Сонымен, АҚШ және оның батыстық одақтарының Бейжің мен Мәскеуге қысымы күшейіп тұрған тұста, Қытай мен Ресейдің сыртқы істер министрлері бас қосып, бірлескен мәлімдеме жасады. Олар бұл мәлімдемесі арқылы Батыс елдері алға тартқан адам құқығы мен демократия құндылықтарына да өз нұсқасымен қарайтынын, ендігі жерде халықаралық ережелерге де өз нұсқаларын ұсынатынын көрсетті. Сарапшылар Мәскеу мен Бейжің Батысқа қарсы стратегиялық бәсекеге дайындалды деп болжауда.

Гуйлиндегі бас қосу

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров пен Қытай сыртқы істер министрі Уаң И Қытайдың Гуилиң (Gui Lin) қаласында бас қосқан.  Жаһандық күрделі саяси жағдайдағы тарихи кездесуге Гулиннің таңдалып алынуы да символдық мәнне ие. Бұл қала кезінде Қытай-АҚШ, Қытай-КСРО қатынасының тарихи ескерткіші деуге болады. Жапонияға қарсы соғыста АҚШ әуе күштері осы қаланы әуе база еткен, кейін оны Кеңес одағы да пайдаланған. Енді міне осы арада Мәскеу мен Бейжің СІМ жетекшілері ортақ мәлімдеме жасап, АҚШ бастаған батыстық күшке қарсы біріккенін байқатты.

Осыдан аз ғана бұрын Қытай делегациясын бастап барған Уаң И Аляскада Байден үкіметінің жоғары жетекшілерімен кездескен. Кездесудің қалай болғаны белгілі. Тараптар бірін-бірі аяусыз сынап, салқын сөйлеп, сырт тартып тарасқан. Содан кейін бірден Лавровпен кездесуі әрине дипломатиялық мәнге де ие. Бірақ, бұл кездесу ертерек жоспарланған.

Ең қызығы орыс-қытай сыртқы істер жетекшілері кездесіп жатқанда орыс баспасөзі шулап қоя берді. Олар Лавровтың Қытай сапарын Батысқа қарсы, әсіресе антиамерикалық бояуы бар деп түсіндірді. Лавров пен Уаң И арасындағы кездесу туралы пікір білдірмеген ресейлік ақпарат құралы кем де кем болар. Басым көбі екі ел министрлерінің кездесуі Мәскеу мен Бейжіңнің Батыспен мәмілесі ортақ қиыншылықтарға тұс келіп тұрған кезге тура келгеніне баса назар аударыпты.

Әрине, Мәскеу де, Бейжің де Батыспен қарым-қатынасы ең нашар күйде тұрғанын біледі, сондықтан да орыс-қытай арасында қатынастардың жаңа формасын орнатуға талпынатынын орыс ақпарат құралдары өрекпуден бұрын болжанған. Сайтымызда да осы тақырыпта сан мәрте болжамдар айтылған. Бұл арада соның бірқатарын қайталауға, кейбір жаңа сұрақтарға жауап іздеуге тура келеді.

Болжауды-болжаусыз орыс-қытай одағы

Бұған дейін Мәскеу мен Бейжіңнің одақтасуына кедергі бірқатар мәселелер төңірегінде жазған едік (мына сілтемеден қараңыз: https://qazaqtimes.com/article/81774 ). Оларды ынтымақтасуға итермелеген факторларды да атап өткеміз (мына сілтемеден көре аласыз: https://qazaqtimes.com/article/84400 ).  Бұл арада болымды және болымсыз орыс-қытай одағы туралы кейбір жаңа дәйктерді ғана айтып өтелік.

Анығында, көптеген сарапшылардың пікірлерін ескерсек, территориясы шекаралас, ішкі амбициясы күшті және кереғар екі алпауыт өздігінен тонның ішкі бауындай одақтасу мүмкіндігі аз еді. Бұған тарихи факторлар да көп әсер етеді. Қытай мен Ресей ортасында ең алғаш 1689 жылы «Нерчинск бітімінен» тартып, одан кейінгі «Айхуэй келісімі» және «Бейжің келісімі» секілді келісімдер дерліктей қытайлар тарабынан теңсіз тарихи шарт саналып келеді.  Оларда өзінің әлсіз кездерінде Ресей теңсіз шарттармен мүдделерін кері ысырды деген түсінік бар. ҚХР құрыла салып Мау Зыдоң (Мао Цзэдун) салып ұрып Мәскеуге барып Сталин тарабынан еленбей қалуы, кейін Кеңес одағы ұсынған шарттарда шекара аттаған мүмкіндіктерді талап етуі осының бәрі орыс-қытай қарым-қатынасының тарихына жазылып қалған.

Бұдан тыс Ресейдің ішкі факторлары да екі елдің одақтасуына мүмкіндік бермейді. Қарапайым ресейліктер де Қытайға деген сенім аз. Оның үстіне, Ресейде Еуропаға ұмтылуды, қазіргі қайшылықты жойып, Батысқа бет бұруды қолдаушылар да бар. Ал, Қытайдың күшеюі Ресейдің территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтыған ұлттыұқ мүддесіне ұзақ мерзімдік қатер төндіреді деген алаңдаушылық Мәскеу билігінің көкейінде қоңыраулатып тұр.

Шетелдік сарапшылар Қытай мен Ресейдің бұл қадамдарын әлі де түбегейлі одақтастық деп санамайды. Айталық, Батыс Мичиган университетінің профессоры Ван Юангаң Қытай мен Ресей ортасындағы саяси-әскери ынтымақтастықтың артып келе жатқанын мойындайды, бірақ Мәскеу мен Бейжің әлі одақтас болу деңгейіне көтерілген жоқ деп қарайды. Бұдан бір күн бұрын профессор Ван VOA агенттігіне берген пікірінде: «Екі елдің одақтасуына шарт-жағдай толық пісіп жетілген жоқ. Бұл ара да ортақ мүдде бар ма, жоқ па, мәселе сонда. Себебі, ортақ мүдденің болуы тұрақты одақтас болудың алғы шарты», – деген екен.

Оның айтуынша Қытай мүдделерді ортақтастыра отырып одақ болудан көрі, серік болуды талдағысы келеді. Былайша айтқанда Бейжің үшін қазір Мәскеумен одақ болудың уақыты келген жоқ. Қазірге дейінгі әлемдік тәжірибеден алып қарағанда одақ болудың екі түрі бар. Біріншісі – ортақ шарт жасасу арқылы одақ құру, екіншісі – түбегейлі ортақ мүддеге ие болған жағдайда ешқандай шартсыз табиғи одақ қалыптасуы (мысалы АҚШ пен Израиль секілді).  «Одақтың келісімі бар ма, жоқ па, маңызды емес, – дейді Ван, – маңыздысы –  екі елдің ортақ мүдделері бар ма. Екі елдің мүдделері ортақтасса АҚШ пен Израиль сияқты келісімсіз тұрақты одақ бола алады.  Қазіргі уақытта Қытай да, Ресей де АҚШ-тың санкция қысымына ұшырады. Сондықтан халықаралық саясаттағы күштер тепе-теңдігі тұрғысынан екі тараптың интеграциясын осындай күйге келді», – дейді.

Орыс-қытай одағы туралы пікірінде Нью-Йорк Сити университетінің профессоры, саясаттанушы Шя Мин мынадай ойын айтады: «Анығында, Қытай-Ресей одағы интеграциясы 2001 жылдан бастау алады. Сол кезде Қытай мен Ресей стратегиялық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойған болатын, сонымен қатар біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын қытай-орыс одақтастықтарының алаңы және маңызды базасы ретінде көре аламыз. Бұл Еуразиядағы авторитарлық елдерді, Ресей, Қытай, Иранға қоса Түркия мен Орталық Азиядағы бұрынғы кеңестік елдерді өзіне қамтып отыр. Демек бұл арада сабақтастық та, жаңа идея да бар. Дегенмен, қазіргі мәнінен қарағанда, бұл Қытай мен Ресейдің АҚШ және оның батыстық одақтастарына қарсы тікелей қарама-қайшы бәсекелестік стратегиясына құрылып отыр». Шаңхай Ынтымақтастық ұйымы демекші Ресей мен Қытайдың одақтасуы бізді де өздерінің әлегіне ала кету қаупін көрсетіп тұрғандай. Себебі, америкалық саясаттанушы айтқандай, ШЫҚҰ орыс-қытай интеграциясының алаңы екені шын.

Қорыта келгенде:

Қорыта келгенде, Қытай мен Ресей арасындағы көзқарас шынымен де халықаралық саясат пен геосаясаттағы өзгерістердің нәтижесі болып табылады.  Дегенмен, орыс-қытай ортақ одақ құруы қазіргі жағдайда қиын. Бұған екі ел арасындағы сауда байланыстарының теңсіздігі де әсер етпек. Олар АҚШ долларына тәуелділіктен арылуды алға қойғанымен, қазірдің өзінде Мәскеу-Бейжің арасындағы шекара саудасының 48 пайызға жуық төлемі АҚШ долларымен жасалады. 17 пайызы юаньмен, 7 пайызы ғана рубльмен жасалуда, қалғаны еуромен. Бұның өзі шекара саудасына ұлттық валюталарды қолдану Ресей үшін тиімсіз екенін көрсетіп отыр.

Ресеймен түбегейлі одақ болуды Қытайда қаламайды. Батыс үрейленген және жазалап отырған Мәскеумен одақтасу Қытай үшін Батыстың қарама-қарсы жағына шығумен бірдей.  Ғылым-технологияны алға дамытуда Батыспен қарым-қатынасты үзу толықтай кері кетуге алып келмек. Қазіргі дамыған технологиялар арасында Ресейдің үлесі белгілі. Демек, Қытай мен Ресей түбегейлі одақ деңгейіне жетпей тұрып, Батыспен қайшылығын шешіп алғысы және олардың халықаралық тәртіптерінің жүйесін бұзғысы келеді. Тараптар мұны серіктестік деңгейде жүзеге асырғысы келеді. Алайда, қазіргі халықаралық жағдай қанша уақытқа созылары белгісіз. Бұл жаһандық геосаяси үйектену процесін жиілете түскендей. Есесін, Орталық Азиядағы әлі де тәуелсіздігін нық бекемдеп үлгірмеген елдер үшін ауыр сын алып келгелі тұр.

“The Qazaq Times”