Қазақтар туралы барлық зерттеутілердің айтуынша да, барлық географиялық нұсқауларда да; қазақтар мұсылмандар, бірақ шамандық ырым, сенімді де ұстанды. Олар мұсылман дініне табынумен қоса шамандық нанымдарға да иланады. Бұл пікірлер шындыққа келеді, дегенмен олардың шамандығы (бақсылығы) неден тұрады? Бірақ, өкінішке орай, қазақ арасындағы шамандық, бақсылық жөнінде әр түрлі мерзімді басылымдарда[1] мақалалар жарық көргенімен, осы жай туралы әлі күнге дейін ешкім егжей-тегжейіне жетіп жазған емес.

Жалпы, шамандық дін ретінде, дін ілімі тарихында, әлі арнайы зерттелмеген тақырып болып саналады. Бір кезде бүкіл Алдыңғы Азия халықтарының ортақ діні болған, қазір де дараланған дін саналатьн шамандықты ең алгаш жүйелі түрде, жақсы зерттеген марқұм Банзаров еді. Банзаровтың «Кесапат сенім немесе монғолдардың шаман дініне сенуі» («Черная вера или шаманство у монголов») атты зерттеуі шамандық туралы ең құнды да, жеке-дара, теңдесі жоқ еңбек болып саналады. Осы шығарма соншалықты құнды болғанымен, бұл еңбекті шамандық туралы толық дүние деп айта алмаймыз, біздің осы пікірімізді Банзаров мақаласы атының өзі-ақ айтып тұр: буддист — монғолдардағы шамандық туралы очерктер. Банзаровтыд өзі де былай дейді: «...өздерінің ескі наным-сенімдеріне жеркенішпен қарайды және ол наным-сенімдерді көзі ашық — салауатты адамның айналысатын ісі деп санамайды». Біздің ойымызша, осы жағдай өте маңызды. Себебі, Банзаров өз очерктеріне деректерді ламалардың ерекше кітаптарынан жинаған, буддизмге лайықтаған шамандардың дұға, намаздарынан алған. Мысалы, оба тұрғызғандағы дұға, ырымдары, отқа табынып дұға оқу, қойдың жауырынына қарап бал ашу, тағы сол сияқты — бәрі жаңа діни ағымға байланысты өзгергенін көрсетеді. Бұл, оба құрылысы жөніндегі шығармалардың авторларына бағыштап Варджрадарка Мэгрэн өз сөзінде. «Ондай кітаптарды құрастырудың өзі барып тұрған ұятсыздық[2], ең кемеңгер деген адамның өзіне жағымсыз, бірақ оба тұрғызушыларға қарсы тұру мүмкін емес». Будда діні озінің ырым-салтымен, мифологиялық салтанатты мол мұрасымен, қарапайым шамандық рух пен әдет-ғұрыпты ығыстырып тастауға тиіс еді. Miнe, осы тұрғыдан, демек, шамандық салт-сана жағынан, бақсы-балгерлік (шамандық демонология) жағынан, менімше, моңғолдарға қарағанда, қазақтар анағұрлым мол мұраға иелік етіп отыр. Meн бұл сөзіммен, моңғолдарға қарағанда, қазақтарда шамандық та­за күйінде сақталды деуден аулақпын, керісінше, қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ — мұсылман атты дінді құрайды. Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла менТәңіріге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса. жын-перілерімен қоса мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып үстаған.

Екі дінге бірдей табыну осы күнге дейін жалғасты. Енді ислам діні мен орыс цивилизациясы далаға жеткенде, татар фанатиктері тәрбиелеген сауатты жеткіншектер ертедегі бабалар діні — шамандықты жек көре қарап, бақсыларды көрген жерлерінде қуғындап, олардың ойынына, зікір салуына тыйым сала бастады.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан көріп отырсыздар, осы екі діннің, қазақ нанымында мидай араласуына, ертеден келе жатқан шамандық дін негіз болды демекпіз.

Діни жетекші — молдасыз, сауатсыз халық арасында мұсылман діні ойдағыдай тамыр жая алмады, ислам дінінің әуезді дыбысы мен түсініксіз сөздер тізбегі астарында шамандық салт-сана қалып қойды. Сондықтан да, діни атаулардың аттары, терминдер ғана өзгерді, ал негізгі шамандық туралы түсінік — ол сол баяғы қалпында қалды. Онгонды —аруақ[3] деп атады, көктәңірін — Алла немесе құдай, жер рухын — шайтан, пері диуана және жын деді, бірақ, одан халық санасындағы шамандық идея бұзылмады. Тіпті, бақ- сылық ойынның озінде тірі сурет, шамаидықты бейнелеу жатады. Солай болғанымен, шамандықтың негізі, мұсылмандық — ортақ құдайға табынушылықтың күшінен шайқалып-ақ қалды. Алла деген жаңа идеямен, сеніммен бұрын құдіретті болған аспан-көк астасып, сол кезде екінші қатарға шығып қалған құдіретті тәңірі бейнесі де, әсіресе, тағы сол сияқты санаға сіңіп кеткен бейнелер де, мысалы, жердің жансыз құдайлары — дзаягачи да ұмытылып кетті. Мүмкін, ислам діні алғаш келгенде, шамандық дінінін көп құдайлары мұсылмандар жек көретін пұттар ретінде санадан аласталған да болар. Сондай-ақ, мұсылмандыққа дейін табынып келген: күн, ай, жұлдыздар жаңа ислам идеологиясы тарапынан дәріптелмесе де, осы күнге дейін құрметтеліп, елдің әдет-ғұрпында сақталып қалды. Барлық шамандың салт-сана, аңыз-әңгімелер көшпелілердің тұрмысымен тікелей байланысты болғандықтан, қазақтарда бақсылықтың қаймағы бұзылмаған, сондықтан да Орта Азияның өткенін зерттеуге қажет деректерді молынан кездестіруге болады.

Біздің ойымызша, Банзаров шамандықтың негізгі жақта­ры жайлы тіптен дұрыс шешімге келе алмаған, немесе оның идеясын толығымен, кең ауқымда қамтымаған.

Адамның өзі де табиғат әсерімен өмір кешсе, шамандық нанымдарда да, жалпылай, не біржақты табиғатты қадірлеу бар екенін байқауға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, шамандық барып тұрған материализм болып саналады. Ал, басқа жағынан алып қарағанда, шамандық нанымдағы: о дүниелік адамның рухы — жаны мәңгі жасайтыны туралы түсінік тағы бар, демек, бұл барып тұрған — спиритуализм. Жалпы, өте тапқыр идея және өте тамаша ойлап табылған, оның тамашалығы да сонда, адам мифологиялық жағынан алжаспайды, қоғамдық талқыға, қоғамдық заңдарға барынша еркіндік береді. «Табыну — таңданудың аса биік түрі»,— дейді, Карлейль, біздіңше, пұтқа табынудың шығу тегіне шамандық толық түсінік береді. Табиғат және адам, өмір мен өлім саналы ұғымға тіптен түсініксіз, таңғажайып құпия құбылыс болып келеді. Табиғат пен адам! Өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? Әлемнің таңғажайыптығын тану, ұғу қажеттілігі, адамға қатысты өмір мен өлім мәселесі, және табиғаттың құпиясына деген құштарлық шамандықты туғызды, Шамандық дегеніміз  – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау. Ертедегі адамдардың нәресте пәк көңіл-санасы күнді, айды, жұлдыздарды, мәңгілік өзғерістегі бүкіл жарық дүниені құрмет тұтты, осыларды біз табиғат немесе әлем дүниесі деп атадық. Көк тәңіріне табынатын шамандық туралы тамаша түсініктемені біз, Карлейльдің жауабынан табамыз: «Ақиқат сіз жақта, есіңізде ме, Платонның мысалға келтірген адамы; қараңғы үңгірде туып, ержеткен ол, жарыққа шыққанда... мына гүл жайнаған жасыл алқап, таулар, сылдырап аққаы бұлақтар, жарға соққан теңіз толқындары, көк аспанның шексіз күмбезі. ысқырып соққан жел, біресе нөсерлетіп, бұршақтатып ұрып, найзағай жарқылдатқан қара бұлтты аспан — бұл не ғажап?! Ал, енді тағы бір құпия — ол уақыт: ең жоғарғы құпияның құпиясы... мына жалпақ әлем... О құдіретті тәңірім! Бұл не деген күш — таным ауқымына келмейтін не деген тосын күш! Барлық күштің түп тамыры да — тосын күш, тек қана біз емес!»

Шамандық діндегі адам құдіретті күн нұрына қарап таңданды, осыншама жарықтың құпиясына түйсігі жетпей табынды, қара аспанға нұр сепкен айды көріп те табынды. Ертедегі адам табиғаттың барлық құбылысына мінажат етті, өзінің ұғымы жетпейтін, уақыт сияқты мәңгі, түсініксіз күштердің бәріне бас иді, көк аспанды — көк тәңірі,— деп атады. ІІІамандық сеиімнің дүниеге келуі — жалпылай немесе жекелей табиғатты қадір тұту, қастерлеу болып саналады.

Табиғаттың енді бір ғажабы — адамның өзі. Сол қабілетті тірі жан, ол ойлай алатын, жан-жағына бағдарлай, сынай қарайтын жаратылыс кереметі. Аңғаруға, түйсінуге келмейтін табиғат күштері болмысының өзі құдай деген құдреттің дүниеде барлығы емес пе? Адам шаман бейнесіндегі тірі рухқа және аруаққа (онгон) табынды. Күнделікті өмірде, табиғаттың адамға әсері, әсіресе адамның алғашқы пәк- көңіл, нәресте кезінде, қатты ықпал етті. Сондықтан да, адам өзін қоршаған жаратылыстың түсініксіз құбылыстарына арналған — өмір сүру ережелерін ойлап табуға мәжбүр болды. Табиғаттың түсініксіз құбылыстары кезінде сол ереже- заңдарды басшылықа ала отырып, әр түрлі тосын жағдайларда қалай әрекет етудің құралы есебінде қолданды. Ертеден келе жатқап әдет-ғұрып, салт-сананың қайнар көзі, қазір біз шамандық — ескі наным ден атап жүрген, кезінде, бүкіл халық табынған нағыз дін еді.

Сонымен, шамандық сенім о баста жалпы — ортақ кок аспан идеясына, ал жекелен күн, ай, өзен-су, т. б. жаратылыс таңғажайыптарына негзделді, демек, табиғатқа бас иді.

Кейбір жақтары фетишизмге де ұқсайды бірақ бақсылық өзінің негізгі идеясы, мазмұны жағынан, дөрекі, ұсақ адорациялық[4] – бас ию ағымынан алыс жатыр. Алғашқыда, табиғаттың құдіретті күштеріне теңеу арқылы, сол құдіретті бейнелеу, әрине, адам санасында тәңірі кейінірек дүниеге келді, оның айғағы, тәңірі сөзінің өзі бағзы замандарда — көк-аспан деген сөздің баламасы екені белгілі. Банзаров тауып айтқандай, шамандықта зороастризм дінінің әсері бар. Хормуздағы о бастағы көкке мінажат қып, отқа табыну да ертеден шамандықта болуы мүмкін еді, бірақ бұрынғы оңтүстік иран мен солтүстік арабиядағыға қарағанда, анағұрлым ырым-жораға бай салт-сана негізінде құрылды. Аспан-көкте мекен еткен құдіретті күштің адамға әсері туралы шамандық қандай түсінікте еді? Шаман дінінде өлген адамның аруағы тәңірге тәуелсіз құдіретке ие болады, сол себепті, көк-әлем билеушісінің қуатты күші тек тірі адамдарға ғана әсер етеді. Сондықтан, оларда христиандардағы күнә идеясы болмаған; жер бетіндегі жақсылық пен жамандық, бақыт нен бақытсыздық тәңірінің құдіретінен, ал рақат пен жаза күнәнің артын ала жүреді — бұл шамандық нанымдағы түсінік.

 

[1] “Библиотека для чтения”. Шмаанство у народов Средней Азия. Ястребов. Киргизские шаманы, Москвитянин”, (1852. № 8), и статья Воронова, кажется, в “Библиотеке для чтения” (Уәлиханов ескертпесі).

[2] Жаңылыс кеткен: Ұятты деп оқу керек.

[3] Аруақ – бабалардың жебеушілік, қолдаушылық құдіреті. Аруақ – рух деген сөз.

[4] Адорация – (лат.) бас ию, құрметтеу.

Аударған Самат Өтениязов

“Шоқан Уәлиханов таңдамалы”, Алматы, “Жазушы” 1985

«The Qazaq Times»