Үзіле жаздап жалғанған ұлт өнерінің бірі – құсбегілік. Болмысымызды бекемдеп, түп тамырымызға тартатын осындай өнердің бірі бүгінде белгілі деңгейде дәріптеліп жатыр. Алматы мен Астанада, әр облыстарда құсбегілердің мерекесі өтіп, жазда түлетіп, күзде қайырған қырандарын бәйгеге қосып жатады. Дегенмен, бүгінгі күнгі бүркітшілер фестивалі ата дәстүрге қаншалық жақын? Аңшылықтың ішіндегі ит жүгіртіп, құс салу табиғаттың заңына мейлінше бейім, табиғат алдындағы әділеттілікке жақтас өнер емес пе?! Қалалы жерде немесе ауыл маңында құс ұшыру құс табиғаты мен дала халқының жосыны тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Қазақ даласындағы аң-құстың азайып бара жатқаны қалай? Бірде әйгілі құсбегі Әбілхақ Тұрлыбаевпен бұл турасында ұзақ та, татымды әңгіме болған еді.
– Жыл сайын болып жататын құсбегілердің фестиваліне барып тұрасыз ба? Біздегі саятшылардың фестивалі қай деңгейде?
– Қазір енді, Құдайға шүкір, Арқа жақтан, Жамбыл жақтан, тұс-тұстан құсбегілер көбейді. Әр облыстарда жыл сайын жиналып жарыстарын өткізіп жатады. Мен бұл жарыстарына бармаймын, оларға өз пікірімді бердім, газетке де жаздым. Қазақта салбурын деген болады, өңшең серілер жиналып ішінде әнші-күйшісі, саятшы құсбегісі бар, бір жаққа апарып, аң-құсы көп жерден үйлерін тігіп салбурын жасаса деп. Ал енді анандай ел-жұрттың, қаланың, бала-шағаның ортасында бүркіт салып, аузын байлаған түлкі мен қасқырға салу, бұл енді моральдық жағынан да қазақтың салтынан да жат нәрсе. Соны қойсаңдар деген ұсынысымды олар көп қабылдағысы келмеді. Сондықтан мен олардың ісіне қатыспаймын.
Алғашқы құсбегілердің жиыны стадионда өтті. Бірнеше жүз емес, бірнеше мың адам жиналған. Ортадағы тордың ішінен шырға тартып түлкіні қоя берді. Ол түлкі тордан шығып кетіп, адамдардың арасынан әрең ұстап алғанымыз бар. Басқарушыларына барып: "Менің өмір бойы кәсіп еткенім осы, бұны мұндай жерде өткізуге болмайды. Біреудің бүркіті біреуді талап тастады, тордан шығып кеткен түлкіні аброй болғанда елдің арасынан ұстап алдық, ол біреуді тістеп жараласа не болады" деп едім, ипподромға өткізетін болып шешті. Маған 4-5 тірі түлкі ұстап берсең дейді. Менің ұстап отырған тірі түлкім де жоқ, оның үстіне ондай жерге құс ұшырмайтынымды айттым. Олар маған ренжіді, "сөз ұқпайтын қырсық екенсің" деп, бірақ кейін келе түсінді. Қазір енді бәйге өткізіп жатады, облыс, аудандарда. Ең қорлығы жарыстарына шығарған ереже-талаптары. Біреуі шығарыпты бір ережені – бір ыдыстың ішіне сақина салып қойып, су құяды, бүркіт оны төкпей алып келеді деп. Бұл енді мүмкін емес. Тағы бір ережесінде құсты қолынан ұшырады, 100 метр жерден қайтып айналып келіп қолына қонады деп. Сұңқар болса жарайды, кіші құстар айналып ұша береді. Бүркіт енді жынды болмаса, аң жоқ, жем жоқ қайтып қолға келсін. Оның бәрін дұрыс емес десең тыңдағысы келмеді.
Қасқыр, түлкі жіберсе де қай бір есі дұрысын жібереді дейсің, көре алмайтын, қаша алмайтын етіп жібереді. Қасқырдың аузын байлап қойып жібереді. Бұл жағдайларды газетке де жаздым. Бір жолы Сөгетіде болған саятшылар мерекесінде зоопарктен бір қасқыр апарып жіберіп, оған бес-алты бүркіт барып арқасына қонды, сонда ана қасқыр бес-алты бүркітті арқасына көтеріп, адам деген аты бар ғой көмектесетін шығар дегендей жұрттың арасына келді. Оны да жаздым, оны тыңдап жатқан олар жоқ. Осы бір ыңғайсыз жағдай болып тұр.
Мені барлық құсбегілік өнері бар деген елдердің бәріне шақырды. Немістермен де көп байланыс орнаттым. Германияда, Австрияда да Лондонда да бірнеше рет болдым. Араб елдерінің бәріне бардым. Өзің туған еліңнің салт-санасын жамандауға болмайды, оның бәрін шет жұртқа, сырттан іздеп келгендерге айта бермеймін.
– Бұл елдерде де тарихи құсбегілік дәстүрі болған ба? Шетелдерде құсбегілер фестивалі қалай өтеді?
– Арабтарда сұңқар, ителгі салады, ірі жыртқыш құстарды сала бермейді. Еуропадағыларда бүркіт салу бар. Бірақ оларда біз секілді көсіліп жатқан даласы болмағаннан кейін атпен жүріп салу жоқ. Жаяу көтеріп құс салады. Құспен байланысы жақсы, бағып-қағуында. Құстарының көбі қолда туып, қолда өсірген құстар. Біздегідей даланың өзінен алып үйрете бермейді. Бірақ енді құс пен адам қатынасы болсын, құсбегі мен құсбегінің қатынасы болсын, мәдениетті, биік өреде. Табиғаты жақсы қорғалған, табиғи қорықтарының кез-келгеніне барады. Сондай жердің біріне барып дауыстаса болды не бір-екі елік қашып шығады, не бірер түлкі қашып шығады. Жататын жерлері, дайындық қылатын жерлері бәрі дайын. Аңшылық қылатын жердің бәріне заңды түрде ақшасын төлейді. Қанша елік алды, қанша түлкі алды бәріне үкіметке салығын төлейді. Бір-бірінен білмегенін сұрап, тәжрибе алмасып жатады, бір тамаша енді, барсаң. Соларды көріп қорланып кетем, нағыз біздің баяғы салбурынды осылар жасап жүр екен ғой деп. Сосын өте сауатты, сол саладан хабары бар, құстың мінезін, табиғатын білетін түсінігі терең адамдар ұстайды. Құстарын еркін ұшырады, даладағы секілді. Өздерінің ережелері бар, қатар келе жатқанда кімнің оң жағынан түлкі не басқа аң қашса сол құсының томағасын тартады дегендей.
Мәдениет деген сондай екен. Мен енді қанша рет Құдайдың зарын қылдым, өтініш айтып. Бізде де салбурын деген болады, оған көңілі жақын бүркітшілер, сал-серілер жиналады, бақыршылары, атқосшылары болады табиғаттың жақсы бір жеріне барып, салбурын құрып, кеште кімнің бүркіті қалай ұшты дегендей әңгіме қылып, бір бірінен үйренеді дегендей. Жоқ, оны істегісі келмейді.
Есесіне не бір сорақылықтар болды ғой, бәйгесіне таласып, бірінің құсына бірі қастық қылатын дегендей. Бірінің құсына бірі бірдеме ішкізіп жіберетін, біз тығып алу деген секілді не бір иттік жасайтындары бар. Мен енді олардың жарысына бармаймын, бір жолды мен барып бәйге ала қояйын деп бір досым құсымды сұрап келгесін берсем, түнде ол шайға айналғанда біреуі барып темірмен ұрып бүркітімнің кеуде сүйегін сындырып кетіпті. Кейін жазылғанымен кеудесінің қыр сүйегі түсіп қалды. Надандық қой енді.
Қазақ құсбегілігінің болашағы қалай болады, алаңдаймын әрине. Әсіресе бір кішкене балалар, қыз-қырқын бүркітін көтеріп шығады. Сонда ойлаймын, Абылайдың, Кенесарының бәйбіше-тоқалдарында ат болмады ма, бүркіт болмады ма, салатын болса солар неге салмаған. Талайына айттым, не мынау енді, бүркіт деген бүркіт, табиғаты жыртқыш, қыз баланың мінезіне де, табиғатына да келмейді.
– Анау Моңғолиядағы бүркітші қыз, бүкіл әлемге танымал болды ғой, қазақ құсбегісінің мұрагері ретінде... Тарихымызда сонда әйел затына бүркіт ұстау жосыны жоқ па?
– Иә, Моңғолиядағы бүркітші қызды көрдім. Эмиратта ма, Катарда ма, бір мерекеде кезіктім, әкесі ертіп барыпты. Бірақ енді ол қыз балаға бірдеңе деуге болмайды, бірақ басқаларына айттым, қыз деген біздің көз қарашығымыздай қорғайтынымыз тұрса, оған енді бүркіт бақтырып, ит бақтырып, аю бақтырғанша басқа қазақта өнер құрып қалып па, соны неге үйретуге болмайды деп.
Енді еріккенде ауылдағы қыз-қырқынды, бозбалаларды ерте жүріп, сұңқар, ителгіні құстарға салып, қоянға салып, ер балаға бауыздатып дегендей ондай болды ғой. Бірақ енді мына бүркіт деген тым қарулы құс қой. Тағылығына басып оқыстан қыз баланың бетінен ұстап қалса немесе кеудесінен ұстап қалса, ажыратып болғанша оның тұяғы өтіп кетеді. Қанша жерден әйелдердің теңдігі, қайсарлығы дегенмен де, ойлап қарасаң Бопай ханым бүркітке күші келмеді дейсің бе, саламын десе. Сондықтан бұл енді кешегі коммунистік жүйеден қалып қалған дарақылығы мен сорақылығы, меніңше.
Біздің қазаққа өкпелеуге болмайды менше. Ресейдің үш жүз жылдық шабуылы, оның бері жағында Кеңес үкіметі, осының бәрі біздің генетикамызға, тегімізге шабуыл жасапты ғой. Абайдың бір қызын, күйеуімен, бала-шағасымен есігінен кіріп атып тастаған. Үйткені бұйрық солай болған. Генетика дегенді алдынғысы да, кейінгі коммунистері де жақсы біледі. Түптің түбінде біреу шығады деп ойлайды. Біздің қазақ не көрмеді, қымс етсе бай дейді, бекер кісі, ақымақ кісі бай бола ма. Енді оның үстіне апарып, түк көрмеген, жамандықпен көзін ашқан жындылар білгенін істеді. Қазақты тек жағынан құртып алсақ, мақұлықтарды басқару оңай дегендей саясат жүргізілді ғой баяғыдан.
Ал, қазіргіге не дейміз. Саясаттан өзім қорқам, содан ұшынып, қаңғып жүрген адаммын. Бірақ мынау ұлттық дүниелердің бәрі кейінге қалып, елдің бәрін жарылқаймын деген нәрселерді артымызға қарап-қарап алып істеу керек еді. Осындай нәрселер кейде миыма симайды. Қазақ дұрыс өзімізге ие болып, өз өнерімізді өркендетіп, қайда тұрсақ та қазақ екенміз көрініп тұратын дәрежеге жетіп алмай тұрып елдің бәрін жарылқағанымыз дұрыс па?!
– Қазақтың құсбегілік өнерінде, Моңғолиядағы қандастарымыз туралы көп айтылады. Батыстың ықпалды ақпарат құралдары да деректі фильмдер таратып жатады. Олар да енді атадан балаға қалып, мұра болып келе жатқанға ұқсайды.
– Моңғолияға барғанымда бүркітшілерін көрейін деп арнайы Баянөлгейдегі бүркітшілердің фестивалінде болдым. Олардың да бүркітшілер жарысы сол біздікіндей ғана өтіп жатты, ешқандай айырмашылығы жоқ, мен енді олардан бір кереметтей өнер көрмедім. Жетім күшіктей бір қасқырды жіберіп еді, екі-үш бүркіт жабылып барып алды. Қайсысы қасқырды алып жатыр, қайсысы бүркітті алып жатыр білінбейді, иелері барып ажыратып алғанда қасқыр әлі тірі жүр екен. Сосын саятшылықтың жөнін білетін ақсақалдарын сұраттым. Сүйтсем олардың да нағыз құсбегі саятшылары ондай баланың ойыны секілді фестивальдерге келмейді екен. Оларға баруға жол алыс деді, реті келмеді. Бірақ енді сондағы жүргендердің біріне:
– Алтайдың теріскейін болмаса да, күнгей бетін білеміз, әлгі «Алтайдың ақ иығы» қайда? Оны салатын құсбегілерің қайда?, – дедім.
– Бізше? Біз құсбегі емеспіз бе? – дейді.
– Сен құсбегі емессің, ренжісең ренжі, – дедім.
– Оны қайдан білдің?
– Құсыңды көріп тұрмын, қанатын әрең көтеріп тұр, – дедім. Енді бәрін үйтуге болмайды. Арасында не бір құсбегілер бар шығар, бәрінің құсын аралап көргенім жоқ.
Ұланбатырға барғанда суретке түсуге бір бүркіт отырғызып қойыпты, бишараның аяғы ісіп, топшысы құрттап кетіпті. Соны ұстап суретке түсіріп жүрген балаға: мынау киелі құс, бүйткенің болмайды, емдеп жазуға болады деп айтып кеттім, басқа не істеймін. Дегенмен бізден жақсы, туризмі жақсы дамып келеді екен. Шыңғысханның алып мүсінін тұрғызыпты, онда да тұр бүркіт ұстап. Ат-көлік, барлық қызмет көрсетуі толық, табиғаты тұнық, баяғыдай орыс тілі емес, ағылшын тілі жүріп тұр. Біраз жерін аралап көрдім, туристер көп, өзім риза болып қайттым, осы бетімен тұрса тез көтеріліп кетеді.
– Бізде аң-құстардың азайып бара жатқаны анық. Бұл неден? Не істеуге болады?
– Қазір мына қасқырды мәшинемен қуалап, мылтықпен атып қырып жатыр ғой. Менің өзімнің ойымша, қасқырдың қазаққа қылатын жақсылығы мына милициялардан артық. Біз бала кезімізден көрдік қой, ойбай, қойды күзет, қасқыр тиіп кетеді, малды күзет дейді. Қашанда сақ, секем отырасың. Қазақтың милициясы болған, былайша айтқанда. Соның арқасында малға қарап, малсақ болдық қой. Қасқыр өзі жыртқыш болғанымен текті зат қой. Егер оның тұқымын құртып жіберсек, мына далада алуан түрлі ауру болады. Малдың қандай да ауырумен өлгенін қасқыр жеп алады да, ауру қасқырмен кетеді, қасқырға түк те болмайды. Табиғатты тазалап жүреді. Қазір енді қасқырдың жейтін аң-құсын өзіміз атып қырып тастадық. Сосын ол қолдағы малға тиіспегенде қайтеді. Бөкен анау, қасқыр түгіл өзінің санына келтіре алмай жатқанда, мүйіз үшін оны қырып тастадық.
Осыларды қарап отырып ой келеді, оны үкіметке айтам ба деймін, бірақ мені қай үкімет тыңдайды. Ақыры бастама көтергіш елміз ғой, ядролық қарусыз ел дедік, Сүрияны да татуластырып жатырмыз. Үйткенше тағы бір бастама бастасақ, бес жылға мылтықпен аң аулауға тыйым салу дейтін. Үйткені жыл құсы деген құс бар, көктемде келеді, жаздай жайлап, күзде қайтады. Енді солар көктем де туған жерім, Балқашым, Ілем, Жайсаңым деп қанаты талып, әрең-әрең ұшып келгенде алдынан оқпен қарсы аламыз. Тіпті соған рұқсат береді. Солардың тағдыры мен оралмандардың тағдыры бірдей секілді елестейді кейді. Қазір мына Қапшағайдан Балқашқа дейін атқаннан қалған дәріні жинайтын болса, құдай біледі Алматы бір қыс көмір жақпай шығар еді. Соншалық көп оқ атылады. Ол құстар көп болса сұңқар да көп болады, қаршыға да көп болады. Табиғатың да басқаша болады.
Ал қасқырды тікұшақпен қуып, төбесінен келіп атып қырып тастағанша, мықты атыңа мін, мықты бүркітіңді көтер немесе мықты тазы-төбетіңді ерт, соны қызық көретін Батыстың серілерін ілестір, ақшасын ал, саятқа шық. Олай жүріп ұстасаң, біріншіден әлгіндей қырып тастамайсың, екіншіден Құдай мен табиғат алдында әділеттілік қой.
Баяғыда бір ақынға қасқырдың терісін сыйға тартқаным бар. Сыйға бергенде айтып бердім, мынау бүркітпен алған емес, тікұшақпен қуып жүріп төбесінен келіп атып алған қасқырдың терісі. Төбесінен келіп ататын кезде көкке қарап ұлып еді. Атып алып жасы үлкен деп маған байлап еді. Бірақ сол қасқыр ұлығанда жанымдағылар ештеңе білмеді, менің түсінгенім: «Иә, Құдай, мынандай техникасы бар жауыз адамдар өлтіргенше, мені несін жараттың» дегендей болды. Жекпе-жектің екі түрі бар, бірі әділетті, бірі әділетсіз. Мынаны төріңе іліп қой да, мынау әділетсіз жекпе-жектен жеңілген бөрінің терісі, қоғамдағы әділет пен әділетсіздікті есіңе салып тұрсын деп беріп отырмын дедім.
Атын айтпай-ақ қояйын, өздеріңдей бір жігіттен сұрағаным бар, қанша қасқыр аттың деп. Сонда мыңнан асқанын білем деді. Тікұшақпен қуып жүріп атсаң қасқыр қайда тығылады. Сол мергендік пе, батырлық па, мақтан ба! Сол секілді мылтықпен атуды бір бес жылға шектеу бастамасын, президент бола ма басқа біреуіміз болама көтерсек. Бес жылда су маңайындағы жуас құстар да, жыртқыш құстарда көбейеді. Табиғат та жақсарады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Құсбегі қартпен әңгімеміз тек бұл ғана емес еді. Атадан қалған өнерге қалай бой ұрып, қалай құс ұстағанынан тартып, Кеңес одағы мен Қытай арасындағы қақпақылға түскен тағдыры, сонау замандарда қазақ жерінен өшкіндей түскен ұлт өнерін үзбей сақтап қалған кешірмелері, өзінің сыр-мінезі туралы ұзақ әңгіме шерткен еді. Бұл қатардағы сыр-әңгімелерін, өзі өмірінде ұстап баптаған саят құстары, олардың ерекшелігі, бекзат өнердің сыр-сипаты туралы әңгімесін сайтымызда алдағы уақытта оқырманмен бөлісетін боламыз.
Сұқбаттасқан Естай Божан