Өз ағам атанған өзбектер қазақтар үшін ең жақын туысқандарының бірі. Өзбек ән-жыры, салт-дәстүрі бізге етене таныс. Кейде тіпті бір бірін қайталап та жатады. Жасурбек Жабборов пен Дилноза Акбарованың орындауындағы "Әзизім" әні.
Өзбектер (өз. O’zbek, O’zbeklar) — ұлт, Өзбекстан елінің негізгі халқы. Жалпы саны 30 млн-дай адам [дереккөзі келтірілмеген] (2012). ТМД шеңберінде, соның ішінде Тәжікстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда көп тұрады. Солтүстік Ауғанстанда, ҚХР-да, т.б. алыс шет елдерде де өмір сүреді. Уикипедия Өзбек ағайыедар туралы осылай дейді.
Антропологиялық жағынан ферғана-памир нәсіліне жатады, моңғол өңдесі аралас. Өзбектер этногенезіне Орта Азияны мекендеген ежелгі соғдылық, хорезмдік, бактриялық, ферғаналық тайпалар мен сақ, массагет тайпалары аздап та болса өз үлесін қосты. Өзбектер ұлтының қалыптасуы ұзаққа созылды, оның құрамы үлкен үш топқа бөлінді:
Бірінші топ — көгалды алаптардағы отырықшы халықтар арасындағы негізгі халық. Бұлардың басты белгілері ру мен тайпаға бөлінбейді, суармалы егіншілікпен, қолөнерімен, саудамен шұғылданады, қалалар мен ірі қыстақтарда тұрады. Өзбектердің бұл тобы Ташкенттің көгалды алқабы мен Парғана алқабында мекендеген. Олар өзбек халқының қалыптасуына, көшпелі өзбек пен өзге де көшпелі тайпаларының отырықшылануына ықпал жасады.
Екінші топ — Мауераннахрға моңғол дәуіріне дейін және Шыңғыс хан заманында ауып келген түркі-моңғол тайпаларының ұрпақтары (қарлұқ, барлас, қалтатай, моғол, т.б.), бұлар отырықшы халыққа сіңіскен жоқ, жартылай көшпелі өмір сүріп, ру-тайпалық дәстүрлерін сақтап қалды. Олардың көпшілігі өздерін «түрікпіз» деп атады.
Үшінші топ — 15 ғ-дың аяғында Дешті Қыпшақтан ауған өзбек тайпаларының ұрпағы. «Өзбек» атауы осы тайпалармен бірге келді. Бұл тайпалар шежіре деректерінде «92 баулы өзбек» деп аталады. Бұлардың көпшілігі орта ғасырларда-ақ әбден белгілі болған қыпшақ, найман, жалайыр, қаңлы, қытай (хитай), қоңырат, маңғыт, дүрмен, қатаған, қырық, сарай, кенегес, қият, құтты, ұйғыр, т.б. тайпалар мен халықтар еді.
Өзбектердің этнографиялық қалыптасуына (әсіресе Хорезмде) оғыздар да қатысты. 16 ғ-да Бұхар хандығы, Хиуа хандығы, 18 ғ-дың бас кезінде Қоқан хандығының құрылуы өзбектердің ұлт ретінде қалыптасуын ұзақ уақыт тежеді. Олар тек 20 ғ-да Кеңес өкіметі тұсында ғана ұлт ретінде қалыптасты. Кеңестік жүйе олардың әрбір аудандағы өзіндік мәдениетін бір арнаға күштеп түсірді.
Көпшілігі Ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады.