Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Ұлы ақынның мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы комиссия құрылған. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазуынша, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды 500-ден астам іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланды. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізіледі өйткені: Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық. Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз.
Бұрынғы президент Н. Ә Назарбаевтың Абайдың 150 жылдық мерейтойында (1995ж.) сөйлеген сөзінде айтқан мына салиқалы ойы кімге болса да бағыт берері сөзсіз: «...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. ...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың».
Иә, расында солай. Қазіргі таңдағы жетістіктер мен өзгерістердің бірі арнайы пән ретінде мектеп оқушыларына арналған «Абайтану» ұғымының енгізілуі. Әсіресе орыс тілінде білім алатын оқушылар үшін өте тиімді. Абайтану пәнін Н.Назарбаев айтқандай айына, аптасына емес, балаларға күнде оқытылсада артық етпейді. Қүнде оқығанның өзінде Абайды толық танып, мұраларын зерттеп тани алмас. Себебі, оның шығармаларының шегі жоқ.
Жалпы мектептерге енгізілген «Абайтану» пәнінің мақсатына тоқталсақ: оқушыларға Ұлы Абай Құнанбаевтың шығармашылығын толық игерту, Абай поэзиясының құдіретін таныту, ақын шығармашылығын әлем әдебиетімен салыстыра білу. «Абайтану» пәнін оқушыларға пәнді игеру барысында алған білімдерін одан әрі тереңдете түсуге, Абай өлеңдерінің, қара сөздерінің, поэмаларының және көркем аудармаларының ішкі табиғатына талдай үңілу арқылы оларға ақын талантының көркемдік-эстетикалық мәнін игерту. Абай өлеңдерінің барлық жанрын саралау, поэмаларының көркемдік-идеялық табиғатын ашу, қара сөздерінің тақырыптық, тәрбиелік мәнін түсіну. Балалар осы пәннің арқасында, Ұлы Абайды танып, рухани-адамгершілік қасиетін бойларына сіңіріп өседі. Абайдың айтқан әр сөзі баланың болашағы үшін маңызы зор.
Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абайтану іргетасқа айналды» деген мақаласында бұл пән жайында былай деген болатын: ««Абайтану» пәні бұрындары мектептерде оқушылардың қалауы бойынша оқытылатын факультативті пән. Бұны да алға басудың бір көрінісі деп қарадық. Абайтану пәнінің жаңа бағдарлама бойынша оқулығы жазылып, хрестоматиясы даярланып, алдын ала даярлықпен ендірілсе жөн болар еді. Бірақ бұған күмәнім бар. Өйткені, біз абайтану туралы М.Әуезов ұсынған танымды түбірімен өзгертіп, кеңестік идеологияның талабына сәйкестендірген болатынбыз. Абайтану пәні мектептерге енгізілетін болса, оның оқулығы мен бағдарламасы болуы керек. Менің шамалауымша, сол оқулық пен бағдарлама бола қалғанның өзінде сол ескі сарыннан құтыла алмаған болар деп ойлаймын. Бұл жақсы бастама болғанменен Абай дүниетанымының өзекті желісіне айналған Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселе тағы да сөз етілмей, тасада қалатын тәрізді.»- деген пікірін баяндаған.» Мектептерде оқушыларға Абайтануды тек бір жақты пән ретінде қарастыру шын мәнінде аздық етеді. Оны жан-жақты зертеу, жобалау әдістері арқылы баланың бойына дарыту керек.
Сонымен қатар Абайтану пәнін бүгінгі күні орыс тілінде білім алатын мектептер үшін де оқытылады. Орыс мектептерінде оқушыларға Абай өлеңдері мен поэмаларын жалпылама, үстіртін жаттанды қылып үйрету жеткіліксіз. Оны бала бойына сіңіріп, оқыған шығармасының мағынасын тереңдетіп, сол нәрседен пайдалы азық алатындай қылып үйрету маңызды. Қоғамда ұлты қазақ, тілі мен мәдениеті басқа адамдар толып жүр. Әрине тіл білген жақсы, ал өз ана тілінде жақсы меңгерсе ол оданда жақсы. Басты мәселелердің бірі деп осыны айтуға болды. Орыс сыныбында оқитын балалар осы пәнді оқи отырып, Абай арқылы ұлттық менталитет пен әдет-ғұрыпты меңгереді. Оқушы Абайды сүю арқылы өз ұлтына деген сүйіспеншілігін аттыра түседі. Бұл пән орыс мектептерінде қазақ тілінде өтілсе оданда жақсы болар еді. Себебі, ақынның айтқан ұлағатты сөздерін басқа тілге аударылса ол тура мағынасын сақтап қалмайды. Қазақ тілінде бала оқыса, оның біріншіден қазақша сөйлеу мәнері артады, ал екіншіден ол сол сөздің мағынасын тереңірек түсінеді. Тағыда ескеретін жайт бұл пәнді балаға бір сарында пән жүзінде ғана емес, Абай туралы түрлі іс-шара, үйірмелер ұйымдастырып, қызықтыра алатындай өткізген тиімді. Өйткені, қызығушылық бала бойында үздіксіз жүретін процесс.
Келесі мәселелердің бірі деп айтатын болсақ. Ол жастар арасындағы ауескойлық. Мысалы, бүгінгі кейбір жасөспірімдер арасынада Абай атап өткен жайттар: шет елдерге еліктеушілік, ұрлық-қарлық, үлкендерді құрметтемеу, түрлі зиянкестерге тәуелді болу тағы да басқа мәселелер бар. Бұлардың алдын алу шараларынаң бірі деп мектептерде оқытылатын Абайтану пәні десек болады. Бұл пәнді балаға 9-ші сынып есейген кезінен бастап емес, 5-ші сынып жеткіншек жасынан бастап оқыту дұрыс секілді. Себебі, мектеп отбасыдан кейін баланы тәрбиелейтін орта. Сондықтан баланы жас кезінен, осы жайттарды еске отырып тәрбиелеген жөн.
Мектеп оқушыларының рухани-адамгершілігін арттыру мақсатында мектептерге неге Абайтану пәні енгізілді? Неге Фарабитану, Шәкәрімтану, Яссауитану деген пәндер енгізілмейді?- деген мұғалім, ата-ана тарапынан сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл сұрақ мәселенің нақ өзектілігінің бірі. Себебі, балалар Абайды танып, оның барлық нақыл сөздерін ойға тоқып, өміріне қажетті азық болатындай білім жинай алса, басқа ғалымдарды да сол жолмен жетік меңгере алуы сөзсіз.
Абайтану пәнін балаларға бақылау, әңгімелесу, тәжірибе әдістері арқылы сабақ жүргізген ыңғайлырақ. Әңгімелесу әдісінде барлық сынып оқушылары қатысады. Яғни, балалар Абайдың өмірін, өлеңдерін, поэмаларын, қара сөздерін, шығармаларын ортақ талқыға салып бір-біріне өз білгендері жайында айтып баяндайды. Бұл әдісті еркін әдіс деп айтсақ болады. Себебі, балалар бір-бірінің айтқан сөздерін тез ұғып, жаттап алады. Мысалы, кейбір балалар кітаптан оқығаннан немесе мұғалімнің сабақ түсіндіргенінен толық ұға алмай жатады. Осы әдісті мұғалім балаларға жүргізу арқылы келесі бақылау әдісіне көшеді. Мұғалім, әр оқушының жауап берген сөзіне, қаншалықты Абай жайлы білетінін, пәнде деген қызығушылығын немесе оқушылардығы бұрыс әрекеттерін байқай алады. Бұрыс әрекеттеріне мысалы: топ ішінде үндемей отыру, сұрақтарға жауап бермеу, өзін еркін ұстай алмау, ұялшақттық, тағы басқа қасиеттер жатады. Осы әдістерді жүргізу арқылы, мұғалім де оқушы да тәжірибе алмасады. Мұғалім өз тәжирибесін тек теория жүзінде ғана емес, сонымен қатар тәжірибе жүзінде де өз шеберлігін арттыра алады. Ал оқушылар үшін бір жағынан сергіту сәті болып есептеледі және бір-бірімен мәлімет алмасып білімдерін арттырады.
Абайдың өсиеті бір мектептің тәрбиесін құрайды десек қате болмас. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп ақын бекер айтпаған шығар, сірә. Білім ол терең тұңғиық теңіз, оның түбіне барып соғылатын жартасы жоқ. Абай «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек»- деп білімнің шесіздігін әр жағынан атап өткен. Абай өзі өмір сүрген заманнан бастап білім мен тәрбиенің құдіреттілігін айтудан жалықпаған. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» - демейдіме ақиық ақын. Білімді адам еш жерде жеңілмейді. Абай болашақтың, яғни қазіргі заманның қандай боларын сол кезде-ақ түсінген. Шынымен де қазіргі замманда білімің болмаса, өмір сүруіңде қиын емеспе? Жақсы жерде жұмыс істеу үшін тек жоғарғы білімің болу керек деген заман талабы бар. Абай тағы бір өлеңінде «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» - деген. Естігенде ойымызға әр түрлі нәрселер келеді. Негізі надан адам жайында айтқан, біреудің көлеңкесінде күн көріп, біреудің нанын ұялмай жейтіндер жайлы. Бұл сөздер балаларға үлкен өнеге береді. Біреудің емес, әр қашан өз ауыртпашылығыңды тек өзің ғана көтеріп, өздігінен өз мұратына жетуге дағдыландырады.
Абайтану пәні оқушыларға түсінікті әрі қызықты өткізілуі үшін әр сыныпта осындай сабақ жоспарлары бекітілуі шарт: Абайтану пәні 9-сынып оқушыларына Абайдай ұлыны терең танып, оның тағлымын бойына сіңіруі керек. Қазіргі күнде білім беру жүйесінде инновациялық технологиялар енгізілуде. Абайдың данышпандығын терең тану үшін, әр курсты қызықты өткізу үшін сабақта ақпараттық коммуникативті технологияны жиі пайдалану маңызды. Интернет желісінен «Абай» атты фильмнің 1, 2, 3, 4 бөлімдерін тамашалау керек. «Абай» сайтынан ғалымдардың пікірлерін талқылау. Абай өлеңдерінің мазмұны ашылып, философиялық ойларды зерттеу, қара сөздері талқылау. Оқушылар өлеңдерді мәнерлеп оқу шеберлігі мен дағдыларды меңгеруі.
Ал 10 -11 сынып оқушылары ақынның шығармашылығындағы тұлға болмысы, қоғамдық - саяси, қара сөздері, аудармалары талданады. Бұл сабақта қазіргі заманға сай инновациялық технологияларды пайдаланылады. Сабақ жоба қорғау, семинар сабақ, баспасөз конференция сабағы түрінде өтіледі. Сонымен қатар, сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы оқушылар Абай өлеңдерінің мағынасын ашып, шығармаларын талдайды. Абайтанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерін интернет желісі арқылы ізденіп, талдау жасалады. Оқушылардың білімін тексеру мақсатында эссе, шығарма жазу, тест тапсырмалары беріледі. Оқу жылының соңында мектепте Абай оқулары өткізіледі. Оқушылар Абайдың өлеңдерін жаттап, бір-бірімен жарысады.
Абайтану ғылымындағы бүгінде көкейкесті болып отырған мәселелер не деген кезде, кеңес заманын¬да өз дәрежесінде айтылмай, ғалымдарымыз айта алмай келген дүниелерге барып тірелетіні анық. Абайды танудағы сондай өзекті мәселелердің бірі ол – кемеңгер ақынның ортасы, әдеби айналасы туралы сөз. Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін оның әдеби ор-тасымен, айналасымен байла¬ныста қарауға жол ашып отыр. Абайдың әдеби ортасы дегенде оны ақындық өнерге баулыған, рухани өсу жолында темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен тұлғаның өнеріне сусындап, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз. Әдеби орта ұғымын мейлінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, ба¬тыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста қарауға болады. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын нақтылап, тарылтып ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыру абайтану ғылымының көкейкесті мәселелерінің бірінен саналмақ. Бұл М.Әуезов сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы».
Абай өлеңдерінің дені Алла Тағала. Құранда «...адамнан ешнәрсе жасырмаңдар, оған бәрін айтыңдар» деген сөз болатын. «Махаббат пен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті»-дейді Абай. Абай адам баласына «бір-біріңнен байлық пен емес, ақыл мен озыңдар»- дейді. Осылайша Абай сол заманнан бастап өскелең ұрпаққа өнегесін айтқан.
Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері алдыңғы толқыны ғана. Де¬мек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды.
1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па?» деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдары¬нан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласы¬на ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады.
Абайдың, қара сөздері мен өлеңдері өткен заманда шыққаннан бастап Абайтанудың негізі қаланған болаты. Сол кезден бастап, бұл ғылым тек дамып, жетіліп келе жатыр. Тек сол замандағы Абайтанушы ғалымдардың жазған мақалалары шеттетілгені өкінішті. Абайтанудың дербес ғылым болып көтерілуі М.Әуезовтың еңбегі десекте болады.
Қорыта келе Абайды осылайша толық танып білдік пе?- деген сұрақ туындайды. Ғалымның ешуақытта хаты өлмейді. Абайды өткен және осы заманғы ұрпақ осылайша ғылым төріне шығарып, өз ойларымен бөліссе, келесі ұрпақ оданда биік ғылым шыңына шығатын болады. Абайдың әр сөзі мен өлеңін алып саралайтын болсақ, әр қайсысы ұзын хикаяға толы.
Осы күнге дейін әр қазақ Абайдың бір өлеңін, бір қара сөзін оқымай жүрмеген. Келесі аға буын сол ізбен жүретінін осы мектептерге енгізілген Абайтану пәні арқылы көз жеткізе аламыз.
Пайданылған әдебиеттер тізімі:
1. Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,«Үш қиян» газеті, 20.08.2009
2. Кенжебаев Б. Әдебиеттер белестері. – Алматы,1986ж
3. «Абайтану» курсын оқытудың ғылыми – әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013.
4. Оразғалиева Б. Абайтану пәні //Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте - 2011
П.ғ.к., доцент м.а.Мамырбекова Г.А