Мемлекеттік тіл мәселесі ұйқылы-ояу мемлекеттік құрылым мен самарқау кәсіпкерлердің «ортақ табысына» айналғалы қашан. Олай деуімізге себеп – аксиома, факт – мың сан. Қазақ тілінің заңнамада бекітілген стандарттар кеңістігінде қанат жая алмауының негізгі себебі – қоғамның келбетіне айналған көпшілік қызмет көрсету орталықтарының, тұтас бизнес секторының мемлекеттік тілге немғұрайлы қарауы.
Кәсіпкерлерден қазақ тілі неліктен қағажу көреді деп сұрасаң, айтар уәжі «Бізге ешкім айтқан жоқ», «Билік ескерткен жоқ». Билік ескертпесе де барлық ақпаратын орыс, тіпті ағылшын, қытай тілінде ұсынуға даяр кәсіпкерлер мемлекеттік тілге келгенде шабыты сарқыла қалатынына таңданасың.
Алдыңғы шығарылымдарда 3,5 шақырымдық шағын ғана Әуезов көшесінің өзінен елу шақты, Forum Almaty сауда ойын-сауық орталығының (СОСО) көрнекілік материалдарынан қырыққа жуық өрескел қателіктердің фотобаянын ұсынған едік. «Шаһар шахы шайға құмар» деген бар, бұ жолы назарымызға орталықтағы қоғамдық тамақтану орындарының «ас мәзірі» түсіп еді. «Менюге» құлағымыз үйреніскенімен, ішіндегі ішіп-жер тағам-сусындар тізімінде құрамы һәм дайындалуы мемлекеттік тілде берілуі тиіс. Бұл – заң! Ол бәріне ортақ. Әсілі ол түгеншенің рестораны, бәленшенің мейрамханасы дегенге көнбейді, егер шынымен зайырлы-демократиялық ел болсақ. Заңның алалаушылыққа жаны қас. Демек заңды табанына жаншып отырған атқарушы мамандардың мойнында бұл қажат іс.
20-ға жуық кафе-мейрамханалар мен кофеханалардың қонағы болып көрдік.
Көзтартар «менмұндалаған» мейрамханалар мемлекеттік тілдегі талапты «бүлікшілік» ретінде қабылдайтынын қазақша мәзір сұрағандағы адырая қарап, қайдан келдіңіз деп куәлік сұрауынан аңғаруға болады. Құдды бір айдан түскен «кринималды клиент» сияқты, жо-жоқ, Амазонка ормандарынан атып шыққан абориген тайпаның жалаңет өкіліндей көрінеміз-ау шамасы қазақтілділер.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Мемлекеттік тілді дамыту институты, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, аймақ-қалалардың Тілдерді дамыту басқармалары елдегі Мемлекеттік тіл қолданылысын өз деңгейінде қамтамасыз ете алмауда. Олардың әрекет-нәтижесі құмға төгілген шалап не бұлдыраған әбілхаяттық сағым тәрізді, бейнелеп айтқанда. Тілдік нормалардың сақталуын қатаң қадағалайтын, бақылауды босаңсытпай, күзетіп-күзеп, түзеп отырған кім бар? Ешкім! Тек жекелеген тұлғалар. Тіл жанашыры, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі көп жылдар бойы Кереку өңірінде мемлекеттік тіл жолында күресіп жүрген жан. Талай сотқа қатысып, қазақ тілінің заңды мүддесін қорғап келе жатқан ол өз тәжірибесімен бөлісті: ескертуден ештеңе өнбейтіндігін, сотқа жүгінбей билік «түк істемейтінін» айтады. Осыған дейін қазақ филологиясы маманы, түрік азаматы Оғыз Доған мемлекеттік тілде ақсаңдаған «Эйр Астана» әуекомпаниясын сотқа беріп, символикалық мәндегі 1 теңге төлемақы талабы қанағаттандырылып, жеңген еді.
Мемлекеттік тілді дамыту, оның қоғамдық өмірдің барлық әлеуметтік саласында өзінің мәртебесін алу – мемлекеттік деңгейдегі ең басты мәселе. Бүгінгі көріністен көргендей өз билігінен өгейлік көрген қазақ тілінің сөл-қансыз кейпі кез келген азаматты алаңдатары сөзсіз. Аталмыш жайтқа байланысты қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Дос Көшім:
– Біз де бұл мәселемен айналысқанбыз. Егер сол кафе, ресторандарға келген қазақтілділердің барлығы талап етіп, айқай шығармаса, бірді-екілі адамдардың айтқандарын құлақтарына қыстырмайды. Бұл екі жақтың да рухының жоғалуының белгісі. Кафе иесі ас мәзірінің қазақ тілінде жазылмауының өзіне, қазақтығына сын екенін білмейді. Ал тамақ ішуге келген қазақ ас мәзірінің қазақ тілінде жазылмауын намысқа тиетін жағдай деп қабылдамайды... Бұл жерде тек қана тұтынушылардың құқығын алға тартып жеңуге болады, – дейді.
Тіл, қала берді ел тағдырын белгілейтін мемлекеттік шаралар жүйесі. Бірақ мемлекеттік тіл саясатының бүгінгі беталысы бұлыңғыр, дәрмені әлсіз. ЖК, ЖШС, АҚ-ны ашу, құжаттандыру процесі кезінде Салық басқармасы, я электронды үкімет корпусы кәсіпкерге «мемлекеттік тіл заңнамасын тиісінше іске асыру міндеттімесін жүктеу» шартын қоя алмауын қалай түсінуге болады? Кәсіпкерлер мен тіл жанашырлары мемлекеттік тіл саясатын насихаттауда түсіндірме жұмыстары мүлдем жүргізілмейтінін айтады.
Біз зерделеген ас мәзірлерінің ішінен қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттың дұрыс берілуі, эстетикалық безендендіруі, сервис сапасы бойынша Rumi, KFC, Coffe Boom, Мадлен брендтері ғана заң үдесінен шыға алды. Ал, қалған қоғамдық тамақтану орындарының әкімгерлерінің айтуынша, оларға ешкім ескертпеген, шетелдік компания филиалы болғандығы себепті «мемлекеттік тіл талаптарын» қанғаттандыра алмайды немесе тұтынушылардың түгелдерлігі қазақ-басқасына қарамай тек орысша тілдеседі, қысқа қайырғанда – мемлекеттік тілге сұраныс жоқ екен-мыс. Кәсіпкерлер сөзіне сенсек, биліктің бағдарлама әзірлеушілері рационалды ойлаудан қалған, реалды жағдаят пен діттеген меже арасы жарық пен түнектей тым алыс, қабыспайды. Сонда деймін-ау, үкімет бекіткен «ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 ж. арналған мемлекеттік бағдарламасының» мақсат-нәтижесінде көзделген қазақшаны меңгергендер үлесі 90%-ды құрайды дегені қайда? Жоспар бойынша бағдарлама биыл мәресіне жетуі тиіс. Бір қарағанға нәтиже керісінше көрінеді. Мемлекеттік тілге қатысты заң бұзушылық нормаға айналған Қазақстан қоғамында біз көксеген көрсеткіш уақытты ұртоқпақпен сабасаң да жүзеге аспайтын миф.
Мемлекеттік тілде қызмет талап ету құқығы – әр азаматтың туа бітті хақы. «Мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын» (4-бап) «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» (Конституцияның 7-бабы), оны «меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы». Біздің тілек – 6 тарау, 27 баптан тұратын, 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданған «ҚР-сындағы Тiл туралы» №151 Заңын тек кәсіпкерлер емес, барша ел тұрғындары өз дәргәйінде қадірлесе, құрмет танытса.
P.S. «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады» («Тілдер туралы» Заң, 21-бап).
BonBon кофеханасының әкімгері Әсел орыс-ағылшын тілдерінде 5 жылдай қызмет етіп келе жатқандығын, қазақ тіліндегі сұраныстың жоқтығына шағынып, алдағы уақытта мемлекеттік тілдегі нұсқасының дайындалатынын айтты.
Нарықта жүргеніне 10 жылдай болған Мадлен тамақтану орнында заңға сәйкес екі тілде де ас мәзірі ұсынылған. Кафе әкімгері Гүлназ қазақтілділердің өзі орысша меню сұрайтынын алға тартады.
The coffee point кофеханасының әкімгері Людмила тек орыс тілінде берілген ескі ас мәзірінің жақын арада қазақ және ағылшын тілдерімен толығатынын хабарлады. Даяшы мен әкімгердің сөзінше мұнда да қазақ тілінде қызмет сұрайтындар қатары қат.
RUMI палау орталығының сервисі мен ас мәзірі мемлекеттік тіл нормаларына толық сай келеді.
Абылай хан даңғылы бойындағы AROMA кафесінің әкімгері Дидар ас мәзірінің тек орыс және ағылшын тілдерінде ғана үлгісі барын айтады. Сонжай-ақ ол 10 жыл көлемінде мемлекеттік тілде бірде-бір тапсырыс болмағандығын мәлімдеді. Заңнама бойынша түсіндірме жұмыстарынан соң, бір апта ішінде қазақшасын дайындауға уәде берді.
Өзін La TAVERNA ресторанының қызметкерімен таныстырған Нұрлан менюдің мемлекеттік тілдегі нұсқасын жоқтығын айтып, «адам сияқты тамақ ішуге келді ме десем» деп шамданды. Мейрамхана әкімгері Михайл екі апта ішінде қазақ тіліндегі ас мәзірін дайындауға сөз берді. Бізді «менюді түсірме» деп жұлқынған егде жастағы Нұрлан мырзаның «маған заң бәрібір, маған ақшаны осылар төлеп жатыр» дегені таңырқатты.
«Две палочки» суши мен пицца ресторанының ас мәзірі де қазақ тілінен жұрдай. Қызметкер Шолпан «үштілді мемлекетпіз ғой, ...қай тілде болса да ас мәзірі қазір ешкімді қызықтырмайтын сияқты» деген уәж келтіріп, біздің редакциямыз бен жұмысымыз туралы тергеп сұрақ жаудырды. Оның айтуынша, ресторанның ашылғанына жарты-ақ жыл болған. Заң талабын басшылыққа жеткізетінін айтты.
GLORIA JEAN`S кофеханасының әкімгері Нұржан тек ағылшын және орыс тілдеріндегі ас мәзірін жақында ғана жасатқанын, мұндай талапты бұрын-соңды естімегенін айтты. Оның айтуынша 5 жыл бойы қазақ тілінде мұндай талаптың барын ешкім ескерпеген әрі бір айда мемлекеттік тілдегі нұсқасын әзірлеуге қабілетті.
Жұмысын бастағанына 1 ай ғана болған Fresco кафесінің әкімгері Ажар қазақ тіліндегі ас мәзірінің 2-3 күнде дайын болатынын айтты.
Төле би-Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан StreEAT бар-кафесінде де мемлекеттік тілдегі ас мәзірі жоқ екен. Бар әкімгері Сэмнің айтуынша, қазақ-ағылшын тілдерінде ас мәзірі жасалады, клиенттердің тек 5%-ы ғана мемлекеттік тілде тапсырыс береді.
Mamma mia & Ciao Pizza пицца орталығының әкімгері Анна қазақ тіліндегі ас мәзірінің жаңартылмағанын, қазір тек орыс тіліндегі нұсқасы барынғ өздерінің «мемлекеттік мекеме емеспіз» деп айтты. Заңды көрсеткен соң ғана біраз жібісіп, келесі аптаға дайындай алатынын мәлімдеді. Даяшының сөзіне қарағанда мемлекеттік тілді 100/1-і ғана қажетсінеді.
Алматылықтар арасында танымал Paradise асханалар желісінің Сейфуллин-Гоголь көшелеріндегі филиалының қалың ас мәзірі тек орыс тілінде. Мемлекеттік тілде ешбір мәлімет берілмеген. Қазақ тілді аудиториясы басым асханалар желісінің барлық филиалында ахуал осы деңгейде. Асхана әкімгері Ермек Лесбекұлы айтуы бойынша ол бұл жөнінде басшылыққа «ұсынып көреді».
LAJIA GOURMET қытайлық тағамдарының рестораны әкімгері Жеңістің айтуынша қазақ тілінде ас мәзірі жоқ. Жаңадан ашылғандықтан қытай және орыс тілдерінен басқа нұсқасын дайындап үлгермеген. Түзету жұмыстару шамамен «екі-үш айда» іске асуы мүмкін.
Cafe Central кафесінде тек орыс және ағылшын тіліндегі ас мәзірін ұсынды. Ас мәзірі аса бай кафе әкімгері қазақ тіліндегі нұсқасын қашан дайын болатынын жобалап та айта алмады. Тіпті мемлекеттік тілде ас мәзірін сұратқан алғашқы клиентсіз деп түңілтіп жіберді.
Coffee Boom кофеханасы өзге кәсіпкерлерге үлгі боларлықтай жөні бар. Ас мәзірі тілдік нормативтерге сай әзірленген.