Ауғанстандағы «Ислам мемлекеті» террорлық тобы тәліптер ел билігіне келіп жатқан тұса Кабул халықаралық әуежайында екі үлкен жарылыс жасаған болатын. Бұл оқиға шын мәнінде Ауғанстандағы екі исламдық қарулы топтың ара жігін ашып, бір-біріне қарсы қатал әрі қанды қарсылыққа өткенін көрсетіп еді. Қазір елдің ресми билігі ретінде халықаралық қауымдастық пен көршілес елдер алдында мойындалу үшін «Талибан» елдегі «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы күрес жүргізіп жатқанын даңғазалап көрсетіп жатыр.

Тәліптер билікке келгеннен кейін Ауғанстанда қақтығыс тоқтап, қоғам біршама тынышталып қалғандай болған. Алайда, ел халқы «Талибан» мен «Ислам мемлекеті» арасында жаңа қақтығыстың тұтануынан алаңдай бастады. Себебі, соңғы апталарда Ауғанстанның шығысындағы Жалалабад қаласының маңында белгісіз адамдар жағынан өлтірілген мүрделер табылып жатыр. Түрлі тәсілдермен өлтірілген бұл мүрделердің қалтасына үрейлі хаттар салынған, онда бұл адамды «Ислам мемлекеті» тобына қосылғаны үшін өлтірілгені айтылған.

Бұндай үрей ұшырарлық істерді ешкім жауапкершілігіне алмағанымен елдің билігін қолына алған тәліптерге жауапкершіліктің артылары сөзссіз. Бұған қарап екі ұйым ортасына мақсатты арандатушылық әрекеті дейтін болжамдар да бар. Қалай болмасын Ауғанстандағы екі топ арасындағы қанды айқас бұдан бұрын да басталып кеткен еді. Бұл қақтығыстың негізгі майданы Нангархардағы Жалалабад шаһары болып отыр.

Мәліметтерге сай Ауғанстанда «ИМ» тобына тиесілі ешбір провинция немесе аудан жоқ. Тек бұған дейін Нагархар мен Гунар облыстарында базаларының бар екені айытылып келген. Ондағы базалары да АҚШ әуе күштерінің, бұрынғы Ауғанстан қарулы күштерінің және тәліптер жағынан да бірнеше рет тазалауға ұшыраған. Қазір Ауғанстан жеріндегі «ИМ» тобында бірнеше мың ғана адам бар делінеді. Алайда, бұл топ Орталық Азия мен Пәкістандағы жақтастарын тез арада тартып алуы да мүмкін.

The Qazaq Times