Бізді орталықтағы «Гранада» қонақүйіне түсірді. Ертеңіне ояна келсек, радиодан гимн естіліп жатыр. Диктор саңқылдай сөйлеп, «революция болды, билікті армия өз қолына алды» деп хабарлап жатты. Кеше ғана осы елдің президенті Кудсидің телевизордан сөйлегенін тыңдап, дидарын көріп едік. Ал бүгін міне, комендант сағаты орнап қалыпты. Қасымыздағы «Рами» деп аталатын алаңда студенттер мен жұмысшы жастар митинг өткізіп жатыр. Соның салдарынан бізді бірнеше күн қонақүйден шығарған жоқ.
Елдегі жағдай бір апта бойы түзеле қоймады. Мемлекеттік мекемелер, банктер, мектептер бәрі жабық. Біз жағдайдың барысын радио мен газеттен ғана біліп отырдық. Елдегі толқулар тұрақтанған соң, Дамаск университетінде оқуға кірістік. Университетте араб тілін үйренетін шетел студенттерін сол 1963 жылдан бастап қабылдапты. Сирияда жоғары оқу бағдарламасы бұрынғы отаршыл Францияның оқу жүйесіне ұқсайды екен. Дамаск университетінің өзі кезіндегі француз әскери лагерінің бірнеше ғимаратында орналасқан. Сириялық жүздеген студенттер Кеңес Одағында білім алып жүрді. Ендігі кезекте Сирия елі де өз оқу ордасынан совет жастарына орын берген. Кеңес үкіметінің студенті ретінде маған стипендия беріп тұратыны белгілі. Оған қосымша Дамаск университетінің ректораты бізге стипендия тағайындапты. Екі жақтан ай сайын мол ақша алып тұрған менің қаржылық жағдайым жақсы болды.
Оның белгісі – оқуға бір шабаданмен кеткен мен елге екі шабадан арқалап қайттым.
«Көріпкел» профессор
Біздің топта Болгариядан екі, Аргентинадан бір студент және Сириядағы Үндістан елшісінің Малика деген қызы және үнділік мұсылман дипломаты әйелімен бірге оқыды. Сондағы Америка мәдени орталығының қызметкері (шын мәнінде барлаушы) мен швейцарлық католик дін қызметкері болды. Соған орай, мына бір жай есіме түсіп отыр. Араб тілінен сабақ өтетін Сүлейман Ахмадуль Ахмад деген профессор қалжыңбас, ашық-жарқын кісі еді. Сол кісі бәрімізге: «сіздер неге араб тілін үйреніп жүрсіздер?» деп сауал тастап алып соңынан өзі жауап беретін. Сонда үндістандықтар мұсылман болған соң, араб тілін білуі тиіс дейтін. Ал менің «Сайлау» деген атымды сириялықтар арабшаға аударып «Мұхтар» деп айтатын. Бұл сөздің мағынасы сайланған адам дегенді білдіреді. Әлде ру, тайпаның не ауылдың жұрт сайлаған басшы адамын (старостаны) «Мұхтар» дейді. Профессор менің тіл үйренуім жайын сөз ете келіп, «Мұхтар араб тілін білу арқылы Исламды және өз тарихын терең танығысы келеді», – дейтін. Осы жерде айта кететін бір жәйт, талай адамдар менің түрімді Мұхтар Әуезовке ұқсатады, әсіресе шашымның бұйралығы, көзімнің үлкен, маңдайымның жазықтығы тура келеді дейді. Мүмкін, Мұхтардың бабасы Түркістаннан шықса, менің бабаларым да оңтүстіктен екен. Ал жанымдағы совет стажерларын «бұлар, бізді социализмге тартуды көздейді» деп мысқылдаса, америкалық стажерды «олар тіл үйрену арқылы Таяу Шығыстың жайын зерттеп, араб елдерінде үстемдік етуді көздейді» деуші еді. Жалпы, Сирияда тек мұсылмандар ғана тұрмайды. Ондағы жергілікті адамдардың 6-7 пайызы христиан дінінде. Өйткені, тарихта болған бірнеше крест жорығы, бұл өңірге де өз діндерін енгізген болатын. Осы жайды да еске сала сөйлейтін Ахмадуль Ахмад швейцариялық дін қызметкерінің тіл үйренуін «бұлар арабшаны меңгеру арқылы Құранды оқымақшы, содан кейін Исламды зерттеп алып, бізді христиан қылуды армандайды» деп күлетін. Сол арқылы ұстазымыз «кімнің қандай ниетпен оқып жүргенін білеміз» деген ойын аңғартатын. Міне, жарты ғасырдан кейін профессордың сол болжамы болып жатыр.
Кофесі дәмді әжей
Дамаск университетінің шетелдік студенттерге арнаған жатақханасы жоқ екен. Мен бір палестиналық отбасының пәтерін жалдап тұрдым. Ол отбасы ертеректе Палестинадан қуылып, Сирияны паналаған екен. Израиль 1948-1949 жылдардағы соғыста көптеген палестиналықтарды Ливан, Сирия, Иордания, Ирак, Египет секілді біраз елге қуып жіберген. Кейін палестиналық босқындар араб елдерінің бәріне шашылып кетті. Үйдің иесі де сондай босқындардың бірі, қарапайым жұмысшы. Олар мұсылман студенті екенімді білген соң, маған жақсы қарады. Тіпті, сол үйдегі әжей күнде таңертең кофе дайындап беретін. Алғашқы күні дәмін татқаннан-ақ кофені ұнатып қалдым. Баппен әзірлегеннен кейін де шығар. Бірнеше күннен соң, «ақысын төлеп, кофе ішіп тұрамаймын ба» деген ой келді. Мұнымды әжейге айтып, ақша ұсынғанымда, ол кісі азарда-безер болды. Керісінше маған: «мен сені еліңнен, ата-анаңнан алыс жүрген мұсылман баласы болған соң, жақсы көріп, осылай сауапты іс жасап жүрмін, ақша алу үшін емес», – деп өкпесін айтып содан кейін кофе бермейтін болды. Кешірім сұрап, әрең дегенде бетін бері қараттым ғой. Сөйтіп, менде әр күні таңғы асымды кофе ішуден бастайтын әдет қалыптасты. Сирияның кофесі Таяу Шығыста өте сапалы, иісі мұрын жаратын, дәмі ерекше, керемет болатын. Ал біздің елдегі кофе үшінші сорттағы түрі ғой. Олай дейтінім, кейін оқудан елге келген соң, екі жылдай кофені іше алмай жүрдім. Себебі, біздікі дәмсіз сезілді. Бәрі араб кофесінің дәміне жетпейтін сияқты. Көбіне біз қазақтар ғана қонақжай халық деп жатамыз, бірақ сириялықтар мен палестиналықтар да өте меймандос болады.
Мұсылман екенін әрең дәлелдеген студент
Арабтармен сөйлескенде мен алдымен өзімнің қазақ екенімді, одан кейін Кеңес Одағынан келгенімді айтатынмын. Сол жақта оқыған адамдар біледі, көп жұрт СССР-да мұсылмандар тұратынынан хабардар. Ал қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ секілді халықтардың бәрін қарапайым жергілікті тұрғындар «әл-бұхари» дейді. Ол – «бұхаралықтар» дегенді білдіреді. Себебі, 1919 жылға дейінгі бүкіл Шығыс елдері, Совет үкіметі мойындаған Орталық Азияда ірі мемлекет Бұхара әмірлігі болған. Ресей алғашында Бұхара әмірлігімен дипломатиялық қатынас орнатып, кейін қызыл әскер оны да басып алды. Орта Азиядағы мұсылман жұртын арабтар «Бұхара мемлекетінің халқы» деп таниды екен. Өйткені, Ресей қазақ жерін жаулап алған соң шет елмен барлық байланысты кесіп тастады. Сонау араб, мұсылман мемлекеттерімен қарым-қатынасты үзді. Сондықтан ХХ ғасырдың ортасына дейін түрік, арабтарда біз туралы соңғы мәлімет аз, еміс-еміс еді.
Мен мүмкіндігінше, түсіндіріп «Бұхара әмірлігі» бұрын болғанын, қазір оның орнында Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Түркімен және Тәжік республикаларының құрылғанын айтамын. Бір қызық жайт, алғаш Сирияға барғанда, өзімнің мұсылман екенімді дәлелдей алмай жүрдім. Арабтар менен «Сіз мұсылмансыз ба?» – деп сұрайтын. Мен араб тілінде «Нам, ана муслим», – деп жауап қайырамын. «Иә, мен мұсылманмын» деген сөз ғой қазақшасы. Бірақ, бәрібір олардың бет-жүзінде маған деген сенімсіздік байқалатын. Сендер орыстанып кеткенсіздер дегенге келтіретін. Мен тарихи жағдайды нақты түсіндір уге тырысып, Орта Азияға орыстар кейіннен келгенін, онда қазір 50 миллионға жуық мұсылман халқы өмір сүріп жатқанын айттым. Бұл жайт бірнеше рет қайталанды. Бір күні қасымда бірге жүретін жергілікті Қотраш деген досымнан мұның мәнісін сұрадым. Ол маған «Мұхтар, сіз білесіз бе, Ислам шариғаты бойынша «мен мұсылманмын» деуге болмайды. «Әлхамдулилла, ана муслим» деп жауап беруге тиіссің. Сонда барып мен «Мен мұсылман болғаныма Аллаға ризашылық айтамын» деуім керек екенін түсіндім. Мен болсам «иә, мен мұсылманмын!» деп жүріппін. Міне, мұны Ташкент университетінде бізге ешкім ескерткен емес. Онда араб тілінің грамматикасын, әдебиетін, тарихын үйрететін. Ұстаздардың өздері де діннің нәзік тұстарын сезіне бермеген.
Осыдан кейін, мен «сен мұсылмансың ба?» деген сұраққа, «Әлхамдулилла, ана муслим», – деп жауап беретін болдым. Мұны естіген арабтар көздері жайнап, қуанып кететін. Әуелі кейбіреуі бетімнен сүйіп, кофесін, шайын ұсынатын. Дәмінен ауыз тиесің, кей кезде уақытың тығыз болып, кетейін десең, ұстап алып жібермейтін. «Сіздер алыстан келдіңіздер, қонақсыздар, біз бәріміз бір мұсылман жамағатымыз», – деп қиы ла жабысады. Сирия халқы осындай бауырмал болатын.
Кешегі және бүгінгі Сирияның арасы
Шынын айтсам, қазір сол елде болып жатқан қанды соғысты, көне мұралардың қирағанын естіп жүрегім ауырады. Бұның бәрі империализм және агрессшіл державалардың саясаты ғой. Сириялықтар өнер, өндіріс, шаруашылық сынды мамандықтарды жақсы меңгерген, қолынан бәрі келетін еңбекқор халық.
Қазір теледидардан көріп отырмыз, соның бәрін быт-шытын шығарып, ұйыған елді ірітіп жатыр. Сырттан заңды үкіметке қарсы оппозицияны қаруландырып, азаматтық соғыс ашты. Бұл жағдай біраз араб жерлерін басып алған Израильге ұтымды болып отыр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген осы, бір ұлтты ру-руға бөліп жергілікті мансапқорлар билікке таласып шетелден қару, ақша алып, азаматтық соғыс бастап жіберді. Оған Ресей әскері де кірісіп, елдімекендерді бомбалауда. Орыстар сирия халқының тағдырын ойлап отырған жоқ, Мәскеуге өзіне бағынышты бір араб елінің басшысы керек болып отыр. Соғыс әлі ұзаққа созылатын түрі бар.
АВТОР: Расында Сирияның бүгінгі мүшкіл ахуалы мұсылман қауым үшін алаңдатарлық оқиға. Сирия елінің өз халқы, мұсылман жұрты бұндай бүлік жасауға мүдделі ме еді? Мемлекеттің әл-ауқаты қалай болды? Сіз меңзегендей, сыртқы күштердің қатысы болса, олардың көздегені не? Сирия өзіңіз білім алған, бауырмалдық танытқан ел ретінде кешегісі мен бүгінісі туралы да айта кетсеңіз? Оның үстіне бұл елдің қазақ тарихына да қатысы бар ғой.
С. Б.: Сирия Араб Республикасы 22 араб елінің ішіндегі алдыңғы бестік қатардағы мемлекет болды. Біз барған кезеңде Сирия социалистік бағыттағы реформаларды жүргізіп жатқан. Олигархтардың меншігіндегі зауыт-фабрикаларды мемлекет иелігіне алып, байлардың өзіне қаратып алған жерлерін де қысқарта бастаған екен. Сирия үкіметі тойымсыз феодалдалдарының жерін шектеп, көптеген прогрессивті реформалар жүріп жатты. Сол кезде араб елдерінің ішінде өнеркәсібі біршама өрге басқан Сирия, Египет, Ирак, Ливан, Ливия, Тунис, Алжир, Марокко секілді мемлекеттер. Қазіргі мұнаймен байып отыр ған басқа елдердің ол кезде өнеркәсібі болған жоқ. Тек мұнайды сатып, соның арқасында шалқып жүрді. Соңғы жылдары Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман қа тарлы елдердің бәрі өнеркәсіп, туризм орындарын салып алды. Олар мұнайдың ақшасын оңды-солды шашқан жоқ, өндірісті өркендетуге жұмсады. Сирия өзін астық, киім-кешек, құрылыс материалдарымен, көлікпен толық қамтамасыз еткен ел.
Бүгінде Азия, Африканың көп мемлекеті өз жұртына астық жеткізе алмайды. Сирия Қазақстан секілді астықтың 30 пайызын экспорт қа шығаруға мүмкіндігі бар болатын. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы жүйелі жұмыс істеп жатқандықтан, оларда зат арзан болды. Ертеден келе жатқан «Дамаск паршасы, матасы», «Дамаск болаты» секілді әлемдік базарда орны биік өзіндік эталондары бар. Араб халифаты кезінде Меккеден кейінгі халифаттың астанасы Дамаск (Шам) шаһары болғаны тарихтан белгілі. Яғни, ол – мұсылман жұртының саяси-экономикалық, рухани-мәдени өмірінің іздері сайрап жатқан бай тарих пен мәдениетке ие ел. Кеңес Одағы өз кезінде Сирия, Египет, Ирак, Иордания, Палестина секілді мемлекеттерге қолдау көрсеткен.
Араб аруларымен көрген бір фильм
АВТОР: Сириядағы бір жыл Қазақстаннан келген талапты студентке көп нәрсе үйретті. Мұсылман елін өз көзімен көріп, жанымен сезінді, араб тілін жетік меңгерді. 60-жылдары шет елде оқитын совет студенттері, аспиранттары аз болатын. Біздің жігітке осындай әлемді өз көзімен көру үлкен мүмкіндік болды. Ең бастысы, білім үйреніп, араб тілін, ислам тарихын меңгерді. Студенттік шақ қарбалас сабақ оқып, қобалжи сынаққа дайындалумен де қызық. Өзің теңдес құрбы-құрдастарыңмен бірге оқып, ойнап-күлген сәттер де естен кетпейді. Мұнда келген соң, жергілікті жастарымен танысып әңгімесі жарасты. Солардың арасында жас қазақ жігітін өзгеше әсерге бөлеген сымбатты араб қызы жайында қысқа болса да қалам тербетсек артық болмас.
1965 жылы «Мәдениет» журналына шыққан Сирияға сапары туралы жазбасында Сәкеңнің өзі де «…сирия әйелдері, әсіресе, қыздары өте сұлу келеді. Өткендегі бір жазбаларымда грек әйелдері көрікті болады деген едім, ал сирия әйелдері одан да әдемі ме деген ойға қалдым…», – деп мөлдірете жазыпты. Әсермен айтылған осы бір шырайлы сөздер жүрек бұлқынысынан болмаса да, көңіл толқынысынан туғаны анық. Сонымен, қазақтың сері жігіті мен арабтың ай мүсін аруы арасындағы сыпайы достық пен сезім жарастығы қалай болды? Енді соған көшелік.
Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде Африка елдерінен келген студенттер де оқитын. Неге екені белгісіз, шетелдік студент жігіттерге жергілікті қыздар жақын келетін. Ол кезде жаңа бостандық алған Африканың аты шығып тұрған кез. Ұлт-азаттық қозғалыстар жеңіске жетіп, біраз мемлекеттері тәуелсіздік алған. Қалай болғанмен, қыздардың «жеңілтек» қылықтары комсомол комитетінің белсенді мүшесі Сайлауды ойландыратын. Бірақ Сирияда өзі де жергілікті бойжеткеннің назарына ілігерін білмеген. Қыздар, шіркін бөтен елдің бозбаласын көрсе, көңіл түкпіріндегі жұмбақ әлемнің есігін еріксіз ашатын секілді. Дамаскілік қаракөз сұлу қыз да қазақ жігітінің сезімін оятады. Өзі де өңді, қара бұйра шашты, қыр мұрынды, қою қара қастары көмкерген үлкен, ойлы жанарын алысқа қадайтын сұңғақ бойлы Сайлау да қарсы кездескен адам бір қарамай өтпейтін сымбатты жігіт. Араб досы Қотраш келіп, өзімен араб қыздарының танысқысы келетінін айтқанда, бірден келісім берген.
Сонымен, уәделі күні студент бойжеткендермен танысады, олар бай әулеттің қыздары екен. Біреуі, қара шашты, көздері қарақаттай, өзеннің жағасында енді өсіп келе жатқан бала қайыңдай аққұбаша, ақша жүзді. Екіншісі, үріп ауызға салғандай сүйкімді сары қыз. Оның арғы аталары крест жорықтарындағы еуропалықтардан осында қалып, араб жұртына сіңіп кеткен отбасынан болса керек. Жас қыз-жігіттер емен-жарқын сөйлесіп, бір-бірін жатырқамай араласып кетті. Ендігі мәселе, сол әдемі қатынасты сырт көзге сездіріп алмау. Себебі, Сирияда біреудің жас қызымен жүрудің өзі күнә. Егер әке-шешесі біліп қойса, «қызымызбен жүріп жерге қараттың» деп, жігітті ауыр жазалауы мүмкін. Бірақ қашанда жұбы жарасқан жандарға жылу болар бір мекен бар емес пе. Төртеуінің емін-еркін кездесіп, алаңсыз бірге жүретін орны – университет қалашығы. Яғни, университеттің автономиясы. Оның ішкі аумағына бөгде адамдар кірмейді, сыртта күзетшілері бар. Сайлау досы екеуі қос арумен осы жерде жүздесіп жүрді. Екі қыздың қара шаштысы оны жақын тартатын. Сәкеңнің араб қыздарымен киноға барғаны туралы мына оқиғасы да қызық. Бір күні төртеуі кино көрмекші болып келіседі. Алайда көңіл біраз алаңдаулы. Емін-еркін киноға бірге бару, қатарласа отырып фильм тамашалау, араб елдері үшін ерсі жағдай.
Кинотеатрға жігіттер ертерек барады. Кино басталатын уақытта екі қыз да келеді. Оларды байқай сала досы бұған «жүр» деп ымдады. Екеуі тексерушіге билеттерін көрсетті де, жақын келіп қос бойжеткенге орындарын айтып, ішке кіріп кетеді. Кинотеатрға кірген соң қыздар өз орындарына барып жайғасады. Шам жанып тұрғандықтан жігіттер бірден олардың жанына бара алмай, орын іздеген болып біраз айналсоқтап жүреді. Тек жарық сөндіріліп, фильм басталғанда ғана қыздардың жанына келеді. Сол күнгі фильм тартымды болып, төртеуі көңілді қайтады. Қала ішінде бірге қыдыру қиын болған соң, олар кейде шаһардан алыс, басқа аудандағы туристік орындарға кетіп қалатын. Танып жатқан ешкім жоқ, саяхатшылар көп келетін тарихи-мәдени орындарды аралап, көрікті жерлерді тамашалап, алаңсыз қыдыратын. Бірақ желмен жарысқан жылдам уақыт мұндай қызықты сәттерді артқа қалдыра берді. Сириядағы бір жылдық оқуы аяқталып, Сайлау елге қайтатын болды.
Жігіт соңғы рет жолығып, өзінің еліне кететінін айтқанда қыз үнсіз қалады. Иә, араб қызының адал да ақжарқын қазақ жігітіне деген көңілі бар, достық сыйластығы кіршіксіз махаббат сезіміне ұласыпты. Жігіт оны байқады. Аңдаса да амалы жоқ еді, шетелге оқуға жүрерде Мәскеуде КПСС Орталық Комитетінде бұлардың құлағына «жат елдік қыздармен үйленуге мүлде болмайды» деп құйып жіберген. Мұсылман елдерімен байланыс жасаудан үркетін Совет үкіметі өзге елдің қызының сезімі тұрмақ, бір ауыз жылы сөзін де қиғысы келмейтін. Сонымен, араб аруының жүрек лүпілінен Дамаск күнінің ыстық шуағын, Жерорта теңізінің нәзік лебін сезінген қазақ даласының дархан көңіл баласы да, өз сезімін жүрек түкпіріне сақтап елге қайтты...
Терең сақталған сезім
Бүгінде біреулер біздің жігіттеріміз Еуропа, Америкаға барып ашық қыдырып жүр ғой деуі мүмкін. Бірақ 60-жылдары шариғатты қатты ұстанған араб елінде қызбен жүру қиын еді. Ал СССР өз ішіндегі түрлі ұлттың бір-бірімен үйленуін қоштады, сөйтіп «совет халқын» жасамақ болды. Әсіресе, орыстан қыз алып, қыз берісіп жататын жағдайларға жақсы көзқараспен қарап, «интернациональная семья» деп, ондай отбасыларды үлгі қылып көрсетуге барын салатын. Бірақ әрқашан ұлттық намысы мен ұлттың қасиет-құндылығын биікке қоятын Сәкеңнің «тек қазақтың қызына ғана үйленуім керек» деген өз берік ұстанымы бар еді. Оның осындай көзқарасын сириялық ұстазы Сүлейман Ахмадул Ахмадтың айтқан әңгімесі одан ары нығайта түскен.
Профессор сабақ барысында студенттерге әр түрлі сұрақ қоятын. Олардың отбасы жағдайын, семья мүшелері туралы әңгіме қозғайтын. Бір күні өжет мінезді Сайлау «осы уақытқа дейін Сіз неге үйленбей жүрсіз?» – деп ұстазының жеке өміріне қатысты сұраған болатын. Расында, жасы қырықтан асқан Ахмад әлі бойдақ еді. Қалыңмал беріп, құдалық сөйлесуге шамасы келеді. Университеттің мықты профессоры, тұрмыс жағдайы жақсы, қалтасы бір қыздың қалыңмалын көтереді. Сирияда қыз ұзату, келін түсіруде қатаң салт-дәстүр сақталған. Себебі, жұмыссыз, үй-күйсіз жүрген әлдекімге қызын беріп жіберуге ата-анасы келісім бермейді. Күйеу жігіт үйленген соң қыздың жағдайын жасап, оның алдағы өміріне еш кірбең түсірмейтін болуы шарт. Совет дәуіріндегідей қыз бен жігітті қосып, екі жәшік арақпен асханада жасай салатын «комсомольская свадьба» онда жоқ.
Әйтсе де, ұстазының осы жасқа келгенше бойдақ жүруі Сайлауды шынымен таңғалдыратын. Шәкіртіне бірден жауап бергісі келмеген Ахмадул Ахмад «Мұхтар, сен де қайдағыны сұрайды екенсің», – деп сөзді басқа жаққа бұрып жіберетін. Оған көнбеген шәкірті тақымдап қоймаған соң: – Мен жәй үйленетін қыз іздеп жүрген жоқпын, болашақ баламның анасын іздеп жүрмін, – дейді. – Ол қандай мағынада айтылған сөз? – деп студент тіптен қызыға түседі. – Иә, мен байдың не мықты бір бастықтың қызымен үйленермін, сұлу жар табармын. Бірақ менің іздегенім ол емес. Болашақ баламды нағыз мұсылман, шын адам қылып тәрбиелей алатын, әдебі мен тәрбиесі, иманы мен білімі сай келетін, болашақ баламның анасы болуға лайық адамды іздеп жүрмін, – дейді. Ұстаздың осындай ұлағатты сөздері мен көзқарасы Сайлауға да үлкен ой салған.
Әрине, Ташкенттегі оқудың соңғы курсында жас жігіттің кеудесіндегі берік қамалды бұзып кіргісі келген өзбек қыздарының ішінде «бұраңбел шабуылшылар» да болды. Бірақ берік бекім – тас қамалын ұлттық рухпен тұтастыра өрген жігіт, ондайларды есігінен де сығалатқан жоқ. Жүрегіндегі жайлаудың таңғы ауасындай таза сезімін болашақ балаларының анасына сақтады... Дамаск қаласынан арнайы болашақ қалыңдығына алып келген «алтын жүзік», жібек парша да кейін сүйікті жары Хадишаға бұйырады.
Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.
Автор: Мұрат Алмасбекұлы
«The Qazaq Times»