5 миллионнан астам қолданушысы бар Kaspi.kz және 2GIS компаниялары өз қызметтерін тек орыс тілінде көрсетіп келеді.
2006 жылы 330 мыңға жуық тұтынушысы бар қатардағы банк өзінің тартымды ұсыныстарымен бүгін 5 милионнан астам клиенттік ірі әрі беделді базаға айналды. Ыңғайлы қаржы аударымы мен бонустық төлем жүйесі көптің көңілінен шығып, ел ішінде кеңінен тарап үлгергені белгілі. Тіпті дүңгершектегі бір келі алманың өзін каспий қосымшасы арқылы онлайн төлейтін болдық. Ақшаны қолға ұстамаған күйде тиімді жаратуға болады. Қалта телефоны бар кез келген адамның смартфон мәзірінен Каспий қосымшасын табу қиын емес.
Дәл сол секілді кең тараған мобильді қосымшаның бірі 2GIS смарт навигаторы ТМД елдерінде 50 миллион қолданушысы бар. Соның ішінде қазан айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 5,7 миллион қолданушы тіркелген. Ел астанасы мен Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Петропавл т.б. қалаларын қамтитын халықаралық картографиялық қызмет навигаторы қазақстандықтардың игілігіне жарап келеді. Қаладағы көлік кептелісінің деңгейі, жаяу және көлік арқылы жету уақыты, нысанның дәл мекен-жайы т.б. ерекшеліктері кімді де болсын қызықтырады.
Бірақ әттең-айы сол, жоғарыда аталған екі компанияның мобильді қосымшасында мемлекеттік тілде мүлдем ақпарат берілмеген. Мемлекетке ешқашан алақан жайып көрмеген халықтық банк ретінде кең қолданылыс тапқан Каспий қаржы ұйымының сайты мен мобильді банкингі тек орыс тілінде қызмет көрсетеді. 2GIS қосымшасының да күйі осы деңгейде.
Каспий банкінің өкілі Саян Қасымов «қызметтердің қазақ тіліндегі нұсқасы әзірге жоба түрінде дайындалуда» дейді. Бірақ нақты қай уақытта қолданысқа енетінін айта алмады. Ал 2GIS компаниясы «мүлдем қарастырмағанын» алға тартып, 10 елдегі 390 қаланың барлығы тек орыс тілінде қызмет көрсететінін айтты. Компания өкілі сұрауымызға қатысты Ресей Федерерациясындағы Жаңа Сібір қаласында орналасқан бас кеңсесіне хабарласуға кеңес берді. Ісі өрге домалап, Қазақстан аудиториясы арқылы зор табысқа кенелген екі компания да әзірге мемлекеттік тілге, ең маңыздысы ел азаматтарының, тұтынушыларының құқығына мойын бұрар түрі жоқ. Біздің тілегіміз – мемлекеттік тіл өз биігінде, барлық салада қолданылыс тапса. Тәуелсіздік алғанына 30 жылға таяған елімізде бизнес саласы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданған «Тіл туралы» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңға пысқырып қарамайтын күйге жеткен.
Ел ықыласына бөленген екі компанияның мемлекеттік тілге қатысты көзқарасы мен ұстанымы азаматтық қоғам мен тіл жанашырларының наразылығын тудыруда. Айта-айта жауыр боғлан мемлекеттік тіл мәселесінің ірі кәсіпкерлік ұйымдардағы ахуалы жайында саясаткер, қоғам белсендісі Дос Көшім «халық өзінің туған тілі үшін күресу арқылы талапшыл болу» формуласын ұсынады.
– Бизнес сектордағы мұндай «тұтынушыларды алалау» мәдениетсіздігіне қалай тосқауыл қоюға болады? Әйтпесе, заңдық тұрғыда қаралған міндеттеме емес пе мемлекеттік тілде қызмет көрсету деген.
– Бұлардың барлығы (кафе, ресторандардағы «Ас мәзірінен» бастап, бұндай – қазақ тілін қолданыстан шығаруға бағытталған мысалдар барлық жерде бар) – қазақтілді азаматтардың тұтынушы ретінде құқықтарын бұзатын, «мәдениетсіздіктен» гөрі, заңбұзушылық деген атауға келетін жағдайлар. Өкініштісі, бұған қатаң жаза беретін не нақты заң баптары жоқ, немесе сол заңды өмірге алып келетін Парламент жоқ, немесе қолданыстағы заңды (азды-көпті бұл заңды да пайдалануға болады) бақылайтын прокуратура жоқ. Ең бастысы, «иә, бұл жерде қазақтілді тұтынушының құқығы бұзылып тұр» дегенді айтатын сот жоқ. Осындайда ұлы философ Сократтың «Өз елінің заңын ұстанбайтын мемлекеттің болашағы жоқ» дегені есімізге түседі.
– Кәсіпкерлік кез келген шаһардың әрі ондағы қоғамның келбеті екені анық. Ендеше кәсіпкерлерге салықтық-әкімшілік тұрғыдан кеңшілік берілсін, бірақ тұтынушылардың құқықтық талабы қашанда бірінші орында тұруы тиіс емес пе? Мәселені түпкілікті түрде шешетін механизм құру мүмкін бе?
– Қазіргі жағдайдағы «механизм» біреу-ақ, ол – әрбір азаматтың өз құқығын сот арқылы қорғауы. Мысалы, заңымызда халықпен тікелей қарым-қатынасқа түсетін транспорт қызметкерлерінің қазақ тілін білу міндеттілігі айтылған, демек билет сататын кассада отырған жандардан бастап, жолсерік, стюардессалармен қазақ тілінде сөйлесейік. Салық есептерін қазақ тілнде тапсырып, банктің жіберген орыстілді ақпараттарын кейін қайтарып, қазақша мәтінді беруді талап етейік. Бұл – қарапайым күрес жолы. Сол уақытта ғана мемлекеттік билік те біздің заңды талабымызды жүзеге асырады, немесе орыс тілін мемлекеттік тіл деп жариялайды... Қуырдақтың көкесін сонда көреміз!
2GIS халықаралық навигатор басшылығының ұстанымы түсінікті. ТМД көлемінде ешбір елдің ыңғайына көнбеген геокартографиялық жоба. Ал отандық екінші деңгейлі банктер көшбасшысы, бюджетке масыл болмайтын, «Біз сіз үшін тағы не істей аламыз» дейтін Kaspi АҚ-ның басшылары Вячеслав Ким, Қайрат Сатыбалдыұлы және Михаил Ломтадзе тұтынушылар құқығына құрмет танытып, мемлекеттік тілдің өрістеуіне жол ашар деген сенімдеміз. Қазақстандағы қазақ тілді аудиторияның сұранысы өсіп келе жатқанын есті-тәжірибелі кәсіпкер алысқа көз тастамай-ақ, жазбай таныса керек-ті.