АҚШ НАТО-дағы одақтасы ретінде Түркияға қайталай ескерту жасағанына қарамастан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресейлік S-400 зымыран қорғаныс жүйесін сатып алу жоспарын растады. Мәскеу тарабының аталған әуе қорғаныс жүйесін алдын ала жеткізетіні белгілі болғаннан кейін, Уашингтон мен Анкараның дау-дамай күшейіп кетті.

Президент Ердоған бұл туралы пікірінде, Түркияның S-400 зымыран жүйесін сатып алуы өзінің әуе-қорғаныс қауіпсіздігі үшін ең қолайлы шешім екенін, ал оның терең дағдарысқа ұласуына АҚШ-тың тікелей жауапкершілігі бар деген пікірін айтқан.

Түрік президенті Ердоған жексенбі күні қолдаушыларына сөйлеген сөзінде: «Ресейден S-400 жүйесін алып келу, бұл – ізденістің нәтижесі. Сіздер (Уашингтон) бізді S-400-ді сатып алудан бас тартқызбақсыздар. Онда бізге өндірістік және қаржылық қолдау көрсетіңіздер», – деген. Ердоғаның бұл сөзі Түркияны орыс қорғаныс техникасына мүдделі етпес үшін, АҚШ-тың көмегін талап еткені белгілі. Ал, АҚШ ресейлік қорғаныс техникасының орнына өзінің Patriot зымыран жүйесін ұсынып көрген. Алайда, баға және технологияны бөлісу мәселесінде Анкара мен Уашингтон пәтуаға келе алмады.

НАТО мен АҚШ қарсылығы

Түркия орыс қорғаныс жүйесін сатып алуға ниет еткеннен тартып, НАТО-дағы одақтастары оған қарсы ескертулерін жасады. Олар ресейлік S-400 зымыран жүйесі НАТО қорғаныс жүейсіне зиянын тигізетінін алға тартты. АҚШ жетекшілік еткен F-35 ұшақтарын өндірушілер мен пайдаланушылар да бұған алаңдаулы. Түркия F-35 ұшағын өндіру мен пайдалануға қатысқан елдің бірі.

Ең өзекті стратегиялық маңызды мәселелерде Трамптың орнына ең салмақты ескерту мен айыптауды жасаушы АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс дүйсенбі күні Анкараға қарсы салмақты ескерту жасады. Пенс сөзінде: «Біз қарсыластарымыздан қару сатып алу үшін НАТО-ға мүше болғамыз жоқ. Егер біздің одақтастарымыз Шығысқа тәуелді болса, онда біз Батыстың қорғаныс қауіпсіздігін қанағаттандыра алмаймыз», – деді.

Зымыран өндіруші Ресей Ұлттық технология корпорациясының (Rostec) бас менеджері Сергей Чемезо бұл туралы: «Біз келісімшартқа қол қойдық. Биылғы жылдың аяғына дейін жеткізетін боламыз, әрі, Түркия сұратқан  барлық жүйелерді жеткіземіз», – деген. Мәскеу Түркияға S-400 жүйесін мерзімінен бұрын жеткізуі, НАТО жөнінен алып айтқанда, мәселені шешуге көп уақыт қалмағанын көрсетеді. НАТО тарабынан және АҚШ-тан Анкараға қарсы қысымның аз уақыт ішінде осыншалық күшейіп кетуі де содан.

Әрине, түріктің америкалық Patriot-тан бас тартып, орыс қорғаныс техникасын сатып алу процесін тездетуі, АҚШ пен Түркияның ұлттық қорғаныс және стратегиялық мүдделеріндегі қайшылықты өршіте түсері белгілі. Бұның соңы АҚШ-тың жазалау шарасына апарып соғуы да мүмкін. Егер АҚШ Түркияға экономикалық санкциялар салатын болса, онда бұл нағыз жаңа үйектерге бөлінудің соңғы процесі болып қалады. Себебі, қазір Түркияның Батыс пен Шығыс арасында өзіндік рөлі бар. Таяу-Шығыстағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде де Еуропа мен АҚШ Түркиямен санаспай отырған жоқ.

Анкара жөнінен алғанда

Мәселені бір жақты Батыс тұрғысынан қарауға да болмас. Түркия тарабында тұрып мына бір мәселені де айта кеткен жөн. Түркия алғаш рет ресейлік қорғаныс жүйесін сатып алу шешімін қандай жағдайда жариялады? Бұл Сүрия дағдарысы басталған тұс еді. Сүриядағы террорлық топтардан және басқа да қарулы күштерден зымыран қаупі Анадолы жұртын алаңдатқаны рас. Бұл тұста НАТО мүшесі ұйымнан әуе қорғаныс жүйелерін Түркияға жеткізуді, кеңістігін қорғауды қамтамасыз етуді талап етті. Алайда, Франция, Италия жеріндегі әуе қорғаныс құрылғылары түрік жеріне жеткізуге НАТО-ның өзі де ынталы бейне танытпады. Бұдан кейін Анкара: «Егер НАТО біздің кеңістігімізді қорғай алмаса, бізде өзіміз шара қолданудан басқа жол жоқ», – деген пікірін айтты. Ал, орыс қорғаныс техникасын сатып алу шешімі жарияланғаннан кейін бұл АҚШ бастаған НАТО мүшелері наразылығын бастады.

Түркияның да өз есебі ішінде жатыр

Америкалық Patriot немесе ресейлік S-400 қорғаныс жүйесі мәселесінде Түркияның өз есебінің тереңде жатқаны да көрінгендей болды. S-400 жүйесін сатып алатын кезде президент Ердоған ресейлік технология арқылы әуе қорғанысын қамтамасыз ете отырып, отандық қорғаныс жүйесін жасап шығаруға күш салатындарын мәлімдеген. Бұл мәлімдеме әрине Батыс елдерін алаңдатпай қоймайды.

Соңғы жылдары Түркия отандық әскери өндірісті дамытуға бар күшін салып жатыр. Түрік әскери өндірісінде жеңіл қарулардан тартып, ауыр соғыс техникаларын жасап, оны Сүрия жеріндегі соғыстарда сынақтан өткізіп те үлгірді. «Үлкен жиырмалық» мүшесі, Орта Шығыстың белді ойыншысы, байырғы империя мұрагері ретінде Анкараның да амбициясының ары да жатқаны осыдан-ақ белгілі.

Мейлі қалай десе де, Түркия қазір державалар арасындағы тартыстың бәсіне айналып тұр. Орыс бері тартады, Америка ары тартады. Тартыста тұрып түрік те өз мақсатын жүзеге асырғысы келеді. Бұл үрдіс Батыс пен Шығыс үйектерге бөлініп, XX ғасырдағы тарихи жағдайларды қайта түзуге бет алуда. Бір есептен АҚШ-тың Түркияға қатты кете алмайтыны да, құбылмалы Анкара саясатының Шығысқа аунап кетуінен алаңдауы. Әрі, Түркияны жоғалту Қаратеңіз бен Мәрмәр, Егей және Жерорта теңіздеріндегі маңызды одақтасын жоғалтып алу НАТО-ға да қиын тиері анық.

 “The Qazaq Times”