Киев-Мәскеу текетіресінде Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанымынан автоматты түрде «аттап өтетінін» және Украина мәселесін қозғауда қауқарсыз екендігін көрсетті дейді.