Қырғызстанда Ресейдің екінші әскери базасын ашу кімге тиімді?
Соңғы екі-үш айда ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Орталық Азияға Ауғанстаннан төнетін қауіп жөнінде жарыса жазды. Бұл наурыз айында өзінің шарықтау шегіне жетті. Себебі дәл осы айда Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға ресми іссапармен барды. Бірақ іссапардан кейін тараптардың Қырғызстан аумағында Ресейдің екінші әскери базасын ашуға байланысты қандай да бір келісімге келген, келмегендігі жөнінде БАҚ беттерінде ешқандай ақпарат тараған жоқ.
Негізінде Қырғызстан аумағында Ресейдің екінші әскери базасын ашу жөніндегі талқылаулар 2010 жылдан бері айтылып келеді. Ресми Бішкектің уәжі бойынша, ел аумағында 2003 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Кант әскери базасы қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті Ауғанстанға жақын оңтүстік облыстарға тағы бір әскери база салу қажет. Бірақ ресми Бішкектің бұл ұсынысына Мәскеу әлі күнге дейін нақты жауап бермей келеді. Сарапшылар пікірінеше, оның басты себептерінің бірі Өзбекстан.
Кремль Қырғызстанның (этникалық өзбектер көп қоныстанған ) оңтүстігіне әскери база салу арқылы Ташкентпен арадағы қарым-қатынасын бұзып алмауды ойлайды. Себебі өз заманында Ислам Кәрімовтың Бішкек пен Мәскеудің Қырғызстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарының біріне әскери база салуға байланысты талқылауларына қарсы шыққанын Кремль әлі ұмытқан жоқ. Ол кезде Ислам Кәрімов Бішкек пен Мәскеуді «аймақты жаппай қаруландыруға талпыныс жасауда» - деп айыптаған. Кейіннен дәл осы аймықта этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында ұлтаралық қақтығыс болып, қырғыз билігі аталмыш мәселені өз күшімен шеше алмайтындығын айтып, Мәскеу мен ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Бірақ сыртқы күштер Қырғызстанның ішкі мәселелеріне араласа алмайтындығын айтып, көмек қолын созудан бас тартқан.
Жалпы, ресми Бішкек соңғы отыз жыл бойы этникалық өзбектер көп шоғырланған оңтүстік облыстарының мәселесін шеше алмай келеді. Қырғыз саяси элитасы болашақта оңтүстік облыстарының жергілікті халықтың қалауымен тұтастай Өзбекстан аумағына кіріп кетуінен алаңдайды. Сол себепті 2010 жылдан бері ел тұтастығын сақтап қалу үшін сыртқы күштерді пайдалану арқылы аймақта тепе-теңдік балансын ұстап тұруға талпыныс жасауда. Бірақ ресми Бішкектің алаңдаушылығына қарамастан Ташкент осы уақытқа дейін бірде-бір рет Қырғызстанның оңтүстік облыстарына байланысты қандай да бір арыз-шағым түсірген жоқ. Керсінше, Ислам Кәрімов этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында қақтығыс болғанда шекараны ашып, қоныс аударуға мәжбүр болған мыңдаған өзбекті қабылдады. Десе де, «жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» ресми Бішкектің оңтүстік облыстарына алаңдайтын да жөні бар. 2019 жылдың қаңтар айының статистикасы бойынша, Қырғызстан аумағында 940 628 этникалық өзбек тұрады. Бұл ел халқының 14,7 пайызын құрайды.
Қырғызстан аумағына екінші Ресей әскери базасын салудың астарында жатқан тағы бір мақсат ол - экономикалық пайда табу. Қазірдің өзінде Бішкек Кант әскери әуе базасын пайдаланғаны үшін Мәскеуден жылына 4,5 миллион доллар қаржы алады. Владимир Путин мен Сооронбай Жээнбековтың наурыз айындағы кездесуінен кейін бұл сомма 291,5 мың долларға өсті. Себебі тараптар әскери база аумағын 60 гектар жерге ұлғайту жөнінде келісімге келді.