Доллар тағы да құнсызданды. Өткен аптада күрт өскен доллар бағамы 367 теңгеге бір-ақ жетті. Бәрімізге белгілі, Ұлттық банк 2015 жылы теңгені еркін айналымға жібергелі бері, доллар бағасының да жыл сайын шарықтап келе жатқанын байқаймыз. Қалталарында көк қағазы болмаса да, тұрғындар арасында «доллар фобиясы» жайлап тұрғаны шындық. Бағаларды дереу арттырған саудагерлердің де айтар уәждері біреу-ақ — «доллар көтерілді». Ендеше, теңгеміздің аумалы-төкпелі жағдайына нақты қандай факторлар ықпал етуде? Бүгінгі күніміз белгілі болғанмен, ертең жағдай қалай болмақ? Теңгеміздің тағдырына не әсер етуде? Көкейіміздегі осы және басқа да сұрақтарымызды белгілі экономист, «Pro gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халыққа қойып көрген едік.  

—        Мақсат мырза, сайтымызға осыдан үш ай бұрын берген сұхбатыңызда теңгенің әлі де әлсіреуі мүмкін екенін айтқан едіңіз. Ол кезде бұны қара алтын құнының құлдырауымен байланыстырған болатынсыз. Бұл жолы қандай факторлар ықпал етуде?

— Мұнай бағасы — бұрыннан келе жатқан негізгі фактор, бүгінгі күні де теңгенің құнсыздануына себеп болатын ең негізгі фактор болып отыр. Қазақстан экономикасы экономиканың классикалық сценарийімен дамиды деп айтамыз. Яғни, шикізаттық салаға қатты тәуелді. Демек, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы қаншалықты өссе, біздің экономикамыз да өседі, теңгеміз тұрақтанып, бюджетте тапшылық болмайды, ЖІӨ артады. Сол сияқты, көптеген макроэкономикалық оң көрсеткіштерді де көреміз. Ал енді керісінше, мұнай бағасы түссе, валютамыз да құнсызданады, ЖІӨ-дің өсу қарқыны бәсеңдейді. Және де экономикада құлдырау фазасы орын алады. Яғни, «голландық ауруға» сәйкес, экономиканың бір бағыттылығы, шикізат үлкен рөл ойнап кетіп жатады. Жалпылай алып қарайтын болсақ, біздің экономикамыз негізінен шикізаттық ресурстарға, солардың әлемдік бағаларына тәуелді. Ал, шикізат бағаларының тұрақсыз келетіні белгілі. Бірде өссе, бірде төмендейді. Қысқасы, өзіне деген әлемдік сұранысқа байланысты. Ал енді, мемлекет шикізат емес, дайын өнім шығаратын болса, онда сол елдің экономикасы тұрақты, тәуелсіз, қуатты болады. Осы тұста айта кететін жайт, 2003 жылы мемлекетіміз 2003-2015 жж. арналған индустрияландыру бағдарламасын қабылдаған болатын. Мақсаты — экономикамызды әртараптандыру, бір ғана бағытпен шектелмей, басқа да салаларымыздың бәрін дамыту еді. Бұл — сыртқы факторларға тәуелсіз экономика құру үшін керек болды. Бірақ, өкінішке орай, индустрияландыру бағдарламаларының өзі ойдағыдай нәтиже бермеді. Сондай бағдарламалар бір емес, бірнеше мәрте кезең-кезеңімен қанша рет қабылданды. Олардың бәрі көп жағдайда орындалмай қалды. Кейін, 2010 жылы «Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы» енгізілді. Сонда біз: «Бізде бір бағдарлама тұр ғой, онда неге тағы сондай бағдарлама қабылдап жатырмыз?» деген сұрақ қойған едік. Үкіметтің сол кездегі жауабы былай болды: «Біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа дайын болмадық. Сол жылдары үлкен шығынға баттық және индустрияландыру бағытындағы көптеген жобаларымыздың бәрі қаржыландырылмай қалды. Біз енді сол бағдарламаларды 2015 жылы жүзеге асырып, индустрияланған ел қатарына кіріп үлгермейміз. Сондықтан да «үдемелі» деген сөзді қосып, тездетіп 2020 жылға дейін үлгеруіміз керек», - деген еді.  Өткен жылы 2025 жылға арналған жаңа стратегиялық бағдарлама әзірленді. Енді оны әзірлеуге көптеген белді сарапшы мамандар қатысты, алдыңғы бағдарламалардан негізгі ерекшелігі де сол. Бірақ бағдарламаны әзірлеу өз алдына, ал оны орындауға келгенде атқарушы билік жауапты. Сонда теңгеміздің қуатты болып, экономикамыздың бәсекеге қабілетті болуында Ұлттық банктің ғана жауапкершілігі тұрған жоқ, бұл жерде үкіметтің алдына үлкен міндет қойылады.

Теңгенің құнсыздануына әсер етіп жатқан тағы бір фактор — АҚШ-тың федералды резервтер жүйесінің доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін бекітуімен байланысты. Өткен жылдан бастап оның мақсатты түрде өсіп келе жатқанын байқаймыз. Осы наурыз айында 1,5 %-дан 1,75 %-ға көтерілді. Өткенде, маусым айында 1,75 %-дан 2 %-ға көтерілді. Бұл — доллар бүкіл елдердің валюталарына қатысты өзінің құнын арттырды деген сөз. Содан бері барлық дамушы мемлекеттердің, сәйкесінше бүкіл дүниежүзі елдері валюталарының құнсызданғанын байқаймыз.

— Яғни, АҚШ-тың федералды жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін көтеруі өзге валюталардың құнсыздануына тікелей әрі автоматты түрде ықпал ете ме?

—  Иә. Оның себебі мынада. Дамушы елдерге көбіне-көп шетелдік инвесторлар қаржы құяды. Түпкі мақсаттары — көбірек табыс табу. Көп жағдайда осы мақсаттарына жетіп те жатады. Бірақ олар үлкен тәуекелге бара отырып жетеді. Яғни, сол дамушы елдердің нормативтік заңдарының әлі де болса дамымағанын, ол жерде қылмыстың көп болатынын, тіпті, төңкерістің де болып кетуі мүмкін екенін біле тұра, өздерінің қаржыларын құяды. Ал енді, АҚШ федералды резервтік жүйесі пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жатса, олар базалық пайыздық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін өзге де пайыздардың, атап айтқанда — депозиттің, құнды қағаздардың пайыздары көтерілетінін біледі. Сәйкесінше, инвесторда «Мен қиналып, үлкен тәуекелге барып, дамушы мемлекеттерге ақшамды құйғаннан гөрі, одан да АҚШ-тың депозитінде ұстасам, болмай ма» деген ой туындайды. Сонда капитал ағымы дамушы елдерден кетеді де, АҚШ-қа өтеді. Инвестицияның доллармен келетіні белгілі. Демек, бізде долларға деген сұраныс автоматты түрде пайда болады. Келіп жатқан инвестиция тоқтағандықтан, оған деген сұраныс артады. Дамушы елдер осы процессті қатты сезінеді. Себебі, олар инвесторлардың ақшасына белгілі бір дәрежеде тәуелді. Дамушы мемлекеттердегі сценарийді осылай көреміз.

Бұл айтылғандардан бөлек, соңғы уақытта қатты әсерін тигізіп жатқан үшінші бір фактор бар. Ол — Ресейге қатысты салынып жатқан санкциялар. Мысалы, ресейлік компанияларға салынған санкциялар сол компания акцияларының күрт түсіп кетуіне ықпал етті. Әрине, сол компанияларда қазақстандық инвесторлар да отыруы мүмкін. Демек, белгілі бір дәрежеде олар да өз қаражаттарынан айырылды деген сөз. Тура сол сияқты, енді сол компаниялардың қатарына банктерді де қосып отыр. Яғни, әлі нақты салынбаса да, бізде жұмыс істеп жатқан банктердің де аттары аталып қалды. Ресей қор биржасында болған жағдай бірден біздің қор биржамызға да әсерін тигізеді. Рубль құнсызданып жатса, біздің қор биржамыз да инвесторлар көптеп доллар сатып ала бастайды. Себебі, ертең теңге құнсызданады деп ойлайды. Сол ой бірден теңгенің де құнсыздануына әкеп соғады. Неге ондай ой қалыптасып отырғанын да айтайын. Себебі Ұлттық банк рубльді 5,5 көлемінде ұстап отыру саясатын көздейді. 2015 жылдан бергі жағдайды қарап отырсақ, рубль құнсызданса теңгеміз де құнсызданған. Рубль құнды бола бастаса, теңгеміз де құнды бола бастаған. Екеуінің арасындағы тығыз байланысты көре аламыз. Бұл енді, Ұлттық банктің саясаты. Оны ақтауға да болады, даттауға да болады. Ақтайтын жағы — бәрімізге белгілі, Ресей рубльдарын еркін айналымға бірінші жіберді. 2015 жылы теңгеміздің құнды болғаны сонша, 1 рубль 2,5 теңгеге дейін құнсызданды. Сол кезде біз мынадай тенденцияны көрдік. Біздің халық Ресей тауарларын, соның ішінде, заңды-заңсыз жолдармен қаншама көлік сатып әкеле бастады. Одан бөлек, азық-түлік өнімдерін жаппай сатып ала бастады. Тіпті, Мәскеуден пәтер сатып алғандары да болды. Нәтижесінде, бізден капитал ағымы болды. Қазақстанда капитал сақталмай, бәрі Ресейге өтті. Ұлттық банк басшылығы ауысқалы, рубль қалай жүреді, теңге де солай жүріп келе жатыр. Теңгемізді құнды қылып жіберсек, бізден капитал кетіп қалады. Сондықтан рубль құнсызданса біз де құнсыздандырамыз.

— Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жібермей, сонша уақыт ұстап тұруының себебі неде?

— Олай істеудің қажеті жоқ па еді деп ойлаймын. Себебі, Н.Назарбаевтың өзі: «Еркін айналымға жіберуіміз керек, себебі теңгемізді ұстап тұру үшін 28 миллиард доллар жұмсалды» деген болатын. Ал 28 миллиард доллар аз қаражат емес. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өзіне 3,5 миллиард доллар жұмсалған. Ал сол көрмені өткізу үшін біз әлеуметтік бағыттағы қаншама шығындарды тежедік. Тіпті, балалардың мектептегі тегін тамағына да шектеу қойылды. Сонда кеткен қаржы — 3,5 миллиард доллар. Ал, теңгемізді 1-2 жылдың көлемінде ұстап  тұру үшін кеткен қаражат — 28 миллиард доллар. Шынын айтқанда, ол ақшаға қаншама әлеуметтік жобаларды шешуге болатын еді, қаншама тұрғын үй салуға болатын еді?...

—        Халық арасында бір доллардың құны 460-500 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген ақпарат желдей желіп жүр. Күн сайын көтерілген бағамға қарасақ шындыққа да жанасатын сияқты ма?...

— Бұл да — мен айтқалы отырған теңгенің құнсыздануына апаратын факторлардың тағы бірі. Өзіңіз де айтып отырғандай, «Доллар мен теңгенің айырмасы 400 теңге болып кетуі мүмкін» деген сөз халыққа белгілі бір дәрежеде сенім ұялатады. Осындай қауесетке сенген халық жаппай доллар сатып ала бастайды. Тіпті, ешқандай экономикалық негізі жоқ бір мақаланың өзі долларға деген сұранысты арттырып, теңгенің құнсыздануына септігін тигізеді.

—  Түрік лирасының құнсыздануы да теңгемізге ықпал етіп жатыр ма?

— Қазір біз лираның кәдімгідей құнсыздануын байқап отырмыз. Түркияның орталық банкі өздерінің базалық пайыздарының мөлшерлемесін 16 %-ға көтереді деп айтып жатыр. 16 % — өте үлкен пайыз. Кезінде ондай пайызды біз де қойғанбыз. Қазіргі уақытта біздегі базалық пайыз мөлшерлемесі — 9 %. Ақырындап түсіп келе жатыр. Базалық пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болған сайын, сол елдің валютасының құны да соғұрлым жоғары болады. Себебі, сол елдегі депозиттердің пайызы, құнды қағаздардың пайызы жоғары болады. Тиісінше, инвесторлар сол валютаға қызығып келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, ондай кезеңнен біз де өткенбіз. Алайда, мұның тиімсіз тұсы бар. Базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары болғаннан кейін басқа да пайыздардың бағасы өседі. Мәселен, депозиттің пайызы жоғары болса, кредиттің де пайызы көтеріледі. 2014-15 жылдары бізде тіпті банктер де ипотикалық несие беруден бас тартты. Себебі, пайыздар өте жоғары болды. Сол жылдары бөліп төлеуге беретін банктер, тек несие беретін болды. Ал енді, қазір базалық пайыздық мөлшерлеме 9 %-ға дейін түсті. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен теңгені 9 %-бен алады да үстіне маржасын қосып халыққа береді деген сөз. Бізде қазіргі уақытта несие алу тиімді бола бастады. Бұл — базалық пайыздың төмендеуіне байланысты. Ал енді, Түркияда керісінше жағдай орын алып жатыр. Ол біздің экономикамызға тікелей әсер етеді деп айта алмаймыз. Керісінше, лира құсызданса біздің халыққа тиімді болады. Мысалы, Түркияға барып демалу ыңғайлырақ болады. Әрине, бұл жағдай ішкі туризмге кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, елімізде демалғаннан гөрі, бағасында айырмашылық жоқ Түркияға барған жөн санайтындар көбейеді.

—          Сіздіңше, теңгенің құлдырауы қашанға дейін жалғасуы мүмкін?

— Теңгенің бүгінгі құнсыздануы — осы жылдың шыңы деп ойлаймын. Доллар мен теңгенің айырмашылығы 367 теңгеге дейін баруы — осы жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш деп санаймын. Керісінше, енді доллар бағамы түсуі керек. Олай ойлауымның себебі, 2015 жылдан бергі уақытты қарасақ, жыл сайын тамыз айында теңге қатты құнсызданады. Өткен жылы да, оның алдыңғы жылдарда да тамыз айларында осы жағдай қайталануда. Өткен жылы қыркүйек-қазан айларында да біраз құнсыздану болды. Оған да сол, жаңа айтып өткенімдей, қауесет себеп болды. «ЭКСПО-2017» көрмесі біткеннен кейін девальвация болады» - деген дақпырт халықтың әбден сенімін жаулап алды. Сөйтіп, халық көптеп доллар сатып ала бастады. Осылай қолдан өсірілді.

—        Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына қатысты қандай шара қолданып отыр?

— Негізінде, Ұлттық банк бұл құнсыздануды ауыздықтай алады. Олардың қолында тұрған дүние. Қарап отырсақ, Ұлттық банк өткен жылы тамыз айында да, қыркүйек-қазан айларында да интервенция жасады. Ол кездегі интервенцияның көлемі шамамен 500 млн. доллардан асып жығылды. Өткен айдағы интервенциялық жағдайды қарасақ, Ұлттық банк ешқандай араласпаған. Олай болса, «Қазір неге интервенция жасамай тұр?» деген сұрақ туындайды. Менің ойымша екі жағдай болуы мүмкін. Біріншісі — бізде бюджет тапшылығы жоғары. 2014 жылдан бері бюджет тапшылығын ұлттық қордан аударымдар арқылы жауып келе жатырмыз. Менің ойымша, тура осы уақытта сол аударымдарды жасап жатқан сияқты. Осындай,  доллар көтеріліп тұрған кезде аударып алуды көздеп жатқан да болуы мүмкін. Себебі доллар арзан кезде аударғаннан гөрі, қымбат кезде аударған пайдалырақ. Бұл —бюджет үшін тиімдірек. Бюджет тапшылығын жабуға мүмкіндік болады. Екіншісі — бұл лобби топтардың әсерінен болуы мүмкін. Мысалы, мұнайды экспорттайтын компанияларға мұнайды қазіргідей жоғары бағамен экспорттау тиімдірек. Менің ойымша белгілі бір азаматтар, капиталистер ықпал етіп отырған сияқты. Бұлар енді, болжам ғана. Ал, Ұлттық банк доллардың бұдан әрі өсуіне жол бермейді деп ойлаймын.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл құнсыздану халықтың қалтасына қатты әсер еткен жоқ, сондықтан дүрлігетін ештеңе жоқ деп мәлімдеді. Бірақ, бұл — бүгінге дейін бағамданған ахуал. Ал, қазіргі таңда «доллар көтерілді» деген желеумен бағаның күрт артқаны да байқалады. Бір көтерілген бағаны қайтара алмасымыз да анық. Министрдің сөзі мен бүгінгі бағада айырмашылық бар ма?

— Меніңше, үкімет үнемі осындай позиция ұстайды. Мұндай сөзге үйренетін кез келді. Үкіметтің негізгі міндеті — халықты сабырға шақыру. Сондықтан да олар осындай сөздерді көп айтады. Бірақ, 1-2 аптаның айналасында доллардың өте қатты көтерілуі бағаларға кері салдарын тигізді. Доллар өссе, шетелден тауар әкеліп жүрген кәсіпкерлер бағаны көтеріп қояды. Себебі, оларға да табыс табу керек. Қазір бағалар өсіп жатыр. Бір өкініштісі, бір көтерілген баға кейін түспейді. Біздегі Антимонополиялық комитет қана бағаны тым өсіріп жатқандарға араласа алады. Егер бағаны өсіруші тарап өз әрекетін негіздеп беріп жатса, олардың да қолынан ештеңе келмейді. Одан кейін бізде мынадай да жағдай бар. Доллар өссе болды, шетелден әкелмей-ақ, ішкі нарықтың тауарын сатып тұрса да оның бағасын өсіретін кәсіпкерлеріміз де бар. Бұл да халықтың бюджетіне тиімсіз әсерін тигізеді.

Ұлттық банк жылда инфляцияны ауыздықтауға тырысып келе жатыр. Әрине, бірінші кезекте тұтынушылар үшін жасауда. Бағаның қатты өспегені халық үшін жақсы. Ұлттық банктің осындай  инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуі де сондықтан. 2015 жылы бізде 13,6 %-дық инфляция болды. Бұл — әжептәуір инфляциялық өсім. Оған дейінгі жылдардың бәрінде 7-8 % көлемінде болған. Сол кезде теңгенің қатты құнсыздануы белгілі бір дәрежеде халық тұтынатын тауарлардың қатты өсіп кетуіне себеп болды. Ал одан кейінгі жылдарда инфляциялық таргеттеу саясатын қолға алды да, енді ақырындап инфляцияны ауыздықтауға әрекеттер жасалынуда. Өткен жылғы инфляция 7,1 % болды. Енді биыл мақсатты межеде 6 % болады деп болжануда. 2020 жылы 4 %-дан асырмаймыз деген мақсат қойды. Мен белгілі бір дәрежеде осы саясаттың орындалғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі, егер де инфляция төмен болса, онда тауарлардың бағасының да шарықтауы төмендейді. Ал, инфляция 4 % болса, жаңағы Ұлттық банктің 9 %-дық базалық мөлшерлемесі де түседі. Мәселен, 7 %-ға, 6 %-ға немесе 5 %-ға түсетін болса, екінші деңгейлі банктер де өзінің пайыздарын түсіреді. Несие алу қолайлы болады. Ипотекалық несиені 7 % емес, 6 %-бен, кейінгі жылдары  5%-бен алу мүмкіндіктері болады. Ол белгілі бір дәрежеде халыққа ыңғайлы. Ал бірақ, экономистердің арасында «Ұлттық банктің саясаты кәсіпкерлерге тиімсіз. Себебі, олар тауарларының бағасын өсіре алмайды. Нәтижесінде экономика да өспейді» деген мәндегі тартыс бар. Яғни, олар тауардың бағасын өсіре алмаса, көп табыс таба алмайды, жұмысқа көп адам қабылдай алмайды, салық та көп төленбейді. Сондықтан осы процесте келіспеушілік бар.

Тоқетері, бізде жыл басынан бері қарайғы алты айда 2,9 пайыз ғана инфляция болған. Тауар бағалары да қатты қымбаттамаған. Бірақ қазір өсім байқалады. Мысалы күзде тағы өседі, жаңа жылдың алдында тағы өседі. Енді, ары қарайғы ахуал Ұлттық банкке сын.

 Әңгімеңіз үшін рахмет.

“The Qazaq Times”