ВИЧ вирусы Латын Америка құрлығының байырғы тұрғындарын толықтай жойып жіберуге жақын тұр. Әлемдегі ең ұзын Амазонка дариясының жағасындағы, әсіресе Венесуэланың оңтүстік-шығысындағы Ориноко (Orinoko) тауларында жасайтын кейбір тайпаларда бір де бір еркек кіндікті қалмай қырылған. Аталған өңірдегі жергілікті тайпалардың 10 пайызы ВИЧ вирусынан зардап шеккен. Кейбір тайпалардың 16-23 жас аралығындағы ерлер аталған вирусты жұқтырған.
Бір халықтың 10 пайызы аз көрсеткіш болып көрінгенімен, шын мәнісінде бұл өте қорқынышты статистика. Айталық, Варрудың кейбір тайпаларында еркектер түгелімен көз жұмып, тек әйелдері ғана қалды. Осы тайпаның аман қалған қыздары ешкімге тұрмысқа шыққысы келмейді. Өңірдегі жергілікті тайпалар олар туралы «біреу дуалап кеткен» немесе «қарғыс атқан» деген қауесеттер айтады.
БҰҰ-ның аталған қорқынышты індет жөніндегі мекемесі таратқан мәліметке қарағанда Венесуэланың өзге аймақтарында халықтың 0,6 пайызы індетке шалдыққан. Мәліметтер көрсеткендей Варру этникалық тобы ВИЧ дертінің ең негізгі таралу объектісі болып отыр. Ал Варру халқының саны бар болғаны 50 мың шамасында.
Венесуэланың Ғылыми зерттеу институтының директоры Влор Пужор BBC-ге берген мәліметінде: «Өте ауқымды таралып жатқан індет алаңдатпай қоймайды. Бұл вирусты жұқтырғандар тым көп, Африкадағы эпидемияға ұқсас мұнда да вирус тым тез таралып отыр. Бұл бір сирек жағдай, ВИЧ вирусы шет жерден келген және бұл бұдан бұрын Латын Америкасының байырғы тұрғындарында болған емес», – деген пікірін айтады.
Варру жұртына тараған вирустың ерекшелігі ол тез арада СПИД-ке айналып, жұқтырған адам көп ұзамай көз жұмады. Бұдан өзге Гуайо жұртына да кесепатты ауру таралып жатыр. Зерттеушілер вирусты филиппиндерден келген болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ, оны нақты дәлелдеу қиын. Эпидемияның тағы бір ерекшелігі еркектерге көбірек тарайды. Басым көп тайпаларда орта есеппен 35 пайыз еркек вирус жұқтырса, әйелдері 2 пайыз айналасында ғана.
Ғалымдар бұл қорқынышты жағдайдың сырын ұғу үшін Варру этникалық тобының гомосексуалдық және бисексуалдылыққа қаратқан көзқарасын зерттеу керек деп қарайды. Негізінде бұл этникалық топтарда трансгендердің «пәтшағарлық» әрекеттері жоқ емес. 2013 жылы жариялаған зерттеу нәтижесінде, кейбір антропологтар Варру тайпаларының трансгендерді екінші әйелдікке алатыны туралы мәлімдеген. Оған қоса бұл этникалық топтарда туберкулез індеті де көптеп тараған. Сондықтанда оларда ВИЧ індетін жұқтыру ықтималдығы жоғары болады.
Венесуэладағы дағдарыс та індетті тізгіндеуге кедергі болып отыр. Елдегі денсаулық сақтау саласы осыдан бірнеше жыл бұрын толықтай дағдарысқа ұшырап, болып жатқан жағдайларды бақылаудан шығарып алған. Қазірдің өзінде елдегі дәрі-дәрмектің 85 пайызы жарамсыз. Қазір дамыған елдердің зерттеушілері, дәрігерлері мен ғалымдары Варру жұртына көмектесіп вирусқа қарсы шараларды қолдан келгенше жасауда. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың індет туралы түсініктері де тым төмен. Жалпы Варру жұртына көмектесуде қиыншылықтар да көп. Бұл тайпалар шалғай таулы, орманды алаптарда жасайтындықтан, оларға жету де оңай емес. Ең жақын қаладан жүрдек қайықпен тез болғанда 8 сағатта жетуге болады. Ал, Венесуэланың орталық қаласы Каракастан 700 шақырым қашықтықта.
Елдегі дағдарыстың ауырлығы соншалық зерттеушілер мен дәрігерлер қайықтарына жанармай да таба алмай әбден қиналады. Оған қоса елдегі әлеуметтік жағдайдың қиындауына байланысты қылмыс жасау деңгейі де арта түскен. Бұл жағдайлар Варру жұртындағы індет туралы жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік бермейді. Зерттеушілер мен дәрігерлер бір рет барып тексеріп-зерттеп, вирус жұқтырғандардың санын анықтап, екінші рет көмекке барғанша алдынғылары толықтай көз жұмғанын айтады. Ғалымдар бұл тайпалардың толығымен қырылып, жер бетінен жоқ болып кетуі бек мүмкін дейді.
Адамзат тарихының «Америка құрлығының ашылуы» деп аталатын маңызды парағы бар. Бірақ, бұл парақ көп жағдайда Оңтүстік және Солтүстік Америка құрылығындағы жергілікті халықтың зауалына ашылғандай. Жазушы Т. Әбдіковтің «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармасында аталған аянышты жайттың астарын ашып, өз басымыздағы қасіретті меңзеп еді. Десе де осы бір «қарғысқа ұшыраған» тайпалардың тағдыры ойландырмай қоймас. Оларға сырттан келген індет өз алдына да, өздеріндегі кісі баласына жат қылықтары өз алдына зауал болып төнуде. Бұл бізге қоғамымыздағы кейбір келеңсіздікті ертерек тыйып, асыл текті аман сақтау керек екенін ескерткендей. Ал, генетика іліміне жүгінер болсақ, сол алыс құрлық тұрғындарының қаны түркі текті халыққа іргесіндегі көрші ұлттардан да жақын.