17 қазан БҰҰ-ның кедейлік және адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Филип Алстон «Цифрлық әлеуметтік мемлекет» ұғымы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды қысқартуға, бақылау жүйесін енгізуге және жеке компаниялардың мүдделеріне қызмет етуге негіз болатыны туралы мәлімдеме жасады. АҚШ-тың «Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да ұлттарға қысым жасауға атсалысқан» қытайлық технологиялық бақылау-сканерлеу компанияларына санкция салғанына қарамастан, Қазақстан жоғарыда санкцияланған ұйымдардың өнімдерімен «әсіреавтоматтандыруды» бастап кетті.
Ол мемлекеттік қызметтерді цифрландыру биліктік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Жаңа технологиялардың арқасында азаматтардың өмірі жеңілдеп, жақсаруы керек. Алайда, шын мәнінде, сандық жүйелерді қолдану мүлдем басқаша реңк ала бастады.
БҰҰ сарапшысы Алстон «Адамзат сандық жүйемен кіндіктескен әлеуметтік болашаққа ұмтылуда. Біз бұл бағытты дереу өзгертуіміз керек, әйтпесе біз цифрлық әлеуметтік антиутопиядағы зомбиге айналамыз», – деп алаңдаушылық білдірді.
«Сандық әлеуметтік мемлекет неолиберализмнің «трояндық ат» түріне және әлеуметтік қорғау жүйелеріне теріс көзқарасқа әкелуі мүмкін», – деп толықтырды ол.
Алстон ның айтуынша, сандық жүйелер тек әлеуметтік шығындарды азайту үшін ғана емес, олар мемлекеттің азаматтар алдындағы есеп беру тұжырымдамасын толығымен бұрмалауға қолданылады.
Арнайы баяндамашы заң үстемдігі әлі қалыптаспаған елдерде әлеуметтік салада жаңа технологиялардың қолданылуына ерекше алаңдаушылық танытады. Алстон кешенді зерттеу нәтижесін алға тарта отырып, мемлекеттердің биометрикалық жеке куәліктерді енгізуге мүдделі болуы арқылы адам құқықтарын бұзудың «зор потенциалына» көз жеткізуге болады дейді.
«Қазір әлеуметтік қорғау және қолдау жүйелеріне сандық деректер мен түрлі технологиялар негізінен автоматтандыру, болжау, сәйкестендіру, бақылау, идентификациялау және жазалау, т.б. мақсаттарда көбірек енгізілуде», – деп ашып айтты сарапшы.
Сонымен қатар, Алстон «цифрлық әлеуметтік мемлекет» құру процесімен жеке сектордың айналысуына алаңдаулы. «Көптеген мемлекеттер ірі технологиялық компаниялардан адам құқықтарын сақтауын талап етпейді, ал компаниялардың өздері мұндай талаптарды қабылдауда құлықсыз болғандықтан олар адам құқықтары ескерілмейтін аймақта жұмыс істейді», – деді сарапшы спикер.
Баяндамашының сөзінше, әлеуметтік салаға сандық технологияларды енгізу заң шеңберінде әрі адам құқықтарын сақтау-құрметтеу шартымен жүргізілуі керек.
«Бетпердесі бар-жоғына қарамастан алыстан тани білетін ақылды бейнебақылау» мәселесі қазақстандықтарды мазалай бастады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қытай экспансиясына қарсы» наразылық өршіп тұрған тұста жуырда «Қытайдың адамдардың жеке бас деректерін цифрландыру әдісін» мақтап, Қазақстан Бейжің тәжірибесін қабылдау керегін айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, қазанның басында АҚШ «Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарға және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға қатысы бар, репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан» деген айыптаумен Қытайдың 28 компаниясы, соның ішінде Қазақстанда біраз жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Hikvision, Sense Time және Megvii Technology фирмаларына санкция салған еді.
Бұған қарамастан, ел астанасында қазірдің өзінде жолақы төлеудің жаңа әдісі FacePay жүйесі техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. FacePay – биометриялық мәліметтермен басқару жүйесі. №10 және №5 қоғамдық көліктерінде жүргізіліп жатқан пилоттық жоба адамдарды тану функциясы арқылы жұмыс жасайтынын ескерген IT мамандарын «авторитарлы режимде әсіреавтоматизациялау адам құқықтарына қарсы аңду, бақылау, құпиялық деректердің үшінші тарапқа қолды болу ықтималдығы қауіптері туатыны» мазалайды.
Бүгін Филип Алстон дәстүрлі түрде адам құқықтарын қорғауға қатысты мәселелермен айналысатын БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының Үшінші комитетінде «Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оның мәселелері» туралы баяндамасын ұсынады.