Режеп Тайып Ердоған мен Абдуллаһ Гүлдің бастамаларымен құрылып, "Ұлттық көзқарас" идеясын насихаттайтын Saadet Partisi (SP, "Бақыт" партиясы) 2015 жылдың 1 қарашасындағы соңғы сайлауда 0,7% дауыс жинағанына әрі 2019 жылы өтетін сайлауға әлі бір жылдан астам уақыттың болғанына қарамастан қазірде Түркия билігінің күн тәртібіндегі ең маңызды мәселеге айналды.
Негізінде, Saadet Partisi-нің басшысы Темел Караманоглуға президент Ердоғанның "одақ" құруды ұсынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, президент өз ұсынысына оң жауап ала алмаса да, көп кешікпей-ақ Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Ата Заң комиссиясының басшысы Мұстафа Шентопты осы мәселеге қатысты аталмыш партия басшылығына оны "көндіру" үшін жіберген болатын. Дегенмен, Караманоглу өз мәлімдемелерінде "дәл қазіргі уақытта одақ құру ниеттерінің жоқтығын" айтып, Республикалық Одақ құрамында болғысы келмейтінін ашық білдірді.
Ердоған Saadet Partisi-не неге құмартып отыр?
Ұлтшыл Қозғалыс Партиясы (MHP) мен Республика одағын құрған Ердоған, 2019 жылғы сайлауды "қос майдан" ретінде қарастыруда. Парламенттен тыс "Ұлы Бірлік Партиясын" (BBP) да өзіне жақтас етіп алу арқылы "ұлттық және жергілікті" майдан құруды көздеген Ердоған, Республикалық Халық Партиясын (CHP) Демократиялық Халық Партиясымен бірге одақтасуға мәжбүрлеуде. Ал халықаралық сарапшылардың пайымынша, ол өзінің осы "ұлттық-жергілікті" идеясын мықтап бекіту үшін де Ұлттық көзқарасты насихаттайтын консерваторлық үлгідегі Saadet Partisi-ін өз одағына қосқысы келеді. Себебі, дауыс саны тіпті 0,5%-дан аз болса да аталмыш партия "АҚ" партияның негізін қалыптастырған, "консерваторлық" ұстанымдағы сайлаушыларға айтарлықтай әсер ете алады-мыс. Яғни, SP партиясының да одақ құрамында болуымен "ұлттық-жергілікті" бастамасы "ақылға қонымды" болады деп есептейді.
"SP" неге "АҚ" партия ұсынысын қабылдамай отыр?
2000 жылдары еншісін алып кеткен ұлттық көзқарасты насихаттайтын Saadet Partisi-нің төрағасы Караманоглу "АҚ" партия мен билікті қатаң сынай отырып, Ердоғанның алдымен өзі, содан соң көмекшілері арқылы құрмақ болған "одақ" ұсынысын кері қайтарды. Бұл қатаң шешімнің себебін Ердоған мен "АҚ" партияның "құтқарушы" секілді көрінгенін ұнатпайтындығымен түсіндірді.
Saadet Partisi-нің лидері АҚ партия мен Ұлтшыл Қозғалыс партиясының (MHP) одақтарын "ұлттық" деп атап, қоғамның 50%-ын "ұлтшыл емес" деп жариялаумен қатар, "менімен бірге емессің, сатқынсың" дегендерін де қабылдамағандарын айтады.
Караманоглу өз партиясы атынан президенттікке үміткер шығаратынын айтып келе жатқанына да көп болды. Ол: " Түрлі заңдар шығарыларда АҚ партия біздің де пікірімізді сұрап жатса, әрине өз ойымызды айтар едік. Бізге қандай қадам жасалса, біз де солай істейміз", - деді.
Осы орайда, ақпарат құралдары беттерінде президент Ердоғанның қатал сынына ұшырап келген бұрынғы президент Абдуллаһ Гүлдің Saadet Partisi-нің атынан президет үміткерлігіне түсетіндігі туралы да жазылуда. Бір қызығы, Абдуллаһ Гүл өзіне қатысты осы жел сөзге қандай да бір мәлімдеме жасамай отыр. Яғни, оның алдағы сайлауға түсетіні немесе бейтарап қалатындығы шын мәнінде ресми түрде жарияланбады.