Қ.Тоқаев былтыр Қаңтар оқиғасын алғашқы күндерден бастап «террористік шабуыл» және «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс» деп сипаттады. Сол кезде Тоқаев «Алматыға 20 000 террорист шабуыл жасады» деген ағылшынша твитін көп ұзамай өшіріп тастады. Былтыр сәуірде америкалық The National Interest журналында шыққан мақаласында Тоқаев Қаңтар қырғынын терроризм немесе билікті күшпен басып алуға талпыныс деп сипаттамады.
Содан бері бір жылдан аса уақыт өтті. Алайда саяси режим былтыр қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласына шетелдік және жергілікті террористтер шабуыл жасағанын дәлелдейтін фактілер келтіре алмады.
24 сәуірде Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тоқаевтың Қаңтар оқиғасын «мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы» деп көрсететін нарративін қуаттайтын шешім шығарды. Соттың шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) экс-төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Ол «мемлекетке сатқындық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» және «қызметін асыра пайдаланды» деген баптар бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыса алмайтын болды. Мемлекетке 10 млрд теңге мен 24 млн доллар өндіріліпті.
Сонымен қатар, К.Мәсімовтің орынбасарлары А. Cадықұлов 16 жылға, Д.Ерғожин 15 жылға, М.Осипов 3 жылға сотталды.
«Мәсімов және орынбасарлары ісі» бойынша сот жабық өткендіктен, Қаңтар қырғыны ашық әрі толық зерттелмегендіктен, соттың шешімі жайлы пікір білдіруге ақпарат жеткіліксіз. Ал жазаға қатысты құқықтық бағаны заңгерлер бере жатар.
Саясаттанушы ретінде айтар болсам, былтырдан бері Мәсімовті Қаңтар оқиғасын басты ұйымдастырушы ретінде меңзейтін саяси коммуникация тактикаларына куә болдық. Мәселен, былтыр экс-президент Н.Назарбаев журналистердің Мәсімовтің ұсталуына қатысты сұрағына «Иса пайғамбар жанындағы Иуданың сатқын екенін біліп пе еді?» деп жауап берген еді. Сондай-ақ журналист Гульнара Бажкенова былтыр 3 қаңтарда Ақордада Қ.Тоқаев пен К.Мәсімовтің жеке күзеті арасында шайқастан кісі өлімі болды деген мәлімдеме жасады. Ақорда мен ҰҚК ол мәлімдеге еш реакция білдірмеді. Одан бөлек ел арасында Мәсімов Тоқаевқа 25 млн доллар тиелген ұшаққа отырып, Ақорданы тастап кетуді ұсыныпты деген әңгіме көп тарады.
Менің ойымша, келесі үш сұраққа нақты жауап берілмей, Қаңтар қырғынының шындығын ашуға алғашқы қадам жасалды деп айтуға келмейді:
1.Қ.Тоқаевтың ҰҚШҰ (ОДКБ) әскерін Қазақстанға шақыруына және «террористтерді» ескертусіз атуға бұйрық беруіне не себеп болды?
2.Қаңтар қырғыны кезінде Қауіпсіздік кеңесі төрағалығы Назарбаевтан Тоқаевқа қалай өтті?
3.Қаңтар қырғынының алғашқы күндері Назарбаевтың немере інісі С.Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен не себепті шеттетілді және оның «Мәсімов және оның орынбасарлары ісіне» қатысы тексерілді ме?
Ең бастысы, көпшіліктің көз алдында «Иуданы» жазалау кем дегенде 238 адамның өлімінің құпиясын ашуды және олардың өліміне жауаптыларды құқықтық және саяси жауапкершілікке тарту мәселесін азаматтық қоғам жадынан өшіруге қызмет етпеуі керек.