Президент Тоқаев Владимир Путинді COVID-19 вирусына қарсы алғашқы вакцинаның тіркелуімен құттықтап, жеделхат жолдады. Ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау мақсатында тамызда Қазақстан делегациясы Мәскеуге жөнелтілмек.

11 тамызда Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын.

Ресейде толық сынақтан өтпесе де тіркеуден өткен вакцина қыркүйек айында медицина қызметкерлеріне егіле бастайды. Ал көпшілікке қолдануға 2021 жылы қаңтарда беріледі.

Ел президенті Тоқаев жеделхатында: «Бұл оқиға ресейлік ғылымның жоғары әлеуеті мен беделін, сондай-ақ жаһандық қауіп-қатерге қарсы күресте Ресейдің жетекші рөлін растайды. Біз бүкіл әлем үшін қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның, оның ішінде гуманитарлық көмек пен елеулі үлес қосқан дәрігерлердің бағыт-бағдары үшін, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектескені үшін алғыс білдіреміз», – деп жазды.

Сонымен қатар Тоқаев қазақстандық делегация осы айда Ресейге вакцина сатып алу мүмкіндігін қарастыру үшін баратынын айтты.

«Тамыздың екінші жартысында үкіметтік делегация Мәскеуге Ресей вакциналарын сатып алу мәселесін талқылауға барады», – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов «коронавирусқа қарсы вакциналар толық сынақтан өтпейінше оларды сатып алмаймыз» – деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Қазақстан вакцина және иммунизация жөніндегі ғаламдық альянсқа қосылса, бұл ұйымға мүше мемлекеттер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алғашқы жарнасын (15%) төлеуге міндетті.

Бұдан соң вакцинаның жетуіне қарай халықтың 20 пайызына жететіндей вакцина құнын толық төлеуі тиіс болады. Қазақстан альянсқа қосылуға келісім бергенмен әзірге ұйыммен келісім-шартқа қол қойылмаған.

Қазір әлемде COVID-19 коронавирусын 20 миллионнан астам адамға жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 740 мыңға жуықтады. 12,5 миллион адам жазылып шықты. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 10 855 адамнан вирус дерегі анықталған.

Бұған дейін «самарқау статистика» ұсынып келген Қазақстан билігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония дерегін біріктіріп жариялауға уәде берген. Бірақ коронавирус статистикасына тамызға дейін тіркелген 256 мың пневмония жағдайының бір де бірі кірмеген. 2 тамыздан бастап жарияланған пневмония дерегі коронавирус статистикасынан бөлек жарияланып келеді.

"The Qazaq Times"