Жапониядағы Саппоро қаласындағы, VII халықаралық қысқы Азиада-2017 турнирі ресми түрде 19 ақпанда басталып кеткен. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 7 медаль бар. Алайда ешбір отандық телеарна, оның ішінде KazSport та ойындарды көрсетіп, трансляциялап жатқан жоқ. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.
2011 жылда өткен қысқы Азиада ойындарының жалпы есепте 32 медалмен Қазақстан құрамасы жеңіп алғаны баршаға мәлім. Бірақ осы жолы қазақстандықтардың көңілінен шығатын нәтиже көрсетілмей жатыр. Оның үстіне көрерменнің тағы бір көңілі толмайтыны – қазақстандық телеарналардың аталмыш доданы трансляцияламауы. Оны тек «Азиада-2017» сайтынан ғана көре алады. Алайда ел қоржынына жалғыз «алтын» салынған сайыс түрі – «шаңғымен жарыс» сайтта трансляцияланатын ойындардың қатарына енбей қалған.
Кеше де Қазақстан мен Оңтүстік Корея сынға түскен, көптен күткен ерлер арасындағы хоккей ойындарын көрермен жалғыз камералы түсірілім арқылы тамашалады. Сол себепті де ойынның барысы түсініксіз болды. Айта кететіні, Қазақстан құрамасы 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Неге Азиада-2017 қысқы ойындарының трансляциясын емес, әлі күнге Универсиада-2017 ойындарына қайталау беріп жатқандығын алдағы уақытта ҚазСпорт арнасы түсіндіретін болады.
Еске сала кетейік, Қазақстан жалпы есепте 7 медальмен (1 алтын, 2 күміс, 4 қола) төртінші орында.
«The Qazaq Times»