Сүрияның Идлиб провинциясында әуе соққысы салдарынан 33 түрік сарбазы мерт болды. Түркия тарабы қарымта шабуыл жасауы мүмкін.

Оқиғадан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қорғаныс министрлігінің басшылары, сыртқы істер министрі мен Қарулы Күштері Бас штабының өкілдерімен шұғыл кеңес отырысын өткізді. Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглымен сөйлескен НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг «Біз Ресейдің Сүрия әскеріне қолдау көрсетіп отыранын жақсы білеміз және Кремльдің бұл қадамын қолдамаймыз. Алдағы уақытта жағдай ушығып кетпес үшін Ресей шегінуі тиіс. НАТО Түркияға қолдау білдіреді», – деді.

Мәліметтер бойынша, сарбаздар Сирия үкімет күштерінің әуе соққысы салдарынан көз жұмған. Дегенмен жағдайға қатысты ресми Дамаск билігі қандай да бір ақпарат тарқатқан жоқ. Соңғы ақпар бойынша, түрік билігі қарсы соққыға көшкен.

Ақпанның өзінде Сүрия армиясының артиллериялық шабуылдарынан 12 түрік әскері және бір азаматы қаза тапты. Бұған жауап ретінде Түркия Сүрияның 115 үкіметтік ғимараттарын нысанаға алып, 101 сүриялық жауынгердің көзін жойғанын айтты. Бұл мәселе төңірегінде АҚШ пен НАТО Түркияға қолдау білдіріп отыр.

Идлиб – оппозиция бақылауындағы Сүрияның жалғыз өңірі. Онда Дамаск билігінің режимімен өмір сүргісі келмейтін Сүрияның басқа өңірлерінен жиналған 3,5 млн босқын бар. Анкара Сүрия оппозициясына әскери қолдау көрсетеді, ал Ресей үкімет күштерін қолдайды. Сүрияда ресейлік әскери контингент орналасқан. Ресей ВКС ұшақтары сүриялық авиацияға көмектесіп, әскери оперциялар жүргізіп келеді.

"The Qazaq Times"