5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі.
Бұған дейін (1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап) 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылғы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған.
Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.
Жалпыхалықтық атаулы датаны туғанына 147 жыл толған Ахаңның мерейтойына орайластыруында үлкен мән бар. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор.
«Ұлт ұстазы» атанған Алаш арысы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Замана алыбына Сәкен Сейфуллин "...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп баға берген.
Тәуелсіздік тарихның алтын бесігі саналатын Алматы шаһарында Ахаңнан қалған қара шаңырақ бүгін музей ретінде жұмыс істеп тұр. Әйткенмен, асылдың көзі болған музей айналасында дау шиыры қалың. Мемлекет қамқорлығынан сырт қалып қойған тарихи мекен жекешелендіру құрбаны болуы ықтимал. Бұл мәселені ахметтанушылар, музей директоры Райхан Имаханбет, өзге де қоғам белсенділері БАҚ беттерінде талмай үздіксіз көтеріп келеді. Әзірге нәтиже жоқ. 150 жылдық мерейтойы қарсаңында билік мемлекеттік тілін реформалаған феномен тұлғасына қарайласып, көзіндей қадірлі мұраның үдесінен шыға алмаса қоғамға да, өзіне де зор сын болмақ.
Осы орайда айта кетерлік жайт, редакциямыз табиғи-уникалды сөз саптау ерекшелігінен ажырап, орыс тілінің аударма нұсқасына айналып бара жатқан мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне бейжай қарамай, қанатымен су сепкен қарлығаштай қолдан келгенше «Жарымжан жазба және мешеу маңдайша» айдарын жүргізіп келеді.