Осы аптада әлемдік ақпарат кеңістігін дүбірлеткен бір жаңалық – АҚШ президенті Трамптың FBI басшысы Жеймс Коми (James Comey) жұмыстан алып тастауы болды. АҚШ жергілікті уақыты бойынша сейсенбі күні президент Трамп Комидің қызметін ресми түрде тоқтатты.  Президенттің бұйрығы шығысымен Ақүй өкілдері табанда атқарып, FBI басшысын қызметтен алып тастады.

Бұл АҚШ үшін де,  әлемдік саясат үшін де аса маңызды тұлға саналатын, атышулы айбынды комитеттің тізгінін ұстаушы Комидің аяқастынан жұмыстан босатылуы естігенді елең еткізді. Ең қызығы Коми Лос-Анджелесте бір аса маңызды баяндама жасап тұрғанда,  жанына қойылған теледидардан өзінің жұмыстан босатылғаны туралы естіген екен.

FBI-дың 7-ші кезекті басшысы қызметін атқарып отырған Жеймс Коми кіші Буштың тұсында әділет министрі қызметін атқарған еді. 2013 жылдан бері аталған бюроның бұйдасын қолына алған. Ал оның бүгінгі тағдыры жайлы ойлау саясаткерлердің де басын қатыратын мәселе деуге болады.

Дональд Трамп АҚШ президент сайлауы кезінде, оның ең басты қарсыласы Хиллари Клинтон болған еді. Сол тұста Коми Хиллариға ұрымтал тұстан тосқауыл жасап, Трамптың президент болуына үлкен ықпал еткен. Президент тағына шығардың алдына Трамп Комидың бұл еңбегін айрықша атап көрсеткен еді. Ал, бүгін Коми өзін алқаған сол президенттің отына күйіп, қызметтен қуылып отыр.

Комидің аяқастынан жұмыстан босатылуына не себеп болды?

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы АҚШ бөлімінің көмекшісі Ши Дамиң бұл туралы: «Трамп осыған дейін Комиді құлатудың орайын күтіп келген.   Сондықтан, бұл түк те таңқалатын жаңалық емес», – леген пікірін айтты. (news.sina.com)  Олай болса,  сұрағымыздың жауабын табу үшін әңгімені АҚШ-тың 45-ші президентін сайлау науқаны кезінен бастаған дұрыс.

Әңгіме электронды поштадан басталады. Хиллари АҚШ-тың Мемлекеттік істер хатшысы болып тұрған кезінде маңызды мемлекет істеріне өзінің жеке эл.поштасын пайдаланған. Осыншама маңызды ірі істерге еш алаңсыз жекелік эл.пошта пайдаланған әрекеті оны президент сайлауында оңбай сүріндірді. Бір қызығы,  осы эл.пошта турасындағы сырды Хилларидің өзінен сырт,  Wiki Secret және бүгінгі кейіпкер Коми ғана білетін еді. Wiki Secret президент сайлауы кезінде Хиллари командасының хат-хабарларын толықтай ақтарып біліп отырды. Ал,  Жеймс Коми сайлаудың ақырласуына  он бір күн қалғанда Хилларидің жекелік эл.поштасына қайталай тексерулер жүргізген болатын.

Тұтас Құрама Штатқа мәлім болған бұл сырдың соңы дауға ұласа жаздады. Тіпті, АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама да бұған қатты наразы болған еді. Керек десеңіз, президент Обама Комиді қызметтен алып тастайды деген қауесеттер де желдей ескен еді. Бұл істің Хилларидің саясаттағы қадамына қаншалық тұсау салғанын оның өзінен басқа ешкім де толық түсіндіре алмас.  Не дегенмен де Хиллари өзінің жеңілісінің басты себепкері Коми деп қарайтыны белгілі.

Президент сайлауындағы жеңілісінен кейін үн-түнсіз жүрген Хиллари жақында ғана, 2 мамыр күні алғаш рет көпшілік ортада бой көрсетті.  Ол өзінің президент сайлауындағы сәтсіздіктері туралы тоқтала келіп: «Егер,  бұл реткі сайлау 2016 жылы 27 қазанда өткен болса,  онда бүгін Ақүй төрінде  мен сіздерге президент болып отырар едім», – деген еді. (Себебі, оның жекелік эл.поштасына Комидің жүргізген тексеруі 28 қазанда болған еді.) Осы жерде мынадай заңды сұрақ туындайды – «электронды пошта әңгімесі» ендігі жерде Комидің де түбіне жетті ме? Яғни, Жеймс Коми өзі қазған орға өзі түсті ме?

Комидің қызметтен қуылуы туралы айтылған сан-алуан пікірлерді салыстырып қарайтын болсақ, «электронды пошта әңгімесінің» Комидің қызметтен босатылуының қатысы аз екенін байқаймыз. АҚШ ақпарат құралдарының хабарлауынша,  Ақүйдің басшысы болған күннен бастап,  Трамптың Ресеймен байланысы адам нанғысыз құпия күйге жетті. Ал,  наурыз айында Коми бұл құпияны жайып салған еді. Ол сондай-ақ,  FBI арқылы Трамп пен Ресей байланысына тексеру жасағанын да ашық айтқан. Әрі, Коми Обаманың бұл күнде Трамп отырған ғимаратқа жасырын тыңдағыш қойған деген айтылымды жоққа шығарған. Бұда өзге Коми баспасөз мәслихаттарында,  президент сайлау кезінде Ресейдің араласқаны туралы және оны қадағалай тексеру керек екенін қайта-қайта айтып келіп еді.  Оның мұндай батылдығы Трамп командасының үрейін ұшырды. Сондықтан да Трамп оны қызметтен босатудың қамына бірден кірісті.

Комидің қызметтен босатылуына байланысты АҚШ Демократтар партиясы мен Республикашылдар партиясының пікірлері де бірдей емес. Республикашылдар болса: «Президент ретінде Комиді жұмыстан босатуға заңдық құқыққа ие деп есептегенімізбен,  Трамптың бұл шешімі адамды үмітсіздендіреді» деп отыр. Демократтар партиясының өкілі  Шумер (Schumer): «Бұл заңға қайшы әрекет болды. Комидің жұмыстан босатылуынан кейін, FBI міндетіне алған «Ресей өткелін» тексеру жұмысы аяқсыз қалды. Маңызды адамдар мен мамандарды жинап,  осы бір маңызды мәселені тексеру керек. Олай болмағанда,  бұл бір күңгірт мәселе адамдардың күмәнін тіпті күшейте түсетін болады», – деді.

1935 жылы құрылған Америка Құрама Штатының аса маңызды органы – FBI–ға бұған дейін жеті адам басшы болған. Аталған комитетке АҚШ-тың әр реткі президенті баса мән беріп келді. Өйткені,  ел басшысының ғана емес,  елдің түбірлі мүддесіне жұмыс істейтін аса маңызды орынға кім-көрінген басшы бола бермейтіні анық.

Қалай десек те, Комидің кенеттен мұнай күйге түсуі жеңіл-желпі іс емес. Біз сөз етіп отырған бас кейіпкер, баяндама жасап тұрғанда өзінің жұмыстан босатылғанын естігенде тек қана «мырс» етіп күліп қана қойыпты. Сол арада болғандардың айтуынша баяндамасын жасап болып, жұмыс орнына қоңырау шалып істің анық-қанығын сұрастырып біліпті.

FBI мен оның басшысы жайлы әңгіме жақында біте қоймасы анық. Дегенмен,  Трамп саясат әлеміне келуіндегі мақсаты әлемді таңқалдыру ғана болса керек. Оның әрбір қадамы мен айтқан сөзі,  берген бұйрықтары түрлі ақпарат құралдарының таусылмас тақырыбына айналып отыр.

Әділет Ахыметұлы

"The Qazaq Times"