Қазіргі уақытта Америкадағы президент сайлауының датасын кейінге шегеру тақырыбы қызу талқыға түскен. Пандемия кезінде 3 қарашаға белгіленген сайлау «әділетсіз өтуі мүмкін» деп болжаған Трамп сайлау мерзімін өзгерту сценарийін ұсынған. Президенттің бұл ұсынысы демократтар мен сарапшылардың өатаң сынына ілікті. Осы ретте Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кайли Макинэни журналистерге арналған кезекті брифингте сайлауалды дайындық және пандемия кезінде шараның өткізілуі жайлы сауалдарға жауап берді.

Сайлау күнінің өзгеруі жайлы пікір демокартия мен республикалық партия өкілдерінің дауына ұласты. Негізінен АҚШ Конституциясына сай президенттік сайлауды кейінге қалдыруға тек Конгрестің ғана уәкілеттілігі бар. Сонымен қатар Құрама Штаттардың үш федералды заңы дауыс беру күнінің өзгермейтінін шегелеп ескерткен. Негізгі дата – қарашаның алғашқы сейсенбісі. Бұл – тарихта 1845 жылдан бері қалыптасқан ереже.

Бұл жолы сайлау әділетсіз өтуі мүмкін деп болжап, сол себепті датаны ауыстыру керек деп санайтын Трамп бірден демократтардың контр-пікіріне ұшырады. Өзінің Twitter парақшасындағы жазбасында ол: «Мен дауыс беру датасын өзгерткім келмейді. Тек әділетсіз өткен сайлауды көргім келмейді. Себебі пошта арқылы дауыс беру үдерісі қаншалықты шынайы өтеді екен? Соңында бюллетеньдер жоғалып, дауыстарды есептеу бірнеше айға созылуы мүкмін. Мен тек азаматтарымыздың өз еркімен, қолындағы құжатымен сайлау учаскелеріне келіп таңдау жасағанын қалаймын», – деген.

Баспасөз хатшы Макинэни сөзінде: «Ресми Ақ үй сайлаудың әділ өткізілуін, кестенің шектеулі болуына баса назар аударады», – деді.

Көрнекі сурет

Америкалық сарапшылар мен заңгерлердің айтуынша, пандемияға қарамастан сайлауды кейінге қалдыру сценарийі іс жүзінде орындалмайды. Бұл үшін сайлау өткізуді реттейтін федералды заңдарға өзгертулер енгізу қажет. 1845 жылғы президенттік сайлау күні туралы заңда дауыс беру «қарашаның адғашқы сейсенбіде өтеді» делінген. Сондықтан сайлау күнін кейінге қалдыру тиісті заң жобасын АҚШ Конгресінің Сенаты мен Өкілдер палатасының мақұлдауын және оған Трамптың қол қоюын талап етеді.

Сарапшы Билл Берроу: «Алдымен сайлауға қатысты ережелер заңда жазылғанын айта кетейін. Трамп оны оңай өзгерте алмайды. Одан бөлек алдағы уақытта екінші тоқсанның экономикалық есебі шығады. Онда қаржының қысқарғаны туралы айтылады. Ол әрине панедмияға байланысты. Бірақ ақ үй басшысына вирустың алдын ала алмағаны туралы айыптар тағыла бастайды. Сондықтан Трамп тіпті қарапайым халықты дауыс беру күнін өзгертуге көндіре алмайды», – дейді.

Сайлауды әзірге өткізбеу мәселесі одан да күрделі. АҚШ Конституциясына енгізілген 20-шы түзету президенттің және вице-президенттің «20 қаңтарда түске дейін» (қызметке кіргеннен кейін төрт жыл) мерзімінің аяқталуын қарастырады. Яғни егер сайлау тоқтатылса да, Трамп пен оның вице-президенті Майк Пенс өз өкілеттіктерін жоғалтады. Демек заңда қарастырылған нормаларды өзгерту АҚШ президентінің құзыретінде емес.

Трамптың датаны өзгерту жайлы ұсынысын қатаң сынға алғандар қатарында АҚШ мемлекеттік қайраткері, демократ Крис Ван Холлен де бар. Ол: «Трамп сайлауда өзі жеңіліп қалатынын біліп, қорқып отыр. Сондықтан да дауыс беруді кейінге қалдырғысы келеді. Жүргізілген сауалнамалар тұрғындардың көңілінен бұл президенттің шықпағанын көрсетті. Ол елді коронавирустың дендеп кетуіне жол берді. Экономиканы құлдыратты. Қазір қорыққаннан, мәселеден шығудың осындай жолын тапқан ғой», – дейді.

28 шілдеде АҚШ Бас прокуроры Уильям Барр Конгресстегі тыңдалымба қарашадағы сайлауда поштамен дауыс беру сайлау нәтижелерін бұрмалауы мүмкін деп мәлімдеген. Сондай-ақ Әділет министрлігінің басшысынан президенттің сайлау күнін кейінге қалдыру құқығы бар ма деп сұралды. Бірақ прокурор бұл сауалға жауап берген жоқ.

Дональд Трамп – кәсіпкер, Американың 45-ші президенті, Республикалық партия өкілі. Биыл сайлауда Трамптың басты қарсыласы, демократ Джозеф Байден болады. Әлем және елдегі ахуалға қарамастан, Трамп халықтың бұл жолы да өзіне дауыс беретініне кәміл сенімді.

"The Qazaq Times"