Қазақстан мектептерінде директордың ақпараттандыру жөніндегі орынбасары қызметі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, ақпараттандыру саласында міндеттерді бөліп беру мұғалімдерге түсетін ауыртпалықты азайтады.
"Біз директордың ақпараттандыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонда мұғалімдерге түсетін ауыртпалық айтарлықтай азаю керек. Осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың аяғында нәтижесін көреміз деп ойлаймын", - деді министр.
Ал Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның сөзінше, жаңа қызмет түрі мәселені шешпейтінін және мұғалімдерге бәрібір ауртпалық түсетінін алға тартты.
"Мектептерге басшыдан гөрі орындаушы қажет. Директорлардың орынбасарлары сіздер үшін, облыстық, қалалық басқарма үшін ақпарат жинауда сол мұғалімдерге бұйрық беріп, солардан талап етеді. Бар ауыртпалық мұғалімдерге жүктеледі", - деді ол.
Алайда Сағадиев жыл сайын жоғары оқу орындарынан 10 мыңға жуық студент, ал колледждерден 8 мыңға жуық студент ІТ мамандығын алатынын айтады.
"Қазіргі кезде елдің 84 жоғары оқу орнында 33 мың, колледждерде 24 мың адам білім алып жатыр. Жыл сайын ІТ саласындағы жоғары білім гранттарын көбейтіп жатырмыз. 2018 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен біз грант санын 1340-қа көбейттік, оның ішінде ІТ мамандығының гранттары бар", - деді министр.
Айта кетейік, соңғы уақытта метептердегі қағаз бастылықты жою үшін түрлі технологиялар енгізіліп те жатыр. Алайда бұл мұғалімдерді балаларға сапалы білім беруге емес, басшыларға есеп беруге ғана итермелеуде.