Соңғы жылдары елімізде су тасқындарының көбейгені соншалық етіміз үйрене бастаған сияқты. Әрине апат айтып келмейді. Десек те оның алдын алып, әрекет етуге болады. Мемлекет бюджетінен миллиондаған қаржы шығындалып жатқаны да белгілі. Бұл онсызда қарызы көп мемлекеттің шығынын көбейтпесе азайтпайды. Ендеше ең ірі cу тасқындары ел экономикасына қанша шығын әкелгенін есептеп көрейік.

Соңғы 7 жылда қазақстандықтардың есінде қалған ең ірі су тасқыны Алматы облысының Қызылағаш ауылында болды. Бүтін ауыл бір түнде қара жамылды. Нақты ақпаратқа сүйенсек 37 адам қаза тапты. Із-түссіз жоғалғандары да бар деген ақпарат бар. Сол кездегі Қазақстан үкіметі республикадағы өңірлерден 50 млн теңге бөлінетіні туралы хабарлады. Бұдан бөлек ұлттық компаниялардан қосымша 500 млн теңге жиналатынын мәлімдеді.

Осыдан соң 2010 жылдың 15 наурызында Алматы облысындағы су тасқынынан келген шығынның орнын толтыру үшін 599,8 млн теңге бөлінді. Оның 499,8 млн теңгесі Қызылағаш ауылының тұрғындарына көмек көрсету үшін жұмсалса, шамамен 100 млн теңге жаңа үйлер салуға жұмсалатын болды. Дегенмен бұл қаржы жеткіліксіз болған. Себебі үкімет басшысы дәл бір айдан кейін қираған ауылды қалпына келтіру үшін шамамен 4,7 млрд теңге бөлу туралы тапсырма берді.

Ал 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шекті. Облыс бойынша төтенше жағдай жарияланды. Жауын-шашынның көп болуы салдарынан өзендердің суы арнасынан асып кетті. Салдарынан облыстың екі ауданына зиян келіп, үкімет 870 млн теңге қаржы бөлді. Ал Атырау облысы судан азап көрген халыққа 10 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

2012 жылы «айтып келмейтін апат» Оңтүстік Қазақстан облысына жетті. Осы жылы толассыз жауған жаңбыр салдарынан және күннің бірден жылынып кетуінен облыстың 9 ауданында су тасып, халық жапа шекті. Келген шығын шамамен 1 млрд теңге деп есептеліп, республикалық бюджеттен 713 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, сол кездегі мәжілісмендер өздерінің бір күндік жалақыларын тасқыннан залал шеккендерге көмек ретінде аударатындарын мәлімдеді.

Оңтүстік Қазақстандағы судан келген шығын мұнымен тоқтап қалмады. 2013 жылы облыстың Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан келген шығын 201 млн теңгені құрады.

Ал 2014 жылы қара судың қарқыны Қарағанды облысының Көкпекті ауылының жартысын шайып кетті. Бұл елдімекендегі шығын 87,6 млн теңгені құрады. Шығынның 7 млн теңгесі демеушілерден жиналса, қалған қаржы қала бюджетінен берілді.

Бұл аймақтағы апат мұнымен тоқтаған жоқ. 2015 жылдың көктемінде су тасқынынан Бұқар жырау, Нұра аудандарында көпірлер құлаған. Сол жылдың наурызынан бастап аталған облыс өңірлерінде 67-ге жуық су тасқыны оқиғасы тіркелген. Судан зардап шеккен аймақтарға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге, республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.

Ал сол жылы Алматыда шілденің аптап ыстығында болған сел кімге болса да тосын жағдай болды. Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарғалы және Қарағайлы елдімекендерінде аномалды ыстыққа байланысты балшық ағындары жергілікті өзендердің сағасын жауып, өзендер арнасынан тасыды. Қала әкімдігінен селден зардап шеккен отбасыларға 200 мың теңге беріліп, 100 айлық есептік көрсеткіш (2015 жылғы 1 АЕК – 1982 теңге) шамасында базалық өтемақы төленетін болды. Бүлінген аймақтарды қалпына келтіруге 2 млрд теңге бөлінді.

Биыл болса тілсіз жаудан тағы да Қарағанды облысы зардап шекті. Бұдан бөлек Ақмола Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына залал келді. Қазіргі кезде аймақтардан шамамен 6 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қанша шығын келгені әзірге белгісіз.

Сонымен біздің болжалды есебіміз бойынша соңғы жылдары су тасқынынан Қазақстанға кемінде 11,2 млрд теңге шығын келген. Бұл тек бюджеттен төленген шығын. Ал әр облыстардан келетін гуманитарлық көмек ті есептер болсақ шығынның бұданда көп болар белгілі. Табиғаттың мұндай «тосын мінезін» бірі табиғи апат деп түсінсе, енді бірі билікті кінәлайды. Дегенмен  Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өңірлердегі гидротехникалық нысандардың жағдайы мәз емес екенін айтқанымен, қауіпті нысандарға түбегейлі жөндеу жүргізбеу жыл сайын судан келетін шығындарды көбейтіп отыр. Жылда "төтенше жағдайларға дайынбыз" деп есеп берілсе де апат жылдан жылға қайталана береді. Ал құзырлы орындардың мұндай "құрғақ" есебінен гөрі апаттың алдын алу үшін істеген жұмыстары неге көзге көрінбейді? Бюджетен бөлінген осыншама қаржының қайда жұмсалғаны, нәтижесінің қандай болғанынан қадағалайтын құзырлы орган бар ма? Мемлекеттің ақшасы осылай суға "ағып" кете бере ме?

Апаттың өзімен емес, салдарымен күресуді қашан үйренеміз?

 “The Qazaq Times”