24-26 ақпан аралығында Германия қаласы Дюссельдорфта дзюдодан өткен әлемдік Гран При кезеңі өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстан атынан аттанған 16 спортшының тек біреуі ғана жүлделі орыннан көрінді. 100 келіден жоғары салмақта сынға түскен дзюдошы Ержан Шынкеев Гран При турнирының қола жүлдесін иеленді. Дзюдошының жүріп өткен жолын sportportal.kz тілшісі Бекет Айсұлтан баяндайды.
Алғашқы белдесуінде Шынкеев бразилиялық қарсыласы Искуарде Руан 3 шидо алғандықтан жеңіс қазақстандық дзюдошыға берілді. Екінші айналымда Грузия елінің балуаны Адам Окурашвилиді вазари ұпайымен қапы қалдырды. Үшінші айналымға сүрінбей өткен қазақстандық балуан жапон дзюдошысы Харасауа Хисояшиге қарсылас атанды. Алайда белдесу барысында сылбырлық танытқан Ержан Шынкеев үш шидо алғандықтан жеңіс жапон балуанына бұйырды. Қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік берілетін жұбаныш белдесуінде Ержанның қарсыласы Хаммо Якив бозкілемге шықпай, қазақстандық балуан жүлделі орынға таласуға мүмкіндік алды.
Қола жүлде үшін өткен белдесуде сенсация орын алды. Қазақстандық балуан 100 келіден жоғары салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы чехиялық Лукаш Крпалекті вазари әдісімен тізе бүктіріп, Гран При турнирінің қола жүлдесіне иелік етті.
Қазақстан намысын қорғаған қалған 15 балуан жарыс жолын ерте аяқтап, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
“The Qazaq Times”