Сүрияның Иракпен шекаралас Даир-әз-Заур қаласы терроршылардың қолынан толығымен азат етілді. "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы үшін 2014 жылдан бері стратегиялық маңызы үлкен мекен болып келген шаһар Сүрия әскері мен оның одақтастарының күші арқылы босатылды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Сүрияның мемлекеттік телеарнасы "Қала терроризмнен толықтай тазартылды" деп хабарлады. Ұлыбританиялық Syrian Observatory for Human Rights ұйымы қаланы толықтай иелігіне алу үшін Сүрия әскері бірнеше апта қатарынан күрес жүргізгенін жеткізді.

2014 жылдан бері терроршылардың билігінде болған қаладан 350 мыңға жуық тұрғын үдере көшкен. Даир-әз-Заур қаласының маңызды болатын себебі - оның қоныс тепкен геолокациясына байланысты. Қала Ефрат өзенінің бойында "Ислам мемлекеті" ұйымының штаб-пәтері болған Эр-Ракка қаласы мен Иракқа шығатын шекара ортасында орналасқан. Осы елді мекен арқылы Ирак пен Сүрия арасында жаттықтырылған жихадшылар мен қару-жарақ тасымалы жүргізілген.

Өткен айда АҚШ-тың көмегіне арқа сүйеген сүриялық күштер Эр-Ракка қаласын азат етсе, Даир-әз-Заур маңындағы өңірді терроршылардан босату операциясы осы жылдың қыркүйегінде басталған.

“The Qazaq Times”