Интернет сайттарын ақтарыстырып отырып, «Іле газеті» деген БАҚ құралынан елең етерлік ақпарат көріп қалдық. Онда Іле аймағы, Шапшал ауданы, Үлкенбура ауылы, Кішібура қыстағы деген жердегі бір қытайдың екі қызын бірдей қазақша той жасап ұзатқаны туралы етектей мақала жарық көріпті.
Біз үлкен ұлт, алпауыт ел болсақ, бұған миығымыздан ғана күліп қоя салар едік. Мәдениетімізді, салтымызды сыйлап, оң пейілін көрсетіп жатқаны болар деп. Өйткені, төрт қыбыласы сай, мығым ұлттар үшін бұл қалыпты жағдай. Ал, қазіргі күйімізбен, біз де қазақы кең кеудеге салып, қуануға болар еді. Бірақ...
Енді, мақала мазмұнына оралайық. Үлкен дайындықпен өткен тойға қазақ, қытай, дүңген, ұйғыр т.б ұлттардан қонақтар келіпті. Той залына қазақы өрнекті тұскиіз ілініп, қазақ әні шырқалып тұрған. Бастарына үкілері шоқпардай сәукеле, қазақтың ұлттық нақышындағы той көйлегін киген жұбайларын, қос қытай азаматы қолтықтап ортаға кірді. Жігіттердің басында да қазақтың оюлы тақиялары. Той алдымен сексеннің сеңгіріне шыққан қазақ ақсақалдан бата алумен басталыпты. Қытай полиция бөлімінде істейтін қазақ азаматы да келіншегін ертіп тойға келіпті. Тегін келмеген екен, олар қыздардың әкесі – «ханзу аға-жеңгелеріне» қазақтың шапаны мен шәлісін жауып, қытай қарындастарына бақыт тілегенде залды шапалақ үні жарып кетердей болыпты.
Иә, сөз тасығандай болып жатсақ айып етпессіздер, ары қарай мақаланың мына мәтінін келтірейік: «Аққой мектебінің оқытушысы Еркін Сіләмбекұлының тойды қос тілде жүргізген әдемі асабалық сөздері, асқақ әндері тыңдаушының көңіл құсын көкке өрлетті. Қос тілде сөйленген тост сөздері, әр ұлт тілінде шырқалған ән, биленген би, бәрі-бәрі де ұлттар ынтымағының ұлы достығынан сыр ағытып тұрғандай».
Әрине, «ұлттар ынтымағының ұлы достығы» деген көздер жаман емес. Бірақ, осы «ұлттар ынтымағының ұлы достығынан» бір күйсе, қазақтың аузы күйер еді. Бұл – Совет Одағы кезінде де жалындай айтылған пафосты ұран. Қазақстанды ұлттар достығының лабораториясына айнрдырып жіберген саясат есте болар. Сол алып лабораторияда жасалған «тәжірибенің» зардабы қазақтың бойын әлі салдандырып жатқан жоқ па. Жә, ол басқа әңгіме. Сонымен, мына жақтағы « той қызығына» оралайық.
Әлгі, атыңнан айналайын, Кішібура қыстағында 3 мыңнан астам жан саны, 800-ге тарта отбасы бар екен. Оның 80 пайызға жуығы қазақ, 13 пайызы ұйғыр, 11 пайызы қытай. Қызын қазақ салтымен ұзатып жатқан қытай бала жастан сол ауылда өскен, қазақпен араласып, салт-дәстүрін ардақтап дегендей ынтымағы жарасқан ауылдастары. Бір қарасаң бәрі тамаша, бәрі көңілге қонымды. Осы жерде «бірақ»-ты қайта айтуға тура келеді. Бірақ, «бақсақ бақа екен» демекші, байқап қарасақ, бұның астары арыда екен. Иә, бұндай астары арыдан созылатын әңгімелердің көп екені бұрыннан белгілі ғой. Әлгі «қазақшыл» қытай тойды бекер «қазақ ағайынның» салтымен жасамапты. «Ұлттар ынтымағының берекелі шаңырағы» дейтін үкімет жағынан жоспарланған арнайы науқан шараның аясында жасапты.
Қазір Шыңжаңдағы жергілікті ұлттар, әсіресе қазақтар көп шоғырланған өңірлерде осы кейіптес шаралар көп-ақ. Шын мәнінде, бұның бәрі бетіне «ұлттар ынтымағы» деген маска киіп, ар жағына «аз қазақты жұтсам» деген жымысқы ой жасырған шаралар. Қазір Үрімжі көлеміндегі қазақ отбасыларында бірден «асыранды балалары» бар. Олар – қытай қызыл армиясының жауынгерлері. Жаңағы «ұлттар ынтымағының» аясында, сол өздеріне тиесілі қазақ жанұясына «бала» болған. Көмектеседі, жұмысына қолғабыс тигізеді, қарт кісілер болса, баратын жерлеріне ертіп жүреді, жастау отбасылар болса, балаларына қарайласады, тіпті кейін солардың ағасы, әуелі өкіл әкесі болып кетуі мұнда тұр. Сөзді көп созудың қажеті қалмады-ау деймін. Білген құлға бәрі түсінікті.
Айтпақшы, әлгі қазақ салтымен қыз ұзатып, той жасаған қытайдың құпиясына келейік. Иә, не құпия дейсіз. «Қой терісін жамылған қасқыр» секілді, сыртына қазақтың ұлттық киімін кигенімен, ішіне қазақты қытайға сіңіру, қытайластыру дейтін арам ойы жасырынып жатқаны анық қой олардың. Бүгін ол қазақша той жасады, енді ертең соның қарымжысын қайтармақ керек. Ол үшін, бір қазақ қытай салтымен той жасайды. Әуелі, қызын қытайға ұзатып, не қытайдан келін түсіруі де мүмкін. Өйтпесе, «Ұлттар ынтымағының берекелі шаңырағы» шайқалады ғой. Оны көріп, тағы бір қазақ қытай салтына көшеді. Сөйтіп жүріп, өз салтын ұмытады. Ал, балалары тіпті ондай салттары бар екенін де білмей кетеді. Солай, шапанмен, тақиямен алдаған қытайлар аз жылда қазақты салтынан да, тілі мен мәдениетінен де жалаңаш қалдырады. Рухы мен ішкі болмыс жалаңаштанған ұлт ары қарай киім де, үйін де талғамайтын болады. Кімнің есігі мен кімнің құшағы екеніне қарамай, кіріп кете беретін болады.
Бұл әрине, ауыр қасірет. Қазақты қытайластыруға үлкен қарқынмен, зор ауқыммен кірісіп жатқан қытай сан түрлі көз алдау, қитұрқы тәсілдерге баруда. Аз жылда қытай қазағының қытайға жұтылуы былай тұрсын, қысық көздер тіпті, шекараның бер жағындағы Қазақстанның ауылдарына да сұқтана қарайтын болады. Қарайды дейміз-ау, көз тігіп жүргелі қашан. Тек кірер сәтті ғана аңдиды. Ол үшін өз ауылдарындағы аяққа оралғы қамал – жергілікті қазақтарды асықпай жұтып алуы керек. Барлық құпия осы. Осыны біле тұрып, қапы қалмасақ екен дейміз.
«The Qazaq Times»